Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Әдеби-көркем, қоғамдық-саяси, әлеуметтік «Көкшетау» журналының жаңа 2 саны жарық көрді. - АРҚА АЖАРЫ

Әдеби-көркем, қоғамдық-саяси, әлеуметтік «Көкшетау» журналының жаңа 2 саны жарық көрді.

Журналдың бұл саны биыл туғанына 115 жыл толып отырған академик жазушы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабының  «Көкшенің биігінде» тарауымен ашылып отыр. Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына орай, Қанат Әбілсейітұлының «Көшпенділер» әлемге 3 миллион данамен тарады, 30 тілге аударылды» атты зерттеу мақаласы да қызғылықты оқылады. Бұл тақырыпты әрі қарай әдебиетші ғалым  Аманжол Есмағұловтың «Тарихи зердені жаңғыртқан ұлтжанды тұлға» мақаласы  толықтыра түскен.
Журналдың жаңа санынан оқырмандар сондай-ақ, жазушы Ғалихан Ахметовтың өздері асыға күткен «Үкілі Ыбырай» романының жалғасын да оқи алады. Журнал беттеріндегі Қалел Нұрмағанбетұлының «Сексенім–сеңгірім» топтама өлеңдері, Қанат Жойқынбектегінің «Сағыныштан туған ән», Амангелді Естайдың «Ши қалпақ киген жетім» әңгімелері, Мұсатай Ғалымның «Біржанның қаны – Керей, жаны – Арғын», Дәулет Әмірұлының «Алаштың асыл перзенті» мақалалары да ой саларлық туындылар.
«Қазақ хандығына 550 жыл» айдарымен берілген Жайнагүл Тамбайдың «Атбасар тарихы тереңде», Бектұрған Жамбабаевтың «Ұяда не көрсең…»,  сараптамалық мақалалары соны дәйек-деректерімен құнды. Мұндай дүниелердің қатарына жазушы Смағұл Рахымбектің «Атом мен адамзат», Бибігүл Бейсенбайқызының «Қазақтың қыстаулары» шығармаларын қосуға болады.
Өлең сүйер қауым бұл жолы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің зардабын тартқан белгілі ақын Аманғазы Кәріпжанәулетінің «Ортақ сырқат», Амангелді Жұмабектің «Элегия» топтама өлеңдерімен де сусындай алады. Асылбек Байтанұлының «Ақын болу – ардың ісі» рецензиясы талантты ақын, әдебиетші Ерболат Баятұлының шығармашылығының қыр-сырына бойлаған. Бұдан басқа, «Әлем әдебиеті»  айдарымен берілген Иван Буниннің «Қараңғы сая жолдар», Ги Де Мопассанның «Жюли Ромен» әңгімелері де суреткерлік қырларымен тәнті етеді.
Журналдың орысша бөлімінде Тұрғын Сыздықов-тың грек еліне жолсапар очеркінің жалғасы, Шаймұрат Тынымбаевтың бір топ өлеңдері және әдебиетші ғалым Наталья Локтионованың ақын Рена Жұманованың поэзиясы туралы ойлы пікірлері жарияланған.  
Журнал мазмұндылығына қоса, әдеттегідей көркем безендіріліп, сапалы басылуы-мен көз тартады.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар