Облыс орталығындағы Тәуелсіздік алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні құрметіне «Көк тудың желбірегені» атты мерекелік концерт болып өтті.
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы, Көкшетау қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік концерттің өтуіне облыстық жастар ресурстық орталығы барынша атсалысты. Концерт жоғары деңгейде өтті. Алаңға жиналған қауым көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, жас дарындардың өнерін тамашалады.
Шоу-бағдарламада «Лучший город KZ» теле-жобасының қатысушысы Әлихан Қайырбектің орындауындағы әсем әндер көңілді тербесе, Фархат Сағынбаев «Қалдырған», «Қазақстан» әндерін нақышына келтіре шырқады. Облыстық жайдарман құрама командасының тартымды әзілдері де көпшілік қауымның көңілінен шықты. Белгілі әнші Асқар Әшімнің де өнеріне жиналған қауым сүйсініс білдірді. Ол «Алға қазақ жастары!», «Гәкку» әндерін сызылта, тамылжыта шырқап, көптің алғысын арқалады. Сондай-ақ, бұл концертте халықаралық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Олжас Сәбижан да ән шашуын арнады. Ал, Астанадан келген «Дарын», «Тұлпар» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, белгілі әнші Ибрагим Ескендірді көкшетаулықтар зор құрметпен қарсы алды. Өзінің сазды әуенімен жүректерді жаулаған әнші көпшіліктің қошеметіне бөленді.
Жастық жігермен қуаттанып, жалындап жанған өнерпаз жігіттер әрбір көрермен жүрегінен орын алып, естен кетпес бақытты сәт сыйлады. Мерекелік концерттің соңы жастардың биіне ұласты.
Ақерке ОРАЗ,
Сүлейман Демирел университетінің I курс студенті.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.