Елін сүйген Ерсайын

Ол бір мамыражай заман еді. Кеңес билігі Леонид Брежневтің қолында тұрған уақыт. Сталиндік саяси  қуғын-сүргінді, оның алдында Голощекиннің қолдан ұйымдастырған аштығын, кейін соғысты бастан кешкен  қазақ үшін сол жылдар  ерекше  оңды болғанын  білеміз. Жұрттың арқаны кеңге салған жылдары.

Ерекең  еңбек жолын Макинск қаласында Ленин атындағы поршень сақиналары зауытында бастаған екен. Облыстық радиоға диктор болып қызметке алынған. Сабырлы, ерекше мәдениетті  ағамыз  өз  жұмысына ғажап  тиянақты болды. Радионың дикторы  деген қызметтің  тыңдарман үшін қадірі ерек-тін. Ол заманда облыста  радио  да, телевизия да  біреу. Халық  әр  елді мекенде радио  хабарларын  пошта  бағанасының басындағы қалпақты радиодан немесе  ас үйлерінде ілінген радио нүктелерінен тыңдайды. Ақпараттық құралдардың ықпалы күшті. Газет немесе радио сынаса, райком, обком  селт етеді, шара қолданады. Радионың  бір қиыншылығы, ол заманның қазақтары  туған тілін білмейді. Барған жерлерде  сөз алатын кісі іздейміз. Басшыларға еріксіз жазып береміз, олар ежіктеп оқып береді. Тілдің  тірлігі сол болатын. Қазақ хабарларының облыстық эфирдегі көлемі 30 пайыз да, орысшасы 70 пайыз. Қазақ болған соң екінші сорттысың.
Кеңес заманының  бір қиянаты осы еді. Пәтер кезегінде  де  сен екінші сорттасың. Сосын  орыс біткенге жалтақтайтын, жағынатын өз қазағың және бар. Көрешекті солардан көресің. Аналарға жағынамыз деп, сені жөнсіз жығып беруге бейіл болатын да солар. Қазір енді бар қазақты солтүстік пен оңтүстік деп бөлуге әзір. Әйтеуір, бірдеңеден бірдеңе ұтқысы келеді. Ұлттың жанашыры атанып, елдің көз алдына шықпағы бар. Қазіргі  тәуелсіздік заманында   бүгінгі халге тәубе дейсің. Елбасы Қазақстанды алға сүйреп-ақ келеді. Кезінде кеңес үкіметінің Брежнев басқарған жылдарында енжарлыққа бой алдырған ел енді  тәуелсіздікке еркелеуді  бастады. Ипотекалық несиенің өзін үкіметке төле дейді. Бұл заманда білекті түріп аянбай еңбек ету қажет. Себебі, ендігі еңбегің  туған елің мен тәуелсіз жұртыңның тікелей игілігіне барады.
Кеңес заманында Ерсайын ағаларымыз бар, баршамыз жан аямай еңбек еттік. Кеңестік идеологияға сендік. Әлемнің барша пролетарлары бірігіңдер дегенге ердік. Голощекин заманындағы қолдан жасалған аштық, миллиондап қырылған ұлтымыз туралы Мирзоян атқызған  қазақтың ұлы перзенттері бастаған  20 мың адам туралы естіген жоқпыз. Кеңес үкіметінің қиянаттары туралы еміс-еміс бірдеңелер құлағымызға шалынатын. Ерекең  секілді ағаларымыз сол жылдары ұлттың тілі мен ділі, рухы  үшін күресті. Орыс тілі мен мәдениеті, ділі басым болған ол заманда Ерсайын ағаларымыз Ақмола жеріндегі ұлттық мәдениет пен тілдің  тіршілігінің  бір шетін болса да ұстап тұрды. Сол үшін бүгінде 75-ке келіп отырған жақсы журналист, тамаша диктор Ерсайын Махамбетовті әспеттеу керек. Еңбегін елеп, ескеру жөн. Мұны Астана қалалық әкімдігінің ішкі саясат бөліміндегілер қолға алса, дейміз.
 Смағұл РАХЫМБЕК,
жазушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар