2015 ЖЫЛДЫҢ 18 МАУСЫМЫнда қасиетті рамазан айы басталады

ОРАЗАНЫҢ  НИЕТІ


Сәресіден кейінгі айтылатын тілек
«Нәуәиту ән әсумә сау-мәшәһри Рамаданә, минәл-фәжри иләл мәғриб»
Мағынасы:
«Ниет еттім таң атқаннан күн батқанша   Рамазан оразасын ұстамаққа».

 

 

 

АУЫЗАШАР ДҰҒАСЫ:

«Аллаһумма ләкә сумту уә бикә әмәнту уә ъалайкә тәуәккәлту уә ъала ризқикә әфтарту фәғфирли зунуби мә қаддәмту уә мә әххарту» Мағынасы: «Я Алла! Өзіңнің разылығың үшін ауыз бекіттім және Өзіңе иман келтірдім әрі Саған ғана тәуекел етіп, Сенің берген ризығыңмен ауыз аштым. (Я Раббым!) менің бұрынғы және кейінгі күнәларымды кешіре көр».

 

 

 

Оразаның шарттары қандай?

1. Мұсылман болу: Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан, жаңа мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына қаза керек емес. Олардың бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі: Құранда Аллаһ Тағала: (Мұхаммед) «Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйыл-
са, өткен күнәлары кешіріледі. Ал, егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің де үкімі орындалады» де».
2. Балиғат жасында болуы және ақыл-есі түзу болу: Бала мен ақыл-есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз(с.а.у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл-есі түзу болғанға дейін ақылы нұқсанға, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға.  Яғни, сана аса маңызды. Аллаһтың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата-анасы ораза ұстатып үйрету керек.
3. Ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу: Науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ, ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал, ораза ұстамаса, басқа күндері оразасын қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санау-лы күндерде. Кімде-кім науқастанса, яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін».
        
 Аузы берік кісіге мәкрүһ
және мәкрүһ емес нәрселер

І. Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау – мәкрүһ.  Бұл  оразаның  бұзылуына себеп  болуы мүмкін. Бірақ, көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың  дәмін   көріп,  түкіріп  тастауға  болады.   Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.
2.  Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану – мәкрүһ.
3. Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану – мәкрүһ.
4. Бал  немесе  май  секілді  сатып  алатын  нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.
5. Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау – мәкрүһ. Ал, жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.
6. Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы – мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.
7. Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.
8. Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі – мәкрүһ.  Өзіне  сенсе,  мәкрүһ емес.  Хадисте Пайғамбарымыздың (с.а.у.) зайыбын сүйгені және әзілдегені жайлы айтылады.
9. Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.
10. Аузы берік жанның гүл мен әтір секілділерді иіскеуі және сүрме жағуы, мұртын майлауы – мәкрүһ емес.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

1. Ұмытып ішіп-жеу. Пайғамбарымыз(с.а.у.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізген де Аллаһ». Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес» – делінген. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.
2. Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ, әлбетте намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Аллаһ Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар», – дейді.
3. Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған.
4. Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.
5. Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.
6. Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану – сүннет. Тіпті, тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ, ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып, жуу.
7. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ, жұлдырған уақытта ауыздағы қанды, яки, дәріні жұтпау шарт.
8. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ, тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.
9. Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ, бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.
10. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза бұзылмайды.
11. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.
12. Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.
13. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ, су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.

Ораза ұстай алмайтындардың жағдайы

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға пітір беру – уәжіп. Бұлар ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Немесе пітірді ақшалай береді. Бір кедейді алпыс күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең және кешке тамақтандыру, яки жүз жиырма жоқ-жітікті бір күн таңертең немесе тек қана кешке тамақтандыру жеткілікті.

Қанат ҚЫДЫРМИН,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының
Ақмола облысы бойынша өкіл имамы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар