Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жүздеген рөл - бір тағдыр - АРҚА АЖАРЫ

Жүздеген рөл — бір тағдыр

 Жақында Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өнер сапарымен Көкшетауға келген болатын. Сол жолғы құрметті қонақтарымыздың бірі – Еңбекшілдер ауданының бұрынғы Казгородок, қазіргі Үлгі ауылында дүниеге келген жерлесіміз, Қазақстанның Халық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, аталмыш театр сахнасында сонау 1960 жылдардан бері үзбей өнерімен дараланып келе жатқан Роза Әшірбековамен кездесіп, әңгімелесудің сәті түсті. Сол сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

  – Роза Әшірбекқызы, туған Көкшеңізге қош келдіңіз. Әңгімемізді алдымен өзіңіздің арманыңыздан бастасақ. Өткен ғасырдың 50-жылдары арман қуып Алматыға барыпсыз, онда бірден өнер саласына емес, сол кездегі қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіпсіз. Ал, қиыншылығы мен қуанышы қатар жүретін өнер деген айдынға қалай келдіңіз? Бұл арман ба еді?
– Мен мектепте оқып жүргенімде мұғалімдеріміз «кім боласыңдар? Қандай мамандыққа барасыңдар?» деп сұрайтын. Сонда мен үндемейтінмін. «Қайда барам?  Кім болам?» деп, мүлде ойламаппын. Сөйтіп, 1956 жылы мектепті бітірдім. Әкемнің Мағрипа деген қарындасы болды, өзі математик еді. Содан маған физика-математика факультетіне түс деп кеңес берді. Отбасымыздағы ағаларым да есеп-қисапқа жүйрік еді. Олар «біз оқи алмадық, Алматыға барып сен оқып кел» деп барлығы мені ҚазПИ-ге оқуға жіберді. Ол кезде оның ректоры Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллин болатын. Сөйтіп, мен физика-математика факультетіне оқуға түстім. Бір жыл зулап өте шықты. Жазда демалысқа ауылға келдім. Ауылымызда ол кезде қайың, қарағай көп болатын. Далада жазғы клуб, алтыбақан, бау-бақша бар еді, кешқұрым жастардың бәрі сонда баратынбыз. Сол клубтың қасында ауылдық кітапхана болды.
Бір күні киноға барар алдында кітапханаға кіріп едім, газеттен «М.Әуезов атындағы қазақ драма театрының жанынан драма әртістерін даярлайтын студия ашылмақшы, студенттер қабылдап жатыр» деген хабарламаны көзім шалып қалды. Содан ішкі жан дүниемде бір толқыныс пайда болғандай. Өзім барып, көріп жүрген театрда әртіс болғым келді. Сөйтіп, көрген кином кино болмады, үйге барысымен әжем мен анама «Бізді Алматыға картоп жинауға шақырып жатыр екен, газеттен оқыдым» деп ұйқастырып, өмірімде бірінші рет өтірік айтып, екінші күні таңертең чемоданымды жинап алып, Алматыға тарттым. Бірден театрға бардым. Директордың кабинетіне кірсем, өзім көріп жүрген әртістер отыр екен. Біреуі Қалибек Қуанышбаев, енді бірі Хадиша Бөкеева, жас-тауын танымадым. Орысшалау екен. Иә, не шаруамен жүрсіз деп сұрады менен. Мен оқуға түсуге келгенімді, әртіс болғым келетіндігін айттым. Олар менің кеш келгенімді, студенттерді қабылдап, картоп теруге колхозға жұмысқа кеткендігін жеткізді. Мен әлгі жерге шегелеп қойғандай, не әрі, не бері кете алмай тұрмын. Сосын жасы «менен бір жерде оқисыз ба?» деп сұрады, мен физика-математика факультетінде ҚазПИ-де оқитынымды айттым. «Ну и иди, и учись» деді. Мен әлі тұрмын. Сосын Қалибек Қуанышбаев пен Хадиша Бөкеева жасына қарап, ақырын бірдеңе айтты, сөйтіп, Қалибек ағам: «Сен оқуыңды тастама, жақсы мамандықта оқиды екенсің, бізге шеберлік сыныптарына ғана қатысып отыр. Сосын арғы жағын көрерміз» деді. Қайдан, оны естіп алған мен оқуды тастап, студияның барлық сабақтарына қатыстым. Сөйтіп, қабылданған 30 студенттің 18-і ғана қалды, сол кезде мені оқуға алды. Міне, осылай өнер жолына түсіп кеттім.
– Өнер адам баласының бәріне бірдей дари бермейді. Көбінесе оны арғы тегі арқылы беріліп жатады дейді. Мүмкін өзіңіздің арғы бабаларыңызда өнер адамдары болған шығар?
– Мен бұрын айта бермейтінмін. Соңғы жылдары ғана айтып жүрмін. Шындығына келгенде мен Арқаның дүлдүлі – Біржан салға жиен болып келемін. Мұны бұрын нағашы атам айтып отыратын. «Сенің бойыңда өнерге деген жақындық бар», «Сен Біржан салдың ең жақын жиенісің» дейтін. Өнер, талант деген сол нағашыларымнан дарыған болуы керек.
– Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында табан аудармай, 57 жылдай жұмыс істеп келесіз. Осы ретте, алғашқы рөліңіз туралы айта отырсаңыз.
– Мен бұл театрдың 11 маусымында келдім. Әмина Өмірзақовалардан кейін келген лектемін. Бірер жылдан соң театрымызға 70 жыл толмақшы. Қазір ондағы ең үлкені менмін. Енді менің ең алғашқы ойнаған дебютім –Бәкір Тәжібаев пен Жекен Жұмахановтың «Қарагөз, қарындасым» деген спектакліндегі Анна рөлі. Соғыс жылдары Латвияда қазақтар тұрады. Сонда сол отбасы тұратын үйге бомба түсіп, әке-шешесі қайтыс болып, қызын дәрігерлер асырап алады. Сонда әлгі қазақ қызын бір журналист іздеп барса, қазақтың қызы скрипкада ойнап тұрады. Режиссердің шешімімен мен «Жезкиікті» ойнадым. Қойылым өте сәтті, керемет шықты. Сонда сыншылар газет беттерінде мен туралы керемет мақалалар жариялады.  «Қазақ әдебиеті» газетінде жарияланған мақалада:
«Роза десе, Роза,
Қатарынан жүр оза.
Өзі де бір Жезкиік,
Кете алмайсың көз қиып», –
деп өлең жолдарымен беріпті. Әлі күнге есімде сол кездегі мақала. Одан кейін біздің театрда Мен Дон Ук деген ұлты кәріс мықты режиссер болды.  Ш.Құсайыновтың 10 шақты спектаклін қойды. Соның 4-5 басты кейіпкерін мен ойнадым. Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселімде» Хадишаны, «Бетпе-бетінде» Сейдені, М.Әуезовтің «Жас Абайын-
да» Тоғжанды, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббатында» Бәтес, «Ботагөзінде» Ботагөз, Б.Майлиннің «Шұғасында» Шұғаны, Т.Ахтановтың «Махаббат мұңында» Ләззатты, Т.Әбдіковтің «Біз үшеу едігінде» Дариғаны, орыс классикасынан да біраз басты рөлдерді ойнадым.
– Апай, сахна деген киелі ғой. Халықтың алдына шығып өнер көрсету өте жауапты дүние екенін өзіңіз де бәрімізден артық білесіз.  Осы образды ашуда, рөл ойнауда қиналған кездеріңіз де болған шығар?
– Әрине, образды ашу оңай емес қой. Қиналған сәттер болды. Мұндайда бізге Әмина Өмірзақова, Салима Саттарова, Хадиша Бөкеева сияқты апа-әпкелерім ақылдарын айтып, жол көрсетіп демеу болатын. Режиссер келіп, намысымызға тиіп, қайрап кететін. Осы Шыңғыс Айтматовтың «Арманым, Әселім» спектакліндегі Хадишаны ойнар алдында көп іздендім. Рөлді ойнау қиындау болды. Дайындыққа барғанда режиссер Мен Дон Ук айқайлап, «Роза я тебе верила, а ты что делаешь?» деп, орысшалап, ертең Әмина Өмірзақованы шақырамын, сол ойнайды деп ұрысты. Үйге барып, түнімен дайындалдым. Онда мен шопырлардың бастығы –диспетчер Хадишаны ойнадым. Ол Ілияс деген жігітке ғашық. Ал, ол жігіт Әселді жақсы көреді. Темпераменті жоғары Хадиша өз махаббаты үшін күреседі. Жалпы, махаббат үшін күресе білу керек.
Сөйтіп, екінші күні театрға бара жатырмын, жан-жағыма қарап қоямын, Әмина келді ме деп. Көрінбеді. Дайындық басталды. Намысқа тырысып ойнап жатырмын. Режиссер тоқтатпайды. Спектакль аяқталды. Бір эпизодты тағы бір қайталаңдар деді. Тағы ойнадық, «Все закрепить, молодец Роза» деп, спектакльді бекітті. Театрда қойылды. Мәскеуден, басқа елдерден көптеген сыншылар келді. Бәрі мақтап жазыпты. Ол кезде үздік шыққан спектакльді Мәскеуге Кремль сахнасына апарып қоятын. Сөйтіп, біз Кремль сахнасында ойнадық. Ондағы халық та риза болды. Ілиясты Чапай Зұлқашев, Байтемірді Байділдә Қалтаев сияқты мықтылар ойнады. Қойылымнан кейін «Извес-тия», «Правда» газеттерінде көлемді-көлемді мақалалар жарыққа шықты. Мәскеуден келсек, бізді театр директоры мен режиссерлер атаққа ұсынып қойыпты. Ол кезде бізге айтпайтын, қазіргі уақытта өздері таласып жүріп, өздерін атаққа ұсынып жатады ғой. Ол кезде білмей қалатынбыз. Келсек, атақ алғанымызды радиодан бір күн бұрын хабарлап қойыпты, бәрі құттықтап жатыр. Сөйтіп, 30 жасымда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Одан кейін  А.Чеховтың «Шағаласында» Аркадинаны ойнау оңайға соқпады. Ізденіп, көз ілмей дайындалып, тағы да Райымбек Сейтіметов сияқты атақты замандасымның қайрауымен намысқа тырысып, жоғары дейгейде ойнап шықтым. Сонда Бағыбек Құндақбаев деген біздің театрымыздың сыншысы әрі ұстазымның «Роза, сен қазақ театрының тарихындағы алғашқы Аркадинасың, барлығы алдағы уақытта саған қарап ойнайды» дегені әлі есімде.
– Жас кезіңізді жиі сағынатын сияқтысыз ғой.
– Жас кезімді жиі сағынады дегенде, мен балалық шағымды қатты сағынамын. Сол кездегі ауылдың адамдарын. Ол бір асық ойнап, ер балаша күрескен қайта оралмас дәурен ғой. Бала кезімде ауылда әрбір үй бие байлайтын. Сонда далада ойнап жүрген бізді кез келген үйдің иесі шақырып алып, қымыз беретін. Қымыздың өзін үлкен тостағанға құйып, оны екі бөліп қана ішкізетін. Сондағы қымыздың дәмі басқаша еді ғой. Есейе келе, қыз-бозбала болып, ақсүйек, сылдырмақ ойнап, алтыбақан тебетінбіз. Сол алтыбақандар 1975 жылдарға дейін тұрды. Табиғаты қандай тамаша еді ауылдың. Міне, осы ауылдан атақты үш қыз шығады деп кім ойлаған.
–Үш қыздың бірі өзіңізсіз. Екеуі жайлы айтып берсеңіз?
–Ертеде біздің ауылда балалар үйі болды. Сонда Роза деген қыз болыпты. Сабағын өте жақсы оқыпты. Жазғы демалыста баратын жері жоқ қой, сонда ауылда бұзау, қой бағып жүреді екен. Сегізінші сыныпта оқып жүргенінде оның еңбекқорлығын, алғырлығын көрген аудан басшылары Мәскеуге слетке жібереді. Сонда Сталинмен суретке түсіп, Калининнен «Құрмет» орденін алыпты. Өзі алты тілді жетік білген. Сөйтіп, бүкіл одаққа аты шығыпты. Бұл 1938 жыл екен. Міне, дәл сол жылы дүниеге мен келіппін. Әкем осы Роза Шамжанова сияқты атақты болсын деп,  менің атымды Роза деп қойыпты. Екіншісі Маржан Нұрпейісова деген менің сыныптасым. Ол мектеп бітірген соң Қаныш Сәтпаев атындағы техникалық институтқа түсті. Қазір атағы жер жарған профессор, ғылым докторы, академик. Үшіншісі –мен.   
– Роза Әшірбекқызы, бүгінде театр актерлерінің көбі киноға түсіп жатыр. Жалпы, өзіңізді кино өнері саласында сынап көрмедіңіз бе?
– Мен «Ботагөз» фильміне кинопробаға түстім. Бірақ, киноның суретшісі Гүлфайруз өзі түсетін болып шықты. Содан Ш.Айманов «Алдар Көсенің» кинопробасына шақырды. Ол кезде көркемдік кеңестің шешімімен ғана киноға түсуге рұқсат берілетін. Театрда спектакльге дайындалып жатқанымда, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актрисасы, көркемдік кеңестің мүшесі Хадиша Бөкеева келіп, «Қарашаштың рөліне сен түсетін болдың» деп, менен сүйінші сұрады. Бірақ, мен сондай қатты қуанбай, неге екенін білмеймін, ештеңе болмағандай тұра беріппін. Артынан 2-3 күннің ішінде режиссердің көмекшісі троллейбуста бір қызды көріп қалып, соны шақырып, сол қыз түсті. Кейін Ш.Айманов біздің театрда «Жас Абай» пьесасын қойды. Мен Тоғжанды ойнадым. Сонда көпшілік халықтың алдында: «мен Розаға кезінде қиянат жасадым.  Қазір «Атаманның ақырын» түсіріп болған соң, он сериялы фильм түсіремін. Сонда Роза сен басты рөлде ойнайсың, бір айдай күт» деді. Содан өздері Мәскеуге «Атаманның ақырын» апарды, сонда жүріп ол кісі дүниеден өтіп кетті. Міне, осылай киноға түсу маған жазбапты. Бірақ, мен оған еш өкінбеймін. Өйткені, театр сахнасында мен ойнамаған басты рөл жоқ. Қашан да алғы шепте жүрген әртіс болдым. Осы үшін Аллаға мың тәубе.
– Оралхан Бөкейдің «Атау кересінде» Нюра, яғни, Нүрке әжейдің рөлін ойнапсыз. Бір сұхбатыңызда бұл арнайы маған таңдап алынған спектакль депсіз. Осы жөнінде айта отырсаңыз?
– Менің тағдырымды естіген шығарсыздар.  Жолдасым, ғылым докторы Баян Бәсібеков елуден асқан шағында сырқаттанып, дүниеден озды. Балаларымның арқасында есімді жидым. Одан бірер жылдан соң ұлым Бақтиярым да қанішер қарақшылардың қолынан қаза тапты. Қызым да бала жастан сырқат еді, ұлымның артынан қара жердің қойнына ол да кете барды. Осындай қайғыдан мені Бақтиярымнан қалған жалғыз тал гүлім, немерем – Баяным ғана демеу болып,  алып шықты. Атасының аты аталып жүрсінші деп, бұл есімді  қызым Әлия  қойған еді. Қазір сол немерем көзімнің ағы мен қарасы. Міне, басымнан осылай бір соққыдан соң бір соққыны өткеріп, үйде жылап отырғанымда қазір Астанадағы Жастар театрына ауысып кеткен сол кездегі театрымыздың әрі актері, әрі режиссері Нұрқанат Жақыпбай мен үшін осы «Атау керені» таңдап алыпты. Қайғымен үйде отырып қалмасын деп, маған таңдап алған спектаклі ғой, рөлімді бар жанымды салып  ойнадым. Кейін ол осы театр сахнасында он жыл бойы қойылды.  
– Өзіңізге арналып жазылған пьеса да бар екен. Сахналанды ма?
– Иә, жазушы Мағира Қожахметова менің басымнан өткен тағдырымды естіп, менімен әңгімелесіп, кеңесіп, «Роза» деген пьеса жазды. Бұл бір актрисаға арнап жазылған ең алғашқы пьеса. Жалпы, спектакльдер актерлерге арнайы таңдап алынады, бірақ, нақты бір актердің тағдырына арналып жазылған ондай пьеса жоқ. Әзірге ол сахналанбады. Өйткені, оны қоятын режиссер керек. Егер алдағы уақытта жақсы бір режиссер табылып, автормен жұмыс істеп, спектакльді театр сахнасына шығарса, өте жақсы қойылым болар еді.   
– Туған жеріңіз – Көкшеге келіп,  көңіліңіз бір марқайып қалған шығар?
–Иә, театрымызға жаңадан келген директор Сұлтан Сраилов пен көркемдік жетекші Ерлан Біләл өте мықты, көреген азаматтар екен. Гастрольдік сапар репертуарында мен ойнайтын бір рөл жоқ. Бірақ, Роза апамыздың туған жеріне бара жатқанда, бұл кісіні қалай тастап кетеміз, өнер сапарының құрметті қонағы болсын деп алып келді. Осы өнер жолында бірге жүрген балаларыма көп рахмет, шынымен көңілімді көтеріп, туған елге деген сағынышымды бір басқандай болды.
– Әңгімеңізге көп рахмет! Немереңіздің қызығын көріңіз.
Сұхбатты жүргізген
Ырысалды ШАМШИЕВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар