Ұмтылыстар жасалуда

Ақмола Медиа Орталығында Аршалы ауданының әкімі Жомарт Нүркеновтің өңірдің жыл басынан бергі әлеуметтік-экономикалық даму  қорытындылары және алдағы  міндеттер туралы баспасөз мәслихаты өтті.

Аудан әкімі өз сөзін алдымен, өнеркәсіп саласынан бастады. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың алғашқы төрт айында аудандағы өнеркәсіптік өндіріс көлемі 3,7 миллиард теңгені құрап, нақты индекс көлемі 109,6 пайыз болды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында оң жетістіктер жетерлік.
Мәселен, аудан диқандары биылғы жылға белгіленген 163,1 мың гектар алқапқа ауа райының қолайсыздығына қарамастан мерзімінде толықтай дән сіңірген. Сонымен қатар, 7,5 мың гектар жерге майлы дақылдар, 1 мың гектарға картоп, 160 гектарға көкөніс, 100 гектарға көпжылдық және 6,2 мың гектарға біржылдық екпе шөп егілген. Ауданда трактор-машина паркі де жаңартылуда.
– Биылғы жылы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер барлығы 25 жаңа комбайн, 3 егін себу кешені және 49 трактор сатып алды, – дейді аудан әкімі.
Аршалылықтар егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын дамытуға зор көңіл бөліп отыр. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып, 1339,2 миллион теңгені құрады. Ауданда әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар көрінеді. Халықты жұмыспен қамту бағытында екі қолға бір күрек таба алмай жүрген 151 адамнан өтініш түскен болса, оның 59-ы тұрақты жұмысқа орналастырылған. Жалпы, аталған бағдарлама бойынша ауданда іс-шараларды өткізу үшін республикалық бюджеттен 8,4 миллион қаржы бөлінген. Биылғы жылы аудандағы мектеп бітіруші түлектер ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша орташа 82,6 ұпай жинап, облыста үшінші орынға көтерілді.
Сондай-ақ, Анар стансасында 25 науқасқа арналған дәрігерлік амбулатория және Жалтыркөл селосында медициналық пункт пайдалануға берілді.  
Аудандағы тағы бір басты мәселе, Жібек жолы ауылында салынып жатқан тұрғын үйлерді бас жоспарға сәйкес жүргізу және инженерлік коммуникация жүйесінің де дұрыс болуы аудан әкімінің бақылауына алынған.
– Биыл аудандық мәслихатта Жібек жолы ауылының аумағын кеңейту мәселесін қарастырдық. Жалпы, ауданымыз Астананың іргесінде болғандықтан, сол маңдағы ауылдық жерлердің абаттандыру мәселесі де ұдайы назарда. Сонымен қатар, бюджетке түсімнің қосымша көзін іздестіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ғимараттарды нарықтағы бағасына дейін қайта бағалауға, жалға берілген жер телімдерін сатып алу бойынша талпыныстар жасалуда, – деп мәлімдеді брифингте аудан әкімі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар