Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жұмыс істейтін халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру - АРҚА АЖАРЫ

Жұмыс істейтін халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Президенті Рүстем Назымбекұлы Хамзин

Әрбір адамның өмірі күрделі де сан қилы болып келеді. Ол қуанышты да, қайғылы да оқиғалардан тұрады. Егер біздің денсаулығымыз, туысқандарымыз бен жақындарымыздың жағдайлары жақсы болса, онда біз болашаққа да сеніммен қараймыз. Бірақ, тұтастай бір елдердегі сияқты адамдардың да өмірлерінде жаңылыстар болып жатады. Мемлекетте бұл экономикалық немесе саяси дағдарыстар деп аталса, ал, біздің өмірімізде  жұмыстан, еңбек ету қабілетінен немесе  асыраушысынан айырылу, яғни, отбасының табысын жоғалту болып табылады. Міне, осындай кезде біз мемлекеттен көмек сұраймыз және ол бізге көмек қолын созады.

Қазақстанда әлеуметтік қорғау – базалық мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру, міндетті әлеуметтік сақтандыру, жинақтаушы зейнетақы жүйесі және әлеуметтік көмек сияқты бірнеше деңгейден тұрады.
Базалық мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру  жұмыс істеуіне немесе істемеуіне байланыссыз барлық азаматтарды қамтиды.  Бұл деңгей   Қазақстан Республикасы Конституциясының 28-бабы 1-тармағында көзделген, еңбекақының ең төменгі мөлшері мен зейнетақы төлемі, мүгедектігіне, жасы бойынша, ауыруы жағдайына, асыраушысынан айырылуы жағдайына және басқа да заңдық негіздер бойынша әлеуметтік төлемдер, яғни азаматтың қоғамның дамуына қосқан жеке үлесін есепке алмай,  кепілдендірілетін барлық азаматтарға бірдей деңгейде төленетін базалық мемлекеттік жәрдемақылар.
Базалық төлемдердің мөлшері барлық алушыларға бірдей және олардың еңбек- ақыларына байланыссыз болады (атаулы әлеуметтік көмек, балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақылар, мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, арнайы мемлекеттік жәрдемақылар және т.б.).
Әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі – жұмыс істейтін халықты қамтиды және жинақтаушы зейнетақы жүйесі мен міндетті әлеуметтік сақтандыруды білдіреді. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері сақтандырылған жалақыға және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады.
Ерікті деңгей – бұл ерікті қаржыландыру негізінде жүргізілген төлемдердің барлық түрі. Оған мысал, ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдері, өмірді сақтандыру бойынша және ерікті жинақтау компанияларынан төленетін төлемдер.
Әлеуметтік қорғаудың екінші және үшінші деңгейлері Ата Заңымыздың 28-бабы 2-тармағының нормаларына сәйкес жүзеге асырылады, яғни ерікті әлеуметтік сақтандыру, әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша түрлерін құру және қайырымдылықты көтермелеу.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілді және ол еңбек ету қабiлетiнен айырылу, асырау-шысынан айырылуы, жұмысынан айырылған, жүктілігіне және босануына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылған, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайларда жоғалтқан табысының бір бөлігін қайтаруға мүмкіндік береді.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қаржылық ресурстарын қалыптастыру көзі әлеуметтік аударымдар болып табылады. Бұл жұмыс берушiлердің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына өз қызметкерлері үшін немесе өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамның өзі үшін төлеген мiндеттi әлеуметтік аударымдары. Әлеуметтiк аударымдарды төлеу олар үшін әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген Қазақстан Республикасының азаматтарына, ал, асыраушысынан айырылған жағдайда оның асы-
рауында болған отбасы мүшелерiне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтiк төлемдер алу құқығын береді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын және Қазақстан Республикасының аумағында табыс әкелетін қызметтi жүзеге асыратын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қоса алғанда, қызметкерлер, өзiн-өзi жұмыспен қамтыған адамдар мiндеттi әлеуметтiк сақтандырылуға жатады және әлеуметтік төлемдерді алу құқығын Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей пайдаланады.
«Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық» РМҚК зейнетақы  төлемін алушылар мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесінің қатысушысы болмайды.
Әлеуметтiк аударымдардың мөлшерi қызметкердің айлық жалақысының немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар өздерiне табыс әкелетiн жұмыспен өздерiн қамтамасыз ететiн дара кәсiпкер, жеке нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиаторлардың табыстарының 5 пайызын құрайды.
Бірақ, әлеуметтiк аударымдар барлық табыс-тардан бірдей төленбейді. Мысалы, міндетті зейнетақы төлемдерінен әлеуметтiк аударымдар төленбейді. Әлеуметтік аударымдар төленбейтін табыстар тізімі Әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ережесінде белгіленген.
Әлеуметтiк аударымдарды төлеу ай сайын,
айлық табыстан жалақының ең төмен мөлшерінен кем емес және ең төмен жалақының он еселенген мөлшерiнен аспайтын мөлшерде жүргізіледі.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударылатын әлеуметтiк аударымдардың толықтығын және уақытылы төленуін қадағалауды мемлекеттік кіріс органдары қамтамасыз етеді.
Мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру мынадай түрлерге бөлiнедi:
1) еңбек ету қабiлетiнен айырылуы жағдайына;
2) асыраушысынан айырылуы жағдайына;
3) жұмысынан айырылуы жағдайына;
4) жүктілігіне және босануына байланысты табысынан айырылуы жағдайына;
5) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты табысынан айырылуы жағдайына;
6) бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылуы жағдайына.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдерді қалай алуға болады?
Бұл үшін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың  тұрғылықты жері (тіркелген жері) бойынша құрылымдық бөлімшесіне жүгіну қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемдердің үш түрі: еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда, асыраушысынан айырылған жағдайда, жұмысынан айырылған жағдайда төленетін төлемдерді тағайындау үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына өтініш беруге болады.
Еңбек ету қабiлетiнен айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлем еңбек ету қабiлетiнен айырылған деп белгiленген барлық кезеңге тағайындалады. Ол әлеуметтiк төлем тағайындауға өтiнiш берушінің жұмысты тоқтатқанына немесе iстеп жатқанына қарамастан тағайындалады. Жалпы еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесін куәландыру медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу арқылы жүзеге асырылады.
Егер отбасының асыраушысы жұмыс істеген және ол үшiн Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген адам қайтыс болса, асыраушының отбасы мүшелерi асыраушысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді алуға құқылы. Сондай-ақ, әлеуметтік төлемнің бұл түрін алуға сот хабар-ошарсыз кеттi деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған асыраушының отбасы мүшелерi де құқылы болады.
Егер Сіз жұмыссыз қалсаңыз, біріншіден Сіз жұмыспен қамту мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға жұмыссыз ретiнде тiркелуіңіз қажет. Содан кейін Сіз жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тағайындауға өтініш білдіре аласыз.  Әлеуметтік төлемдердің бұл түрі өтініш беруші үшін төленген әлеуметтік аударымдардың ұзақтығына байланысты бір айдан төрт айға дейін тағайындалады.
Мемлекет балалы болуды жоспарлап отырған әйелдерге де ерекше қамқорлық көрсетеді.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдердің кең тараған түрі ана мен баланы әлеуметтік қолдауға төленетін төлемдер болып табылады және олар төленген әлеуметтік төлемдердің жалпы сомасының
93 %-ын құрайды.
Жұмыс істейтін әйелдерге жүктілікке және босануға байланысты еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріліп, жүктілікке және босануға байланысты жұмыс орнынан демалысқа шыққаннан кейін жүктiлiкке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтiк төлем тағайындалады. Бұл әлеуметтік төлемнің мөлшерi әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген айлық табыс мөлшеріне және еңбекке жарамсыздық парағында көрсетілген күндері санына тікелей байланысты болады. Төлем жүктілікке және босануға байланысты берілген демалыстың барлық кезеңіне төленеді.
Бала туғаннан және жұмыс орнынан бала күтіміне байланысты демалыс берілген соң, жұмыс істеген әйелге бала бiр жасқа толғанға дейiн оның күтiмiне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк төлем тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің бұл түрі баланың тууы туралы куәлiгiнде көрсетiлген туған күнiнен бастап ол бiр жасқа толған күндi қоса алғандағы мерзімге төленеді. Екi және одан да көп бала туған жағдайда бұл әлеуметтiк төлем әр балаға жеке тағайындалады.
Қазақстанда құрылған міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі қарқынды түрде дамып келеді және қазіргі таңда жұмыс істейтін халықты әлеуметтік қорғауда өзінің тиімділігін көрсетіп отыр. Мемлекеттік әлеуметтiк сақтандыру қорына төленетін әлеуметтiк аударымдар нақты әлеуметтік төлемдерді төлеуге бағытталады. Әлеуметтiк аударымдардың мақсатты бағытталуы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына әлеуметтік тәуекел туған жағдайда жоғалтқан табысының бір бөлігін үзіліссіз және кешіктірмей қайтарып алуына мүмкіндік береді.
Әлеуметтік қолдаудың осындай қосымша түрі тек жұмыс істейтін адамдарға ғана көрсетілетінін есте сақтауымыз керек. Расында бүгінгі таңда жұмыссыз қалу мүмкіндігі өте жоғары. Алайда, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры осындай қиын кезеңнің өзінде жүйенің қатысушыларына жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтiк төлемді тұрақты түрде төлеп келеді, бұл оларға басқа жұмыс іздестіруге, Жұмыспен қамту орталықтарында қайтадан тегін оқуға немесе өз ісін ашуға мүмкіндік береді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар