Осы аптада облыс әкімі Сергей Кулагиннің кезекті жұмыс сапарымен Целиноград ауданында болып, көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Оразақ ауылы тұрғындары үшін жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер құрылысымен танысқанын газетімізде бұдан бұрын хабарлаған болатынбыз.
Одан әрі журналистер сапары Қорғалжын ауданының Қарашалғын ауылдық округіне қарасты Ұялы ауылында жалғасты. Ауыл тұрғындары көпшіліктің көмегімен көктемгі су тасқынынан аман қалған. Қазір елді мекеннің айналасын терең су алып жатыр. Ұялылықтар сыртқа тек қана су бөгетінің іргесіндегі жолмен шығады. Округ әкімінің міндетін атқарушы Құсайын Жұмашевтің айтуынша, апаттың алдын алуға мемлекет органдары мен шаруашылық субъектілері көп көмектескен.
Облыс әкімінің тікелей басшылығымен Астанадан бірнеше арнайы техника алдырылып, 60 мың қап құм дайындалған. Сөйтіп, 5 шақырым су бөгеті тұрғызылыпты. Ауыл тұрғындары, әскери қызметкерлер мен осы
ауылдан шыққан азаматтар су бөгетін көтеруге бір кісідей жұмылған. «Ұялы» шаруа қожалығының басшылары Дархан Мергенбаев пен Арман Ідірісов жүз сарбаз бен шеттен келген адамдарды тамақтандыруды және олардың жатын орындарын өз мойындарына алған. Өздерінің ірі қара малдары мен бірнеше қойларын сойып, ыстық аспен қамтамасыз етіпті. Сең жүріп, жағдай күрделі сипат алғанда тасқынға тосқауыл қойылуына бар күш-мүмкіндікті жұмылдырған облыс әкіміне ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдіріп отыр.
Қорғалжын ауданы.