Жаныңды жабырқатқан жазулар

«Ана тілің – арың бұл, Ұятың боп тұр бетте» деп ақын Қадыр Мырзалиев жырлағандай ана тілім – айбыным. Тілі барда ғана қазақ мәңгілік. Тіл, діл, дін – біздің рухани құндылықтарымыз.

Көңілде күдік пен үрей басым. Қорқыныш сезім де жоқ емес. Бәз біреулер қолын шошайтып, тап бір маған күліп тұрғандай. Неліктен? Неге? Тілін ардақтай білмеген ұлттың ұрпағы дей ме екен іштерінен. Кім білсін. Қатты ұяламын.
Бірде ұсақ-түйек алуға базарға бардым. Әдеттегідей «Рубин» көтерме сауда орталығына кірдім. Бірлі-жарым ұсақ-түйек заттарды алып, сүт өнімдері сатылатын жерге бас сұқтым. Бадырайып төбеде «Табиғи сусын іш. Осы жерден алаңыз» деген жазу ілініпті. Сатушыдан сұрадым. Мына жерде дұрыс жазылмапты. Неге түзетпейсіздер? – дедім.
–Білемін, бізге бұрын да біреулер ескертіп еді. Бірақ, мұны түзетіп, қайта ілу үшін қаншама ақша кетеді? Сондықтан тұра берсін, – деп сатушы келіншек күңк ете түсті. Тиын санаған тірліктегі жүйкесі тозып тұрған келіншектің бұған бас ауыртқысы жоқ.  Иә, тиісті мекемелер назар аудармай жатқанда, орыс келіншегі қазақ тілін қайтсін. Өзге түгілі, өзіміздің арамызда да ана тілін менсінбеушілер толып жатыр емес пе? Тілімнің абыройынан ақшаны артық көретіндері өкінішті, әрине. Көңілге күдік ұялап, өзімді біртүрлі сезінген соң  сыртқа шығуды жөн көрдім.  Екі қадам аттамай-ақ тағы да қате жарнамаға көзім түсті. «Жаңа түсірімділер көктемгі үстіңгі киімдер Балаларға, Әйелдерге және Ерлерге». Астында «Новое поступление весенней верхней одежды Детской, Женс-кой, Мужской» деп орысшасы қоса жазылған. Бұл жарнаманы қай білгіш аударды екен деп ойладым. Кім аударса ол аударсын, бірақ, қазақ тілін қорлауға бола ма? Егер аудара алмаса, білетін біреуден жөн сұраса етті. Кез-келген ұлт жанашыры қазақша дұрыс баламасын айтар еді ғой. Одан әріде аяқ киім дүкені тұр. Атауы да қызық екен. «Й» әрпінің үстіңгі таяқшасы түсіп қалған, не әдейі осылай жазылған. «Аигүл» деп бадырайып тұр.
Базардағы қаптаған қате жарнамалардан көз сүрінеді. Сонда бұл жөнсіз жарнамалар қашан ретке келтірілмек?  Құзырлы органдар мен мекемелер мараторийді сылтау еткенше, мүмкіндігінше, осы сорақылықты түзетумен айналыспай ма?  Тағы да қате жарнама… «Жазғы және қысқы былғарыдан жасалған аяқ-киімннің жаппай сатылымы 50 % жеңілдіктер» делінген. Орысшасы «Распродажа летней и зимней кожанной обуви скидки 50%».Дұрысы «Былғарыдан жасалған жазғы және қысқы аяқ киімдердің жаппай сатылымы» болмай ма? Жә, мына бір қызықты қараңыз. «Рио» ойын-сауық және сауда орталығы маңында сауда-саттық бутиктері бар. Бадырайтып «Түсқағаздар» деген жарнама ілулі тұр. «Обои» деген сөздің баламасы тұсқағаз. Осылайша «Троя» көтерме-бөлшек сауда кешенінің маңынан өтіп бара жатқанымда, жоғарыда ілулі тұрған тағы бір жарнамаға көзім түсті. «Игрушки» деген сөз «ойыншыктар» деп жазылған екен. Оған қарама-қарсы «Висла» дүкені тұр. Мұндағы «дүкен» сөзінде «е», «магазин» сөзінде «а» әріптері түсіп қалған.
Базардағы жарнамалардағы жазуларға кез-келген адам назар аудара бермейді Ал, қазақ тіліндегі жазуларға одан бетер ешкім бас ауыртпайтыны анық.
Осы көргендерімнен көңілім құлазып, үйге қарай бет алдым. «Астана» сауда үйінің төбесіндегі «Канцелярские товары оптом и в розницу» деген жарнама «Кеңсе тауарлары толайым және даналапты» деп аударылыпты. Дұрысы «Кеңсе тауарлары көтерме және бөлшек саудамен» деп аударылуы тиіс еді. Бұл мен байқаған бірлі-жарым жарнамалардағы қателер. Ал,  мен көрмеген қателер қаншама?  Мұндай жөнсіздіктер қашан дұрысталар екен? Тым болмаса құзырлы органдар мен мекемелер аталмыш сауда-саттық орындарына ескерту жасаса етті. Өзгеге қозғау салып, ойландырайық. Жөнге келіп, қорытынды шығарар.
Осы мақалада тағы бір мәселеге тоқтала кетуді жөн көрдім. Жалпы, ана тілімізге қатысты жөнсіздіктер аз емес. Соның бірін айта кетсем артық болмас. Жуырда редакция тапсырмасымен бір ауданға хабарласқан едім. Телефонның әр жағындағы қыздың дауысын естіп, жүрегім жылып кетті. Өйткені, «Сәлеметсіз бе?» деп амандасқан қыздың үнінен жылылықты байқадым. Қазақ екеніне де еш күмәнім жоқ. Мен де жалма-жан амандасып, жөн сұрастым. Бірден уақыт алмайын деп өзімнің не шаруамен хабарласқанымды айттым. Бірақ, хатшы қыз жұлып алғандай, «Говорите по-русски, мне непонятно» деді. О, тоба осындай да болады екен. Қазіргі жағдайда бұған сірә таң қалуға болмас. Қайран, менің ана тілім! Қашанғы жетімнің күйін кеше бермексің.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар