Тұғырнама серпін берді

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетовтың  төрағалығымен филиалдың Саяси кеңесі бюросының кезекті мәжілісі болып өтті. Мәжіліс жұмысына облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов қатысты.

Мәжілісте алдымен партияның 2020 жылға арналған моноқалаларды дамыту жөніндегі Сайлауалды тұғырнамасының жүзеге асырылуының барысы туралы мәселе қаралып, Степногорск қалалық филиалы  төрағасының орынбасары Қажымұрат Шәкенов хабарлама жасады. Осы бағдарлама қолға алынғалы Степногорск қаласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен 10 миллиард теңге қаржы бөлініп, оның 8 миллиард теңгесі игерілген болып шықты. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, биыл да қаланың мұң-мұқтажына 1,4 миллиард теңге қаржы қарастырылып отыр. Мұның өзі бір есептен, былтырғы бөлінген қаржының толық игерілуінің арқасы.
Қазір осы қамқорлықтың арқасында қаланың бет-бейнесі жақсы жағына көп өзгерген көрінеді. Алдымен, өндіріске келсек, бірқатар  өнеркәсіп орындары іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылған. Бұл іс одан әрі жалғасын тауып, инвесторларды тарту қолға алынбақшы. Қаланың моноқалалар бағдарламасына енуі шағын және орта бизнесті дамытуға да қолайлы мүмкіндік туғызып отыр. Бүгінгі таңда 906 миллион теңгенің 20 жобасы қолдау табуда. 200 шақырым су құбыры жүйесі қайта жаңартылып,  сапалы ауыз су мәселесі де шешімін тауып келеді.  Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы нысандарын модернизациялау бағдарламасы да ойдағыдай орындалуда.
Мәжілісте жалпы алғанда, степногорлықтардың осы тұрғыда атқарып жатқан жұмысы оң бағаланғанымен, қала құрамына кіретін өзге де елді мекендердің жағдайын жақсарту, қосымша жұмыс орындарын ашу тұрғысынан сауалдар да болмай қоймады. Әсіресе, осындай жайларға келешекте баса назар аудару қадап айтылды.
Бұдан әрі мәслихаттардағы «Нұр Отан» партиясы аумақтық филиалдары депутаттық фракцияларының  жұмысы туралы мәселе талқыланып,  облыстық мәслихаттың депутаты Әнел Ерденова, Астрахан және Ақкөл  аудандық мәслихаттарының депутаттары А.Мальков және Айжан Мананбаева хабарламалар жасады. Соңғы екі хабарламашы аталған аудандардағы депутаттар фракцияларының жетекшілері болып табылады. Хабарламалардан облыстық, сондай-ақ, аудандық мәслихаттарда нұротандық депутаттардың елеулі істер тындырып, алда тұрған міндеттерді шешуге айтарлықтай үлестерін қосып келе жатқандары айқын аңғарыла түсті. Соның ішінде Ақкөл аудандық  депутаттар фракциясының оң тәжірибесі партияның орталық аппараты арқылы басқа жерлерге де таратылғалы отырғаны бәрімізге мерей болса керек. Соған қарамастан, облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары өз сөзінде депутаттардың өздерінің партиялық ортақ міндеттері мен парыздарына бұрынғыдан да жіті назар аударғандары абзал екендіктерін ескертіп өтуі де бекер емес сияқты.
Мәжілісте сондай-ақ, жұмыс регламенті туралы мәселе де қаралып, Көкшетау қаласындағы «Орталық» бастауыш партия ұйымы төрағасының орынбасары Бауыржан Ыбыраев пен «Қала» бастауыш  партия ұйымы төрағасының орынбасары Эльмира Бәсенованың хабарламалары тыңдалды. Саяси кеңес бюросы күн тәртібіндегі талқыланған мәселелер бойынша тиісті  шешім қабылдады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар