Жеке кәсіпке бет бұрған

Сағындық Қасымов прокуратура органындағы қызметін фермерлікке алмастырып, әке ісін жалғастырып отыр

Наурызбай батыр ауылында «Ораз-2014» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жұмыс істеуде. Өткен жылы Қарабауыр ауылында «Князь» шаруа қожалығы құрылған болатын. Осы екі шаруашылықты да Сағындық Қасымов басқарады. Бұрындары «Фрунзе» кеңшарының бөлімшесі болған бұл ауылда 40 шақты шаңырақ болған көрінеді. Қазір үйдің саны   9.
Ауыл маңайында бұлақ пен шөбі шүйгін жайылым жер мол болғандықтан, сол жылдары бөлімшеде мыңға тарта жылқы,  20 мың қой бағылыпты. Сағындықтың әкесі Сайран Қасымов бар саналы ғұмырын жылқы бағуға арнаған жан екен. Ол бұдан он бес жыл бұрын қайтыс болыпты. Кейін істі әкесінің ағасы, бұрындары «Щорс» кеңшарын басқарған Сайын Қасымов одан әрі жалғастырады. Ол кісінің қайтқанына да үш жыл  өтіпті.
– Әкем мен ағамның игілікті ісін жалғастыруға бел будым, – дейді шаруа қожалығының басшысы Сағындық Қасымов, – Еңбек жолымды Еңбекшілдер аудандық прокуратурасында бастап, кейін облыстық прокуратурада 6 жыл қызмет еттім. Әкемнен қалған малға бас көз болатын адам болмады. Осыған байланысты қызметімді ауыл шаруашылығы саласына ауыстыруға тура келді. Абылай ханның қасында жүрген Ораз біздің бабамыз. Ата атымен серіктестікті атадық. Ата-бабамыздың жеріне ие болып, мал шаруашылығын дамытуды қолға алдық. Ауыл іргесіндегі Оразбұлақ деген жерге жаңа үйлер, қасапхана мен мал қораларын салуды көздеп отырмыз. Әкемнің «Князь» деген тұлпары болды. Оны өте жақсы көретін. Тұлпар мерт болғанда қатты қайғырды. Әкемді жиі еске алу үшін шаруа қожалығын «Князь» деп атадық.
Қазір шаруа қожалығы мал шаруашылығымен және қымыз өндірумен айналысады. Наурызбай батыр ауылында орналасқан «Ораз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 1 мың гектар егістік алқабы мен ірі қара мал бар. Алдағы уақытта шаруа қожалығы тек мал шаруашылығымен, серіктестік егістік алқабымен айналысуды көздеп отыр. Мал басы артқан сайын мал азығы базасын нығайту қажеттігі туындайды. Осы бағытта да біраз жұмыстар атқарылмақшы. Қымыз өндіретін цех ашу да қарастырылған.
Несие арқылы өнім өңдейтін қондырғылар сатып алу да ойларында бар.   Мұндағы сауыншылар Қарлығаш Оразбаева, Райгүл Сұлтанова мен қымыз баптаушы Элмира Әлмағамбетова өз істерінің хас шеберлері. Олар қымыз баптауды Сәуле Қасымовадан үйренгендерін айтады. Бұрын қымыз қолмен пісілетін. Жуырда қожалық арнайы электрқондырғы сатып алып, жұмыстарын біраз жеңілдетіпті. Қымыз бөтелкелерге құйылып, «Бурабай қымызы» деген атаумен шығарылуда. Бурабайдың шипажайларына ай сайын 3 тонна қымыз жеткізілетін көрінеді. Биылғы жылы бұл өнімді Астана, Көкшетау және Щучинск қалаларының дүкендерінде сату көзделіп отыр.  Былтырғы жылдан бері елу бас бие сауу қолға алыныпты. Қазір қысы-жазы қымыз өндіріледі. Сондай-ақ, бұлар «Құлан» бағдарламасы аясында елу жылқы сатып алмақшы.  Шаруа қожалығында 13 адам жұмыс істейді. Жылқыны бригадир Дәулет Қозыбаев, Қайырбай Біржанов пен Алдан Ғазизов бағады. Олардың жұмысына су жаңа «Нива» автокөлігі бөлінген. Ірі қара мен жылқы басы көбейсе, жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Жылқышылар еңбекақыларын ай сайын уақытында алады. Орташа еңбекақы 80 мың теңгені құрайды. Зейнетақы қорына да ақша аударылып тұрады.
– Бүгінгі таңда 100 бас ірі қара мал мен 300 қой ұстаймыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы. – Өткен жылы аудан әкімдігі 300 гектар жайылым жер бөлді. Қазір қожалықтың 500 гектардай жайылым жері бар. Бұл ірі қара мал басын көбейтуге жол ашты. Осы орайда, жаңа мал қорасын салдық. Шаруа қожалығын дамытуға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Өндірілген мал өнімдеріне субсидия төленеді. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алудағы жеңілдіктерді пайдаланып, техника паркін жаңартуды көздеп отырмыз. Биылғы жылы жаңа трактор мен бума шөп орайтын агрегат сатып алмақшымыз. Әзірше, екі жүк автокөлігі мен бір жаңа тракторымыз бар. Кеңес заманынан бері келе жатқан К-700 тракторлары мен өзге техникалардың бәрі ескірді. Әйтеуір, бәрін жөндеп, іске жаратып жүрміз. Бұл жағдайда Наурызбай батыр ауылындағы серіктестіктің механизаторлары мен жүргізушілері  көмектеседі.
Шаруа қожалығының басшысы Сағындық Қасымов ауыл шаруашылығы саласында түсінбейтінін үлкендерден сұрап алудан жалыққан емес. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нариман Төлепов мемлекеттік қолдау мен несие алу жөнінде көп мағлұмат беріпті. Қожалықтың малы Абылайхан ауылдық округінің мал дәрігері Хасен Құсайыновтың жіті бақылауында тұрған көрінеді. Әкесі мен ағасының игілікті істерін одан әрі жалғастыруды діттеген Сағындық Қасымовқа анасы мен қарындастары әрқашан қол ұштарын созып жүр.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар