Қаңтарылған құрылысқа жан бітті

 Облыс орталығындағы М.Горький мен Е.Әуелбеков көшесі қиылысындағы «сақалды» құрылыстың жарымжан қаңқасы үңірейіп тұрғанына  сегіз жыл өтіпті. Бұрынғы бас  мердігер «МГТ Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимараттың тек төрт қабырғасын көтеріп, құрылысты аяқтамай, тастап кеткен еді.

Алғашында қала тұрғындары 9 қабатты жаңа ғимараттың бой көтеріп келе жатқанына қуанса, кейін қала сәнін бұзатын сақалды құрылыстың маңайы күл-қоқыс орнына айналғанын айта бастады.  Бүгінгі күні бұл құрылысқа жан бітті. Мамыр айының басында құрылыс алаңында кәсіпкер Ғалымжан Көпішев басқаратын «К.Г.С. Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің 12 құрылысшысы жұмыс істей бас-тады. Мамандар нысан құрылысын нормативтік мерзімде аяқтауды көздеп отыр. Қарағанды қаласының жобалық институтында жасалған барлық құжаттама мердігерге тапсырылды. Құрылыс жұмыстарын бастау үшін білікті мамандар тартылып, қажетті құрылыс материалдары әкелініпті. 25 тонналық автокран жұмыс істеп тұр.
Біз құрылыс учаскесінде прораб Жәдігер Ерішевке жолығып, әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, құрылысшылар бұл ғимараттың барлық жұмыстарын атқармақшы. Жаңбырбай Ақмағамбетов басқаратын кешендік бригада монолиттік-қаңқалық технология бойынша талай ғимарат тұрғызыпты. Мамандар бұл істі жақсы меңгерген, әрбіреуі бірнеше мамандықтың иесі. Көбінің мұндай нысандардағы жұмыс тәжірибесі мол. Олар он екі күннің ішінде ғимараттың бір қабатын тұрғыза алатын көрінеді. Құрылысшылар нысанды тұрғызу кезінде энергия үнемдеу технологиясын қолданады. Бірінші қабаттың қабырғасы полис-тиролмен желімделсе, өзге қабаттың қабырғаларына жылу шығармайтын «Изотерм П 100» материалы пайдаланылады. Ішкі қабырғалар газоблок пен кірпіштен қаланса, еден керамикалық плиткамен безендіріледі. Ғимараттың шатыры қазіргі заманғы «унифлекс» материалымен жабылады. Жобада нысан аумағына автотұрақ алаңын салу, шағын сәулеттік пішіндер орнату және ағаш көшеттерінің бірнеше түрін отырғызу сияқты абаттандыру жұмыстары қарастырылған.
9 қабатты ғимарат әкімшілік орталыққа арналып салынуда. Бірінші қабатта киім ілгіш, пошта бөлімшесі, нотариус офисі, демалыс бөлмелері, санитарлық жүйелері мен шаруашылық бөлмелері, екінші қабатта мәжіліс залы, келіссөз бөлмелері, буфет, үшінші-сегізінші қабатта офистік бөлмелер орналаспақшы. Нысанның 80 пайызы Қазақстанда жасалған құрылыс материалдарымен салынады. Жобаға сәйкес, ғимаратта лифт қарастырылған. Техникалық жертөледе жылу және электр жүйесі, су сорғыш орнатылады. Біз нысанда болғанымызда құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатты. Арматуршылар Жасұлан Тұйғынбеков пен Ғаділ Махатов арматурадан бағана қаңқаларын құрастырып жатты. Кейін бұл қаңқалар электр дәнекерлеуші Бүркіт Бектасов пен Жұмағали Қазиевке жіберілді. Бұлар конструкция-ны дәнекерлеп, ғимараттың бесінші қабатына орнатты. Мамандардың жіті қимылдарынан өз істеріне деген біліктілік пен сенімділікті аңғардық. Мұнда жергілікті құрылысшылар жұмыс істейді. Олардың көбі бұрын «Көкшетау құрылыс», № 1, 2 «Көкшетауқұрылыс» трестерінің және өзге де құрылыс-монтаж бөлімшелерінің нысандарында кәсіптік шеберліктің жақсы мектебінен өткен.
«К.Г.С. Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің фирмасы тұрғын үй және қоғамдық ғимараттарды тұрғызумен айналысып, құрылыс қызметі нарығында он жыл жұмыс істейді. Осы ұжымның қажырлы еңбегінің арқасында соңғы уақытта Көкшетау қаласының тұрғын үй қоры 300 пәтерге көбейді. Жуық арада автотұрағы бар 180 пәтерлік тұрғын үй кешені пайдалануға берілмекші. Олар салған бес және тоғыз қабатты тұрғын үйлердегі пәтерлер кең әрі жайлы, қазіргі заманғы қылтималар мен лоджалар орнатылған.
Шыны мен бетоннан салынатын әкімшілік орталығы Көкшетау қаласының сәулеттік көркін ажарландыра түспекші.

 

Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар