Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әкемді ұмытпаған екен - АРҚА АЖАРЫ

Әкемді ұмытпаған екен

Ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталғанда бас көтерер азаматтардың бәрі елімізді жаудан қорғауға қан майданға аттанып кете барды.

Сол майдан даласында қаза тапқан  сарбаздарымыздың ерлігін мәңгі есте сақтау – біздің азаматтық  парызымыз. Осыны бүгінгі жастар түсіне, түйсіне біледі, боздақтарды еске алу кешінде болған менің бұған көзім анық жетті. Соғысқа барған майдангерлер ғана емес, ауылда қалып,  таңның атысы, күннің батысы ерінбей еңбек еткен қарт-құртаң, бала-шаға мен  мүгедектердің де ісі ерлікке пара-пар. Себебі, ол кезде бар қиыншылық солардың мойнына түсті. Міне, бүгін сол сұрапыл соғыстың жеңіспен аяқталғанына да жетпіс жыл толды. Осыған байланысты Ақкөл ауданының Амангелді ауылында өткен  шараның енді менің есімде көпке дейін сақталып қалары сөзсіз. Аталған елді мекендегі мектептің залына осы ауылдан соғысқа аттанған жауынгерлердің туған-туыстары лық толды. Олардың қайбірі елге оралса, кейбірі сол жат жерде Отанын қорғап жүріп оққа ұшқан сарбаздар. Өздері ажал құшса да, ерліктері ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқандығын, іздеушілерінің барын шараға келген қауымның көптігінен де көруге болады.  Майдангерлердің жақындарынан басқа, Ақкөл ауданының имамы, аудандық әкімдіктің өкілдері және ауыл әкімі де бұл тағылымды жиынның басы-қасында жүрді.
Шара барысында  осы ауылдың тумасы,  Ақкөл қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Еркін Дәуешұлы, басқа да азаматтар соғыс зардаптарын айтып, майдан даласында болғандардан естіген естеліктерімен бөлісті. Ал, мектеп оқушылары сол жылдар әндерімен кездесудің шырайын келтіріп отырды. Ол шығармалар қатарында «Кестелі орамал»,  «Жас қазақ» сынды рухты, әрі лирикалық шығармалар болды.
Мен бұл ауылдан бала кезімде кеткен едім.  Әкем осында  басқарма болған-ды.Толқи отырып,  араға 70 жыл салып шағын
Отаныма оралып тұрғанымды айттым.  Соғысқа кеткен ағаларым, олардың ерліктері  туралы да әңгімелеп бердім. Үлкен ағам Сағадат Құлмағамбетов Харьков түбіндегі  шайқаста қаза тапты. Ол  құрамында болған 106-ыншы атты әскер  дивизиясының аты тарихта қалды.  Мен оған ағамның да қосқан үлесі зор деп білемін. Ал, екінші ағам Сатылған Құлмағамбетов  оныншы сыныпты бітірмей, қан майданға аттанып кетті.  Польша, Шығыс Пруссия майданында болып,  соғыста көрсеткен көзсіз ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен және бірнеше медальдармен марапатталды. Бұл ағам елге аман-есен оралды.
Қазір Амангелдіде тума-туысым болмағанымен, ауыл адамдары қасыма келіп, «Е, Баукеңнің қызы екенсің ғой!..» деп жылы лебіздерін білдіріп жатты.  Әкем туралы жақсы сөздер естігенде, өзімді төбем көкке бір елі жетпей тұрғандай сезіндім. «Әкең өлсе өлсін, әкеңді көрген өлмесін!» деген осы болар, бәлкім. Осындай керемет әсер қалдырған кездесудің боларын хабарлаған, оны ұйымдастыруға ұйтқы болған Еркін Дәуешұлына менің айтар алғысым шексіз. Ерлердің есімін ел жадында жаңғыртып тұрар осындай ерлер аман болғай.

Қапан СӘДҒОЖИНОВА,
Бозайғыр ауылының тұрғыны.
.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар