Облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов Тәуелсіздік алаңында «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивалінің гала-концертіне қатысушыларды арнайы дипломдармен марапаттады.
Көкше жерін үш күн бойы дүбірге бөлеген өнер мерекесі сәні мен салтанаты жарасқан гала-концертпен қорытындыланды. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, облыстық филармонияда өткен «Ғасырлар үні» фольклорлық-этнографиялық фестивальге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қытай, Моңғолия, Башқұртстан елдері мен Таулы Алтай аймағынан келген әлемдік деңгейдегі музыканттар мен фольклорлық ансамбльдер қатысты. Осы орайда, Тәуелсіздік алаңында өткен фольклорлық-этнографиялық фестивальдің гала-концертін «Айнакөл» фольклорлық-этнографиялық ансамблі алғашқылардың бірі болып бастады.
Кеш барысында Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайдың әні қалықтаған құт мекенде ата-бабамыздың асыл мұрасын дәріптеп жүрген халықаралық байқаулардың лауреаты Эльмира Төлеубаева «Көзіңнің мөлдірін-ай» атты халық әнін құйқылжыта шырқады. «Айнакөл» ансамблінің сүйемелдеуімен «Гәкку» би ансамблінің қыздары «Сыйлық» биін биледі.
Шарада фольклорлық-этнографиялық фестивальдің көркемдік жетекшісі, көмеймен ән айтуды жетік меңгерген Еділ Құсайынов, Таулы Алтайдың әншісі, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі Болат Байрышев, есімі әлемге әйгілі қобызшы Миндигафур Зайнетдинов көпшіліктің делебесін қоздырып, көрермендерді өнердің мөлдір тұнығына бойлатты. Сондай-ақ, Қытай Халық Республикасының «Тұмар» ансамблі, Моңғолияның «Дугуилан» халықтық музыка тобы, Ресей Федерациясының «Заряница», Солтүстік Қазақстан облыстық филармониясының «Әлқисса» фольклорлық ансамбльдері мен Беларусь елінің «РАМЕ», Астана, Қостанай қалаларының «Көк түріктер», «Мирас» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері өз өнерлерін ортаға салды. Шетелдік қонақтар фестивальдің жоғары деңгейде өткенін тілге тиек етіп, ұйымдастырушыларға зор ризашылық білдірді. Осы орайда, Қытай елінен келген «Тұмар» ансамблінің мүшесі Мейрамбек Ақсайұлы «Ғасырлар үні» фестивалінде көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, ерекше әсер алғандарын айтты. Үш күн бойы әр елден келген өнерпаздармен достық қарым-қатынас орнатып, өзара тәжірибе алмасқандарын зор қуанышпен жеткізді. Бес жігіттен құрылған «Тұмар» ансамблінің мүшелері кербез Көкшетаудың көз тоймас көркіне тамсанып, осындай фестивальдер жиі ұйымдастырылса деген тілек білдірді.
Шара соңында облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов фестивальдің қатысушыларына арнайы дипломдарды тапсырды.
Ақмарал ЖАНҒАЛИЕВА.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.