Ғасырлар үні жеткен арайлы аймақ

Газетімізде бұдан бұрын хабарлағанымыздай, ежелден ән мен жырдың бесігі атанып келе жатқан сұлу да сырбаз Көкшетауда үлкен өнер мерекесі болып өтті. Ол – Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновтың қатысуымен өткен «Қазақ  хандығына 550 жыл» атты өңіраралық музей фестивалі мен облыстық филармонияда көрермен қауымның құлақ құрышын қандырған «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі! 

  Облыс әкімі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен облыстық мәдениет басқармасы ауқымды іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болды. Конференцияны облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева ашып, жүргізіп отырды. Өңіраралық музей фестивалінің жұмысы «Музей раритеттеріндегі Қазақ хандығының тарихы» атты ғылыми-тәжірибелік конференциямен бастау алды. Фестивальге алыс-жақын шетелдерден көрнекті ғалымдар, республикалық, аймақтық деңгейдегі музейдің ғылыми қызметкерлері қатысты.
– Берекелі де мерекелі, кербез де көркем Көкше жерінде дүбірлі думан басталды. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ең алғаш рет өңіраралық музей фестивалінің  біздің жерде бастау алғаны қуанышты жәйт. Ал, тарих біздің өткеніміз бен келешегіміз. Сондықтан, тарихты білу парыз, – деді өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов.

Пленарлық отырыста Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Күміс Сейітова осындай тарихи тың бастамалар елдігімізді айғақтап, мәдени құндылықтарымызды дәріптеуге мол мүмкіндік туғызатынын жеткізді. Ал, «Маджар – Туран» халықаралық қорының жетекшісі, жаратылыстану музейінің директоры Биро Андраш Жолт  баяндамасының алғы сөзін қазақ тілінде бастап, көңілге қуаныш ұялатты. Ол классикалық антропология мен заманауи антропология мәселелеріне тоқталып, генетикалық факторлар жайын сөз етті.  Конференцияда тарих ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразия» гуманитарлық зерттеулер ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері Айболат Құшқымбаевтың «Бөрілі менің байрағым» атты мазмұнды баяндамасы көптің көңілінен шықты. Мемлекеттіліктің белгісі ретінде ата-бабамыз ежелден мемлекеттік символдарға ерекше мән бергендігі туралы кеңінен әңгімеледі.
Пленарлық отырыс барысында тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Қадыржан Әбуев, Виктор Зайберт, Шайзада Тохтабаева, Рисалят Кәрімова мен Ресей Федерациясы Мәдениет министрлігінің сарапшысы Алексей Пастухов, Еуразия ұлттық университетінің PhD докторы Жақсылық Сәбитов баяндама жасады.  Ал, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Жаңбыршыұлы облыстық орыс драма театрының директоры Бейбіт Бақтыгереевке, облыстық филармонияның дирижері Илья Федоров  пен концертмейстер Марат Бектасовқа Қазақстан Республикасының  «Мәдениет саласының үздігі» құрмет белгісін табыс етсе, бірқатар ғалымдарды облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.  Шара соңында конференцияның қорытындысы шығарылып, ұсынымдар қабылданды. Өңіраралық музей фестивалі одан әрі «Қазына – Prezent» музейлік жобаларының мультимедиялық көрсетілімдерімен жалғасты.  
Тарих ғылымдарының докторы, Новосібір мемлекеттік университетінің археология мен этнология кафедрасының профессоры Леонид Бобров АҚШ-тың «Метрополитен» өнер музейіндегі «Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек ханның дулығасы» атты тұсаукесерін  көрермен назарына ұсынды.  Ал, Болонья университетінің профессоры Жан Лука Бонора төрт тілде жарық көрген үш жарым мың  сөз кіріктірілген терминдер сөздігін облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркеновке табыс етті.  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Музейінің есеп пен музейлік құндылықтарды сақтау орталығының жетекші сарапшысы Серік Сағымбаев музейдің көрме залына қойылған Абылай ханның қылышы туралы айтып берді. Ал, Қазақстан Респуб-
ликасы Ұлттық музейі қорының меңгерушісі Ұлжан Садықова қайта қалпына келтірілген Қазыбек бидің шапаны музей қорындағы құнды жәдігерлердің бірі екенін жеткізді. Қиын-қыстау заманда екі жыл жер астында сақталған шапан Қазыбек бидің алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметұлынан алынған. Әбден тозығы жетіп, кейбір жерлері жыртылғандықтан Ираннан арнайы жіп пен мата сатылып алынып, шапан қайта қалпына келтірілген екен.
Мультимедиялық көрсетілім барысында Солтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейі бірлестігінің этнография  бөлімінің меңгерушісі Сәуле Бәйтенова да «Ескі дулығаның сыры» атты тұсаукесерін ұсынды. Ал, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаева көрсетілім соңында «Ғасырлар аманаты» республикалық акциясының бас-тау алғанын жеткізіп,  бейне-
сурет  альбомымен таныстырды. Қысқаметражды көркем фильм-
де Абылай хан, Ілияс Есенберлин туралы бейне түсірілім бар. Сондай-ақ, фильмге Ақан серінің адалбақаны да арқау болған. Фестиваль барысында  Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің  арасындағы аллеяда қолданбалы өнер шеберлерінің «Өнер – Fest» көрме-жәрмеңкесі болып өтті. Кешкісін облыстық филармонияда «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалі өткізілді. Ал, оның алдында КСРО және Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, көмеймен ән айтуды, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, қауырсын сырнай, шаңқобыз сияқты қазақ халқының ежелгі музыкалық аспаптарын жетік меңгерген аспапшы Еділ Құсайынов бастаған фольклорлық ансамбльдері жетекшілерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды.  Баспасөз мәслихатында өнерпаздар  сахарадай кең дархан халықтың ақ пейілі мен қонақжайлығын сөз етіп, ұйымдастырушыларға зор алғыс білдірді. Ал, «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивальге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Моңғолия, Башқұртстан елдері мен Таулы Алтай аймағынан келген әлемдік деңгейдегі музыканттар мен фольклорлық ансамбльдер қатысты.  Алғашқылардың бірі болып облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Әділ Құсайынов концертті бастады. Ол Жарылғап-бердінің «Топайкөгін» тамылжыта шырқады. «Айнакөл» ансамблінің сүйемелдеуімен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Мереке Бекмағамбетов «Сырлы Көкше» әнін, халықаралық байқаулардың лауреаты Эльмира Төлеубаева «Гәкку» би ансамблімен «Айнакөл» әнін орындады. Ал, Моңғолиядан келген «Дугуилан» тобының жігіттері атбас қобыз, шор, суар, топшыр, қой тері думбақ, шаңқобызда ойнап, халық әндерін орындады. Ресейден келген «Заряница»  фольклорлық ансамблі де тамаша өнер көрсетті. Бұл кеште Алматыдағы П.И. Чайковский атындағы музыкалық өнер колледжінің түлегі, республикалық байқаулардың лауреаты Нұрбек Қабылұлының орындауындағы «Ортеке» халық күйін жұртшылық ыстық ықыласпен қарсы алды. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының шанби халық әндерін орындаушы Суй Мияу мен «Тұмар» ансамблінің өнері де көптің көңілінен шықты. Концертте Таулы Алтайдың әншісі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі топшур, шоор сияқты ұлттық аспаптарды жетік меңгерген Болат Байрышев көмеймен ән айтып, жұртты тамсандырды. Беларусь елінен «РАМЕ» фольклорлық-этнографиялық ансамблі де өз өнерін ортаға салды. Қостанай қаласының «Мирас» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен Ақан серінің «Ләйлім шырақ» әнін Ботагөз Дүбірбаева тамаша орындады. Шайхзада Бабич атындағы мемлекеттік республикалық жастар сыйлығының лауреаты, есімі әлемге әйгілі қобызшы Миндигафур Зайнетдиновті де көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алды. Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Әлқисса» фольклорлық ансамблі мен Астанадан келген «Көк түріктер» фольклорлық-этнографиялық ансамблі де табыс-
ты өнер көрсетті.  Ал, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Еділ Құсайынов кеш көркін қыздырды. Көмеймен ән айтып, көкшелік көрермендер мен шетелдік қонақтарды көтеріңкі көңіл-күйге бөледі. Киелі сахнада Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Астана, Қостанай қалаларының фольклорлық ансамбльдерінің бірлесуімен күй шашу көптің көңілінен шықты.
Мерекелік кеш соңында өнерпаздарға облыс әкімінің атынан ықылас гүлі тарту етілді.
Кеше Қазақстан, Ресей, Қытай және Моңғолия мемлекеттерінің фольклорлық-этнографиялық ансамбльдерінің фестиваль шеңберіндегі гала-концерті кешкісін Тәуелсіздік алаңында жалғасын тапты.

Суреттерді түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар