«Айбынның» жастары ерледі

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінің жанынан құрылған «Айбын» әскери-патриоттық клубы Қарағанды қаласында өткен республикалық әскери-патриоттық жиынға қатысып, жүлдемен оралды.

Қарағанды қаласының Спасск оқу орталығында өткен жиында «Айбын» әскери-патриоттық клубы облыс намысын қорғады. Қазақстандық патриотизмді қалыптастырып, Отанды құрметтеуге тәрбиелейтін патриоттық клуб мүшелері оқу-жаттығу барысында түрлі әскери тапсырмаларды орындап, алғы шептен көрінді.  Күн сайын жаттығып, дене шынықтырумен қатар, темірдей тәртіп пен қатаң талаптарға үйренген ұландардың жетістігі көңіл қуантады. Олар қашықтыққа жүгіру, қолды бүгіп-жазу, турникке тартылу, орында тұрып секіру, әскери жаттығулардан Калашников автоматын құрастыру, көздеп ату секілді тапсырмаларды бұлжытпай орындады.
«Айбынның» айбынды жастары әскери-патриоттық жиында алғырлығымен, шапшаңдығымен, білім-білігімен ерекше көзге түскенін баса айта кету керек. Жауынгерлік техниканы шебер меңгерген колледж оқушыларының жетістігі ұстаздардың жеңісі деп білген жөн.  Осы орайда, ұландарды әскери  тәртіпке тәрбиелеуде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері, полковник Есентай Жылқыбаев пен Жәмбет Құдабаевтың еңбегі елеулі.
Әскери-патриоттық клубтар арасында өткен республикалық жиында ұландар намысты қолдан жіберіп алмауға тырысып, жүлделі екінші орынға қол жеткізді. Осындай айбынды да жігерлі жастар біздің ғана емес, еліміздің мақтанышы.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар