Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Орманымыз от-жалынға оранбасын - АРҚА АЖАРЫ

Орманымыз от-жалынға оранбасын

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің «2015 жылы мемлекеттік орман қоры жерлерінде өрт қаупі бар маусымды белгілеу туралы» бұйрығына сәйкес облыста 10 сәуірде өрт қаупі маусымы басталған болатын. Осы орайда, әр адам орманда өрт қауіпсіздігінің ережесі мен санитарлық талапты бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын білуге тиіс.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 341 бабына сәйкес, үй маңындағы, саяжай мен бау-бақша учаскелеріндегі ағаштар мен талдардан өзге орман қорына кіретін немесе одан тыс ағаштар мен талдар отты ұқыпсыз пайдалану салдарынан өртелгенде кінәлілерге 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Айыппұлды төлемеген жағдайда түзету жұмыстарына жіберіледі немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айырады. Аталмыш учаскелердегі ағаштарды зиянды заттармен жойғандар, орманды қалдықтармен және қоқыстармен ластағандар үш жылдан сегіз жылға дейін бас бостандығынан
айырылады.
Өрт қаупі бар маусымда тазаланбаған орман учаскелерінде, шөбі қурап қалған жерлерде және ағаш түбінде от жағуға жол берілмейді. Ені кемінде 4 метр минералды жолақтармен белгіленген алаңдарда от жағуға рұқсат етіледі. Шоқты топырақпен немесе сумен сөндіру қажет. Орман маңында жанып тұрған шырпы мен темекі күлін тастауға болмайды. Сондай-ақ, аң аулау кезінде өртке себепкер болатын оқты пайдалануға рұқсат етілмейді. Жанар-жағар- май сіңген шүберектерді кез-келген жерге тастау өрт қаупін тудырады. Автокөлік пен трактордың моторы жұмыс істеп тұрғанда жанармай құюға болмайды. Сондай-ақ, техникаға жанармай құю кезінде темекі шегуге және отты пайдалануға жол берілмейді. Барлық жерде шөптесін өсімдіктерді өртеуге рұқсат жоқ.
Орманда жұмыс жүргізген мердігерлер  ағаш қалдықтарын тазалап, тез жанатын өзге де материал-
дарды жинап кетулері тиіс. Сондай-ақ, орманда жұмыс істейтіндер жанар-жағармайды арнайы орында жабық ыдыста сақтаулары қажет. Жарылыс жұмыстарын жүргізгенде оның орны мен уақыты жөнінде орман қоры учаскелерінің иелерін алдын ала хабардар етуі тиіс. Олардың қасында орман өртін сөндіретін құрал-жабдықтары болуы керек. Орманда орналасқан кенттер мен бөлімшелерде қызметшілер мен жұмысшылардан тұратын қоғамдық өрт сөндіру бірлестіктерін құру қажет.
Орманды күл-қоқыс, тұрмыстық және құрылыс қалдықтарымен ластауға болмайды. Бұл маңда қоқыс жағуға тыйым салынады. Жағатын орындар орман шетінен кемінде 50 метр, жеке өсіп тұрған жапырақты ағаштардан 25 метр қашықтықта бөлінеді. Қоқыс жағатын орынның айналасы қурап қалған ағаштардан, кесілген ағаш қалдықтары мен тез тұтанатын өзге де материалдардан тазартылып, 5 метр минералдандырылған жолақпен белгіленеді. Қуаңшылық кезінде қоқыс жағуға  жол берілмейді. Орман қоры аумағында нысандары бар жеке тұлғалар мен ұйымдардың басшылары, мәдени шаралардың өткізілуіне жауапты тұлғалар демалушыларға отқа абай болуларын ескертіп, өз мамандарына өрт сөндірудің әдістерін үйретеді.
Өндірістік нысандар орман шетінен кемінде 50 метр қашықтықта орналасып, жұмыстан тыс уақытта күзетілуі тиіс. Сондай-ақ, олардың маңында тез жанатын материалдар болмауы керек. Жеке тұлғалар саңырауқұлақ, жидек пен дәрі-дәрмектік өсімдіктерді жинаған кезде жалпы талаптарды басшылыққа алады. Туристік және демалыс нысандары бар кәсіпкерлер, орман қоры аумағында мәдени сауықтыру, туристік және спорттық шаралар өткізіп тұратын жеке және заңды тұлғалар туристік тұрақтар жасап, өзге де бұқаралық іс-шаралар өткізу үшін тұрақты демалыс орындары ретінде пайдаланатын орман учаскелерінде от жағатын, қоқыс жинайтын орындарды жабдықтаулары қажет. Сондай-ақ, ені кемінде 4 метр минералдандырылған жолақ тартылып, қоқыстан тазартылған аумақты пайдалануға рұқсат етіледі. Осы шараларға қатысушылар ереженің талаптарымен таныстырылады.
Орманға жақын орналасқан ауыл шаруашылығы құрылымдарының егістік алқаптары, жайылымдары мен шабындықтарында шөп пен сабан сияқты өзге де өсімдік қалдықтарын бақылаусыз жағуға жол берілмейді. Азаматтар орман өртін байқап қалған жағдайда бұл туралы орманшыларға, өрт сөндірушілерге және жергілікті атқарушы органдарға хабарлауы қажет.
Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 367 бабына сәйкес, ормандарда өрт қауіпсіздігі мен санитарлық талаптарды бұзған жеке және лауазымды тұлғалар, шағын, орта және ірі кәсіп субъектілері 10-нан 150-ге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Өрттің шығуына, адамның денсаулығына және қоршаған ортаға зиян келтіруге әкеп соққан іс-әрекет ірі залал келтірмесе, жеке және лауазымды тұлғаларға, шағын, орта, ірі кәсіп субъектілеріне 25-тен 250-ге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Аталмыш баптың бірінші, екінші бөлігінде көзделген ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда ереже бұзған жеке және лауазымды тұлғалар, шағын, орта, ірі кәсіп субъектілері 100-ден 1500-ге дейін айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді.

Шынарай ДҮЙСЕМБАЕВА,
облыстық орман шаруашылығы және
жануарлар әлемі аумақтық
инспекциясының бас маманы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар