Ринат «Жас қанаттың» жеңімпазы

Жерлесіміз Ринат Теміржан жас орындаушылардың «Жас қанат – 2015» республикалық ән байқауында бас жүлдені иеленіп, ақмолалықтардың  мерейін үстем етті.

1992 жылдан бері үзбей ұйымдастырылып келе жатқан жас дарындардың «Жас қанат» ән додасына биыл 15 үміткер қатысты. «Бейбітшілік және келісім» сарайында өткен бұл байқаудың ақтық сынына тек алты үміткер ғана жолдама алыпты. Олардың арасында жерлестеріміз зеренділік Ринат Теміржан мен степногорлық Владимир Новиков те бар.
Биылғы байқауға қатысушылардың барлығы да музыкалық жағынан білімді, музыкалық білім ордаларында оқып жүрген студенттер, не болмаса кәсіби концерттік ұйымдарда жұмыс істейтін азаматтар. Тіпті, олардың баршасы бұған дейін республикалық және халықаралық конкурстарға қатысып, лауреат атаныпты.  Осындай өнерпаздардың өнерін бағалау «Жас қанат» пен «Азия дауысы» байқауларының негізін қалаған Мұрат Ерғалиев бастаған  қазылар алқасына оңайға түспегені анық. Десе де, шын дүлдүл бәйгеден озып шығады. Сөйтіп, үш кезең бо-йынша өткен байқауда итальян тілінде «Се ля ви», қазақша «Өмір сынақ» және ақтық сында ағылшын тіліндегі «Feel You Like A River»» әндерін жоғары деңгейде орындап, үздік шыққан Ринат Теміржан «Жас қанаттың» «Алтын қанат» белгісінің иегері атанды және оған Астана әкімі атынан арнайы ақшалай сыйлық табыс етілді. Екінші және үшінші жүлделі орындарға қарағандылық Лаура Айтбаева мен астаналық Сұлтан Ахмет қол жеткізді.
Өзінің дауыс ерекшелігімен, кәсіби шеберлігімен дара шыққан Ринат Зеренді ауданының Шағалалы ауылында дүниеге келіп, сонда орта мектепте білім алған. Баланың бойындағы дарыны мен қабілетін байқаған ата-анасы оны 2002 жылы Көкшетау қаласындағы «Өнерпаз, дарынды балалармен жұмыс жүргізу жөніндегі облыстық оқу-әдістемелік орталығына» келіп, вокалдан сабақ алуға Әридаш Хамзинаның тәрбиесіне береді.
– Ринат кішкентайынан жанымен өнерге берілген өнерпаз бала болатын. Оның даусының жоғарылығы мен әдемілігі кім-кімді болса да қызықтыратын. Ол әнді нәшіне жеткізіп орындауымен көрерменді өзіне баурайтын. 2002 жылы орталықтағы «Жұлдыздар» вокалдық студиясында солист болып, түрлі байқауларға қатысты. 2003 жылы балалардың «Бозторғай» республикалық ән байқауында дипломант атанса, 2004 жылы Ресейдің Сургут қаласында өткен «Наурыз – новый день» атты халықаралық байқауында, одан кейін 2005 жылы Қостанайда өткен «Золотой микрафон» республикалық байқауында лауреат болып оралды. Бұдан кейін дәл осы жылы Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры В.Шаронова атындағы халықаралық тыңдау жобасында Қазақстаннан қатысқан үміткерлердің арасында үздік шығып, арнайы сыйлыққа ие болды, – деп мақтанышпен шәкіртінің жетістіктерін айтып берді вокалдан сабақ берген ұстазы Әридаш Хамзина.
Бүгінде Ринат Қайыргелдіұлы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде көлік және энергетика факультетінің төртінші курсында оқып жүр.
– Мен жеңімпаз атанамын деп ойламап едім. Бірақ, тырыс-тым. Барлық қатысушылар да осал болған жоқ. Әрқайсысы өз өңірінің бетке ұстар әншісі деуге болады. Бас жүлде маған берілгенде төбем көкке жеткендей қуандым. Болашақта қай салада қызмет ететін болсам да, өнерді ешқашан тастамаймын, –
дейді байқау жеңімпазы  Ринат Теміржан.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар