Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
АДАМЗАТТЫҢ ЖАҢА ҮМІТІ - АРҚА АЖАРЫ

АДАМЗАТТЫҢ ЖАҢА ҮМІТІ

Жабал Ерғалиев,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Биылғы жылдың маусым айының 10-11-і күндері Астанада өткелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V-ші съезі діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және рухани үн қатысуларына арналғалы отыр.

Тарих беттерін тағы бір ақтарайық. Адамзат дамуының үшінші жаңа мыңжылдығы сол адамзаттың алдына жаңа қауіп пен қатерлердің тосқауылын қойған сәтте, әлем өзінің әйтеуір бір тығырыққа тірелгендігін сезгендей, аңтарылып қалғаны да болған еді. Өз бойына ғасырлар бойы жинақталып қалған Адамзат мүддесінің шешілмеген түйіндері мен түйткілдерінің сыртқа тепкен ашу-ызасы мен кек қайтарымының қаруын қолына ұстап майдан ашып жатқан сол Адамзат баласы ең әуелі өзінің жүрек түпкіріндегі үнін тыңдауға ден қойды ма екен?! Осы сауалға өзіміз ақтарып отырған тарих беттерінен жауап іздеген сәтімізде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басталғанына үш жыл ғана болған жиырма бірінші ғасырдың жаңа бір сындарлы кезеңінде Астана қаласында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің бас қосуын шақырғандығы біздің назарымызға бірден ілігіп және де ол әр үш жыл сайын тұрақты өткізіліп келе жатқандығы көзімізге оттай басылғаны бар. Енді, міне Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V-ші съезін өткізгелі отыр!..
Тұтас адамзат  Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ынтасымен және басшылығымен  2003 жылдан бастап  Әлем  дәстүрлі діндері лидерлерінің кездесулері әр үш жыл сайын  қазақ жерінде, Астана қаласында тұрақты өткізіле бастауы  Адамзаттың жаңа мыңжылдығының конфессияаралық диалогпен кеңесіп, кездесулер жүйесін құруға жол ашты. Мұны өркениеттің қазақ жеріндегі тоғысуы мен табысуы деп бағалаған  абзал! Бұл – жиырма бірінші ғасырдың ұлы оқиғасы!
Бұл сөзді 2012 жылы жарық көрген Елбасы жайында жазылған     «Әлемді жүрегіне сыйғызған» деректі хикаятымда айтқан болатынмын. Астанада өткелі отырған  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің кезекті V-ші съезіне  бүкіл жалпақ жаһанның назары ауып отырған осы бір тарихи сәтте бүгінгі әңгімеге барар сөзді де осы бір ой-пікірден бастаудың жөні келіп тұрған сыңайлы.
Дүние мынау қауызына сыя алмай толқып тұрған! Сабырына да келе алмай, ашуы мен кегін де жия алмай жатқан әлемнің бүгінгі сұрқы мен сыйқы адамзат баласының ақылы мен ойының дағдарысқа ұшырағаны ма деген ойға алып келері де бар. Бұлай демеске лажыңыз да жоқ сияқты. Әйтпесе Адамзат баласы өз жаратылысынан бері жан берген жайларды да, қан кешкен қаралы да қаһарлы күндерді де аз кешіп пе еді? Сол Адамзаттың өзінің өткен тарихынан алар  сабағы да бір басына жетерлік емес пе еді? Күні кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың  ойранды опаты мен апатын  көзбен көргендердің көбісі әлі де арамызда жүрген сәтте  ізі де, қасіреті де  суымағандығы бар. Алайда, сол суымаған қасіреттің ендігі жалғасындай мына әлем неге жылап жатыр, неге қансырап, неге зар күй кешуде?!..
Алты құрлықтың бүгінгі алалығы, талас-тартысы мен қарулы қақтығыстарының нәтижесінде Адамзат баласының тіршілік тынысы да  тарылып бара жатқандай. Әне, анау Таяу Шығысты алыңыз! Қолына  қару алып кектенген дүниенің бүгінгі бейнесі сол! Шарасыздықтан және де жан сақтау үшін қалт-құлт еткен қайығымен ашық теңізге шығып, өз елінен безіп жатқан, теңізге батып кетіп жатқан босқындар бүгінгі дүние тіршілігінің иесі адам баласының тынысының тарылып жатқандығы емес пе екен?! Ойланар ма екенбіз?!
Көңілдегі осы бір мазасыз күйдің жетегінде кете бермей, Адамзатқа ынсап  берер  және де өз болашағы үшін қам жасар жағдайдың жай-жапсарын ойласарлық ой қуар болсақ, Астана қаласында өткелі отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V-ші съезі үзілмей тұрған  нәзік бір үміттің шырағы болып көңіл түпкірінде маздары да бар.
ХХІ-ші  ғасырдың соңғы 12 жылында бесінші мәрте өткелі отырған жаһандық маңызы бар бұл шараға әлем тағы да зор үмітпен қарап отыр. Қазақ елінің ордасы Астана қаласында бұған дейін төрт мәрте, 2003, 2006, 2009 және 2012 жылдары өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездері Адамзат тарихының ең бір жарқын беттері болғандығы анық.  Түрлі діндердің өз өкілдері Ұлы Жаратушының өзі жаратқан  адам баласының мүддесін қарама-қарсы бірге отырып, бірге талқылау дүние жаралғалы тұңғыш рет қазақ жерінде, Астана қаласында жүзеге асты. Және де бұл ұлы миссияны Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қана жүзеге асыра алды!
 «Ұлы жаратқанның бір перзенті Нұрсұлтан Назарбаев қана өткізіп келе жатқан  Әлем дәстүрлі діндері лидерлерінің Астанада кездесулері Адамзаттың көне тарихы бұрын-соңды естіп те, көріп те білмеген әлемдік маңызы бар  ұлы оқиғалардың бірі! Бұл – тәуелсіз қазақ елі тарихының абыройлы беттерінің бірі!»,– еді деген бұрын да айтылған пікірімізді қайталай отырып, қордаланып қалған бүгінгі планетарлық өзекті мәселелерді шешудегі түрлі діндер лидерлерінің рөлін ешбір кемсітуге болмасы анық. Өйткені, діни-наным сенімі арқылы бүгінгі дүниені танитындар да, соған баға беретіндер де көбеймесе, азайған жоқ.
Қазақстан және оның лидері  Назарбаев өз елінің Астанасында соңғы он екі жылдың аясында төрт мәрте Әлем дәстүрлі діндері лидерлерінің кездесулерін өткізіп, жалпы Адамзат баласының өзара түсінушілік және бірін-бірі құрметтеу, бірінің уәжін бірі төзімділікпен тыңдай білуі арқылы да бейбіт қатар өмір сүру үшін бір қадам  ілгері басуға болатындығын дәлелдеп, соған дін өкілдерінің де, саясаткерлердің де, қарапайым халықтың да көзін айқын жеткізе білді. Адамзаттың бірінші ұтқаны да осы! Біздің бұл пікірімізді Бэдфорд епископы, Англия шіркеуінің өкілі Ник Бейнстің: «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі алғашқы 10 жылда ымыраласу әлеуетінің көзін ашты. Бізге ол өз діни дәстүрлерімізді ескере келе, бір-бірімізді жақсы көріп, қорғауға мүмкіндік берді», – деп жазғаны да қуаттай түсері бар. Және де Еуропа Кеңесінің бұрынғы бас хатшысы, «Өркениеттер үн қатысуы» дүниежүзілік қоғамдық форумының үйлестіру комитетінің төрағасы Вальтер Швиммердің «Тұңғыш рет өткізілген Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінен бергі он жылдық өткенге үңілудің кезекті бір мүмкіндігі ғана емес. Баршамыз сонымен қатар сұхбат арқылы өзара түсіністікке жету мен қандай да бір дүрдараздықтардың бейбіт жолдармен шешілуіне аса ынталымыз», – деуі де Қазақстанның және оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Адамзат мүддесі үшін қаншалықты сауапты іс атқара білгендігін айғақтай түсері анық.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келіп, басталған және ол кейін өркениеттер үн қосуларының сенімді бір алаңына айналған Әлем дәстүрлі діндері лидерлерінің Астанадағы кездесулері бұл күндері ашық пікір алысудың жаңа бір мәдениетін қалыптастырды. Бұған дейін бірін-бірі сырттай ғана кінәлаудан әріге бара алмай жүрген Діндердің өзара жүздесуі арқылы тағылар кінәлар мен соған дәлелдердің, тіпті түрлі көзқарастардың да ортақ бір мүддеге келіп тірелеріне де Астанадағы кездесулері анық көз жеткізді. Бұл салиқалы ой мен сабырлы шешімдерге келудің жаңа да тың жолын салды. Және де Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев
әр Діннің өз қасиеті мен киесі арқылы ұлтаралық, дінаралық келісім мен татулықтың Адамзаттың қандай да болмасын мәселесін шешуге әбден қабілетті екендігін жан жүрегімен сезіне отырып, Адамзат баласының рухани жан дүниесіне, наным мен таным, сенім мен сезім түйсігіне миллиондаған жылдар бойы серік болып келе жатқан кез-келген дінге қылау түсірмеудің өзекті мәселесін тұңғыш рет әлем алдында ашық айта білді. Назарбаев қазақ елінің Астанасында Адамзат тарихында тұңғыш рет Әлем діндері лидерлерінің форумын өткізе отырып, Адамзат баласын бейбіт қатар өмір сүру үшін бір қадам болса да ілгері басқызды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алғашқы яғни, І-ші съезі 2003 жылдың 23-24 қыркүйегі аралығында өтіп, оған Еуропа, Азия және Африка  құрлықтарының 13 елінен 17 конфессиялық делегация қатысса, 2006 жылғы 12-13 қыркүйек  аралығындағы ІІ-ші съезге әлемнің 20 елінен 29 делегация қатысқан-ды. Ал, 2009 жылдың 1-2 шілдесі аралығында болып өткен ІІІ-ші съезге әлемнің 35 елінен 77 делегация қатысса, 2012 жылдың  30-31 мамыр аралығында өткен  ІV-ші съезге әлемнің 40 елінен 85 делегация қатысып,  былайша айтқанда Астана дүние жүзіндегі барлық әлемдік және дәстүрлі діндер мен конфессиялардың өкілдерін жинаған болатын.
Ал, енді   Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі хатшылығының басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткізген мемлекеттік комиссияның таяудағы қорытынды отырысында  биылғы жылдың маусым айының 10-11-і күндері өткелі отырған V-ші съезге  әлемнің 42 елінен 80 делегация  қатысатындығы мәлімделді. Біз бұдан Адамзат пен бүкіл өркениет тарихында тұңғыш рет қазақ халқының ұлы да дана перзенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қана ұйымдастырып, өзі бас болып өткізіп келе жатқан  Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің  Астана қаласында бас қосуларының абыройы асып, беделі көтеріліп келе жатқандығын және де Адамзат баласының үшінші мыңжылдықтағы ендігі тіршілігі мен бейбіт қатар өмір сүруінің басты бір жауапкершілігі түрлі Діндер мен олардың лидерлерінің де өзара түсіністігіне  келіп тіреліп отырғандығын  терең сезіне де бастағандықтары деп тұжырымдауға болар еді.
Түсінер түйсікке Нұрсұлтан Назарбаев  белгілі бір дінді агрессияшыл деп айыптаудың бір жақты болып бара жатқандығын, ал оның астарында осы заманғы мүдделер тұратындығын да, Адамзаттың мыңжылдықтар бойы қалыптасқан рухани дәстүрлерден қол үзушілігі Адамзаттың осы заманғы басты қатерлері – лаңкестік, жаппай қырып-жою қаруының таралуы, трансшекаралық қылмыстың өсуіне әкеліп соққандығын,  бұл келіп адам баласының рухани жан дүниесіне де зардапты қатерін төндіре түскендігін жеткізіп  айта да білді, әлі де айтып  келеді.  Және де адам баласының бір-біріне деген мейірімі мен шапағатын оятарлықтай  иманды қағидаттардың Адамзаттың осы заманғы дүниеде аман қалуының нақты негіздері бола алатындығы жайлы Нұрсұлтан Назарбаевтың ойлы сөзінің де кез-келген діннің  қағидаттарымен сыйысып, үндесіп тұрғандығы да бар. Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған  тұста  түрлі діндердің ізгілігі мен  жасампаздығын, ғасырлар бойы адам баласының өзімен бірге жасап келе жатқан Құдай сөзін бітімгершілік пен келісімнің пәрменді құралы ретінде пайдалануға жасаған  әрекеті Адамзат тарихының  ұлы оқиғаларының бірі еді!
Осыны айта отырып,  бүгінгі әлемнің бүгінгі дамуына
Назарбаев сынды ойлы адам баласының жаңаша әрі жауапты көзқарасы қажет. Осы бір адами көзқарасты ХХІ-ші ғасырдың он бес жылында Астана қаласында бесінші рет бас қосқалы отырған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері де иманды қағидаттарды басшылыққа алғалы отырғандығына қуанамыз.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V-ші съезіндегі айтылар әңгімелер мен пікірлер, ой-көзқарастар діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және рухани үн қатысуларына арналмақшы. Сол діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің өзара үн қатысулары арқылы діни және саяси қайраткерлердің Адамзат алдындағы жауапкершілігі, діннің жастарға әсері, дін мен саяси өзара іс-қимылдың жаңа көріністері мен келешегі, бейбітшілік, қауіпсіздік және дәстүрлі діндер лидерлерінің көшбасшыларының өзара құрмет және түсіністігі сияқты бүгінгі өркениеттің Адамзатты алаңдатып отырған қазіргі ең бір өзекті мәселесі талқыға түспекші.
Әлем Астанаға тағы да үмітпен көз тігіп отыр. Қарулы қақтығыстары әлі де  тыншымай отырған бүгінгі дүниеге сабыр бере көр, Жаратқан иеміз! Ей, жауласып жатқан кекті әлем, тағы да бір құлағыңды тігіп, үн қат Астанаға!

Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар