Он сегізінші маусым сәтті аяқталды

 Шахмет Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық-драма театрының  он сегізінші маусымының шымылдығы әдеттегідей жылдағы дәстүр бойынша Қазақстанның Халық жазушысы Сәкен Жүнісовтің «Абылай» тарихи толғауымен жабылды.

  Ақмола мен Көкше жұртына ең алғаш 1996 жылы Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері – Ақтоқты» трагедиясымен  шымылдығын түрген Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ашылғалы ұлтымыздың мәдени-дәстүрлі құндылықтары мен әдеби туындыларын сахна тілінде насихаттап келеді. Театр ұжымы республикадағы жетекші он театрдың бірі болып саналады.
Өнер ордасының репертуарында ұлттық және әлемдік классика мен заманауи драматургия орын алған. Өнер ұжымы ашылғаннан бері театр сахнасында 100-ден астам спектакль қойылып, өз көрерменін тапты. Биылғы маусымда театр труппасына Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетін тәмамдаған төрт жас актер келіп қосылып, еңбек етіп жатыр. Қазіргі уақытта Қазақстанның мәдениет қайраткерлері Қайрат Мырзаболатов, Төлеубек Көңбай, Жарас Қалдаров, Жанар Құсайыновалар сияқты дарынды актерлер бастаған 32 өнер майталманы қызмет етуде. Театрдың көркемдік жетекшісі – Фархадбек Қанафин.
Ұлт жанашыры Марал Жақыпова басшылық жасайтын ұжым он сегізінші маусымда көрерменге Ж.Ерғалиевтің «Жан шырылы»,  Б.Әлімжановтың «Біржан салдың шідері» лирикалық драмаларын, Т.Нұрмағамбетовтің «Бес бойдаққа бір той» комедиясын, И.Зайниевтің «Люстра» спектаклін, Е.Төлеубайдың «Алдаспан» тарихи драмасы мен балаларға арналған Г.Андерсеннің «Қар ханымы» ертегісін ұсынды. Сондай-ақ, Наурыз мейрамы мен Жаңа жылға арналған «Тамаша» ойын-сауық кештері де көрермендерден жақсы баға алды. Қашан да жастарға қолдау көрсетіп, жол нұсқайтын театр ұжымы Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының бесінші курс студенті Еркебұлан Қабдолдың дипломдық жұмысын сәтті қорғап шығуына атсалысып, Т.Жандәулетовтің «Жұбайлар саудасы» спектаклін жоғары деңгейде сахналап берді. Биылғы маусымда өнер ұжымының басты жаңалығы – Қазақстан Республикасының халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың халқымыздың біртуар перзенті, қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің ел үшін сіңірген еңбегі кеңінен суреттелген «Алдаспан» драмасы премьерасының сәтті сахналануы. Қойылымды тамашалауға келген зиялы қауым өкілдері театр ұжымы актерлерінің  рөл сомдаудағы шеберліктеріне тәнті болып, жоғары баға берді.
Өнер ұжымы он сегізінші маусымда Қызылорда қаласында өткен Сәбира Майқанованың 100 жылдығына арналған республикалық фестивальге және Тараз қаласында өткен «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» атты театр фестиваліне қатысып, ондағы талғампаз қауымның зор қошеметіне бөленіп оралды. Сонымен қатар, Астана қаласындағы жоспарлы гастрольдік сапар барысында елордалықтар көкшетаулық өнер ордасының репертуар қоржынындағы «Абылай» тарихи толғауын, «Жан шырылы» трагедиясын және «Люстра» спектаклін тамашалады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар