Көкшедегі өнер мерекесі

Бүгін Көкшетауда өңіраралық музей фестивалі мен «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі өтеді.

Киелі Ақмола – ежелден ән мен жырдың алтын бесігі атанған қасиетті өлке. Ән Меккесі – өнерлі ордада сері Ақанның, сал Біржанның, Балуан Шолақтай дара тұлғалардың дауылпаз үні әлі күнге дейін аспанда қалықтап тұрғандай. Осы киелі топырақта облыс әкімінің, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Қазақ хандығына 550 жыл» өңіраралық музей фестивалі және «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі ұйымдастырылып отыр.
Бұл туралы осыдан бірер күн бұрын облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева «Ақмола Медиа Орталығында» өткен баспасөз мәслихатында әңгімелеп берді.
Еліміздің тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, қазақ халқының ұлттық тарихын кеңейту, халықаралық музейлер ынтымақтастығын орнату, сондай-ақ, жаңашыл кезеңдегі музейлердің ғылыми қызметтік саласын кеңейту мақсатында өтіп жатқан өңіраралық музей фестиваліне Венгрия, Италия, Ресей елдерінің көрнекті ғалымдары келді. Атап айтқанда, Болон университетінің профессоры Жан Лука Бонора, «Маджар – Туран» халықаралық қорының жетекшісі, жаратылыстану музейінің директоры Биро Андраш Жолт, Новосібір мемлекеттік университетінің археология мен этнология кафедрасының профессоры Леонид Бобров пен республикалық, аймақтың деңгейдегі музейлердің ғылыми қызметкерлері қатысуда.  
Өңіраралық музей фестивалінің бағдарламасында ғылыми-тәжірибелік конференция, «Қазына – Prezent» мультимедиялық музей жобаларының көрсетілімі, «Өнер – Fest» жәрмеңке-көрмесі ұсынылуда. Оған шамамен, 90-ға жуық қолданбалы өнер шебері қатысуда. Осы күні облыстық филармонияда ұйымдастырылып отырған «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі де өңіраралық музей фестивалінің жарасымды жалғасы іспеттес.   
Бұл шараға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Монғолия, Башқұртстан елдері мен Таулы Алтай аймағынан әлемдік деңгейдегі музыканттар мен фольклорлық ансамбльдер келді. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасынан «Тұмар» ансамблі, Монғолиядан «Дигуилан» халықтық музыка тобы мен Ресей, Беларусь елдерінен «Заряница», «РАМЕ» фольклорлық ансамбльдері шақырылған. Бұған қоса, Астана, Қостанай, Көкшетау қалаларының «Көк түріктер», «Мирас», «Айнакөл» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері мен  Петропавлдан «Әлқисса» фольклорлық ансамблі өнер көрсетеді.  
Бір сөзбен айтқанда, осы өнер мерекесі арқылы көршілес елдермен ғасырларға ұласқан достық қарым-қатынасымыз да беки түспекші.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар