Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кісіліктің биік өлшемі - АРҚА АЖАРЫ

Кісіліктің биік өлшемі

өмірлік ұстанымына айналған білікті дәрігер, ел ағасы  Болат Жанәділов 75 жаста

Жалпақ жұрт бойындағы кіршіксіз адамгершілік қасиетін, кісілік келбетін қапысыз таныған, өзі де туған өлкесіне анық бір адамдай еңбегін сіңірген Болат Сүлейменұлы 1965 жылы Қарағанды медицина институтының емдеу факультетін бітіріп келгеннен кейін облыстық ауруханада жұмыс істей бастады. Ол кезде қазақ дәрігерлері саусақпен санарлықтай аз еді. Туберкулезге қарсы күрес диспансерінде Қоңыратбек Құрманбаев істейтін, сосын Төлеухан Бертісханов.

 Болаттың анестезиолог екенін естігеннен кейін бір жолығып жүздесудің, етене жақын танысудың сәті түсе қоймады. Хирургия бөлімшесіне өзім іздеп бардым. Алматы қаласындағы А.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми орталығының жанындағы анестезиологтардың курсын бітіріп келген кезі екен. Ұзын бойлы, жүзіне мейірім нұры ұялаған, әр сөзін байыппен айтатын сабырлы да салмақты адам екендігі бірден байқалды. Екеуіміздің сөзіміз жарасып кетті. Ол кезде онкология ауруханасының жаңа ғана аяғынан тік тұрып келе жатқан кезі. Біздің ота жұмыстары әдепкіден әлдеқайда ауыр. Анестезиолог болмағаннан кейін жоспарлы оталарды жасау үшін Болат Сүлейменұлының көмегіне жүгінетін болдық. Оның өз жұмысы да басынан асып жатады. Ол тұста аудандарда да анестезиолог жоқ болатын. Соның барлығына күн-түн демей жұмыс істеп үлгеріп жүрді. Жұмыстың көптігіне шағым айтқан кезін естімеппін. Әйтеуір, облыстық ауруханадан шықпайтын. Біздің меселімізді бір қайтарып көрген жоқ. Келемін деген уақытында келіп тұратын. Кейін өздерінде аудандық ауруханалардың орта буын медбикелерін жинап, анестезиологтар курсын ұйымдастырды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының арнайы бұйрығымен ұйымдастырылған екі айлық курста тәп-тәуір білім алып, өз аудандарында жұмыс істей бастаған орта буын мамандарды іздеп барып, ақыл-кеңесін айтып, жұмыстарына жаңа бағыт беріп, тыным таппайтын.
1968 жылы тұңғыш рет Көкшетау облыстық ауруханасында анестезиология бөлімшесін құрды, өзі меңгерушісі болды. Меңгеруші екенмін деп қарап отырған жоқ, бұрынғы қалпында жүктің ауыр жағына иығын төсеп жүрді. Еткен еңбек еленбей қалмайды ғой. 1970 жылы Көкшетау облыстық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары болып тағайындалса, 1973 жылдан 1992 жылға дейін облыстық аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды. Болат Сүлейменұлының басшылық жасаған кезінде бес қабатты аурухана ғимараты салынды. Ғимарат жерасты жолымен асханаға жалғасатын. 1985 жылы төрт қабатты хирургия ғимараты салынды. Ол кезде де жаңадан ғимарат салу оңай-оспақ шаруа болмайтын. Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы Бәйкен Әшімовке барып, Көкшетаудағы денсаулық сақтау саласының осы бір түйткілді тұсына көзін жеткізіп, қыруар қаражат бөлгізуге септігін тигізді. Бұрын облыстық аурухана 350 кереуетке лайықты болса, ендігі арада 660 кереуеттік деңгейге қол жеткізді.
Денсаулық сақтау саласында адам айтқысыз зор беделге ие болған, өн бойынан тектілік пен тазалықтың самалы есіп тұратын Болат Сүлейменұлы 1992 жылдың ақпан айында Көкшетау облыстық әкімшілігі әкімінің орынбасары қызметіне ұсынылды. Осы қызметті 1997 жылға дейін атқарды. Сол кезде денсаулық сақтау, білім, спорт салаларымен қатар әлеуметтік салаға да жауап беретін. Менің ойымша ең қиыны да дәл осы сала болды. Өйткені, қоғамдық өміріміздегі жаңарумен қатар, тұрмыстық қиыншылықтар да туындап жатты. Жалақы мен зейнетақы уақытылы берілмеді. Ара-тұра халықтың наразылығы да айтылып қалатын. Міне, осындай ердің ері ғана шыдайтын ауыр кезеңді басынан өткерді. Уақыттың қиындығына тұла бойындағы табиғат сыйлаған қайсар мінезін, қиындықтың қай-қайсысынан болмасын қорықпайтын төзімділігін қарсы қоя білді. Атам қазақта кісінің бойындағы қасиетін саралап айтар тұста «жер қозғалса қозғалмайтын» дейтұғын теңеу айтылады. Өз басым ұзақ жыл бір салада қызмет еткендіктен дәл осы теңеуді тура Болаттың бойына өлшеп-пішіп айтылғандай көретінмін.
Сөз арасында Болат Сүлейменұлының бір ерлігін тілге тиек еткім келеді. Әдетте, өз басы «мен осындай шаруа істеп едім» деп кеуде соғудан аулақ мінезі бар. Тіпті, артық мақтауды да көңілі хош көрмейді. Мақтау үшін емес, тарихи әділдік үшін ақиқатын айтуымыз керек шығар. Сол кезде Келлер ауданына қарасты Литовочное деп аталатын елді мекенде ақыл-есі кем балалар үйі болды. Аудан басшыларына айтпай, жалғыз өзі суыт жүріп жетсе, балалар үйінің жағдайы мәз емес екен. Бұл енді жұқартып айтқандағымыз. Әйтпесе, онсыз да тағдыр жылатқан балалар бұрынғы ат қорада тұрып жатыр екен. Тамақ ішетін жері, ойнайтын орны, жатын бөлмесі ат қораның бұрышындағы бір бөлмеде. Мынандай адам төзгісіз жағдайды көргенде, тұла бойы тек мейірімділіктен жаралған Болат Сүлейменұлының жаны түршігіп кетсе керек. Сұрастырып көрсе, жаңағы балалардың көбінің әке-шешелері бар. Бірақ, мұнда келе бермейді екен. Қалаға оралысымен құрылыс тресінің басшысын шақыртып алып, бала бақшасын сұрайды. Бұл 1993 жылдар. Бала бақшалардың жекеменшіктің қолына көшіп жатқан уақыты. Ұзақ уақыт ырғасып отырып, трест басшысын көндіреді. Содан соң Литовочныйдағы балаларды жаңа орынға көшірген. Кейін барып білсе, бұрынғы тұрмыстарына еттері әбден үйренген балалардың жаңа орында өзгеше тәртіпке мойынсұнып кетудің өзі оңай емес екен. Тіпті, кіршіксіз ақ төсекке жатқысы, асханада қолдарына шанышқы ұстағысы келмейтіндей. Шамасы ат қорадағы азапты өмір дәл сондай тіршілік етуге көндіктіріп, еттерін үйретіп тастаған. Кейін жаңағы бала бақшаның жанында тұратын ата-аналардың әлденеше рет шағым жасағанын естідік. Сөйтсек, өз балалары сау ата-аналар ауру балалармен қатар өмір сүруді қаламайды екен. Бұл да бір қоғамның безбүйректеніп кеткендігінің көрінісі. Оның үстіне Литовочныйда балалар үйінде жұмыс істеген қызметкерлер жұмыссыз қалдық деп шағымданған. Кейін Болат Сүлейменұлы олардың барлығына жұмыс тауып беріпті. Литовочныйдағы бұрынғы орында ішімдікке салынғандарды емдейтін арнайы орын ашылған.
Егер оның орнында басқа біреу болса, онсыз да шаруасы шаш-етектен келіп жатқанда қияндағы балалар үйін іздеп барып, қаншама бейнетке батар ма еді. Осы бір ғана батыл әрекетінен Болат Сүлейменұлының бойындағы қайраткерлікті айқын аңғаруға болады.
Осы қызметте жүргенінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай еңбек сіңірді. Әсіресе, денсаулық сақтау саласындағы елеулі істері ел есінде. Мәселен, Көкшетау қаласында «Милосердие» атты медбикелік күтім ауруханасы, жүйке жүйесімен ауыратын балаларды емдеуге арналған «Болашақ» орталығы, медико-генетикалық орталық іске қосылды. Облыс орталығында замандастарымыздың рухани жан дүниесіне Сарыарқаның лүп еткен самал желіндей жып-жылы ағын құятын Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театры ашылды.
Болат Жанәділов бірнеше мәрте қалалық халық депутаттары кеңесінің депутаты болып сайланды. 1990 жылы баламалы негізде Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің халық депутаты болып сайланды. 1989-1999 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілі ретінде болашақты бағдарлауға зор еңбегін сіңірді.
Биылғы жылы өз інімнің еңбек жолын бастағанына тұп-тура елу жыл толып отыр екен. Елу жыл бір адамның ғұмыры емес пе? Зейнетке шықса да қол қусырып қарап отырған жоқ. 2005 жылдан бастап Көкшетау қаласы медицина қызметкерлері ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық ауруханада еңбек жолын жаңа бастаған жас мамандарға тәлімгерлік жасайды. Оның үстіне елдегі қоғамдық шаруаның басы-қасында ісіне тастай берік Болат інім жүреді.
Болат інім адамның тәнін ғана емдеп келе жатқан жоқ, жанын да емдейтін жанашыр жан. Қара ормандай қалың елдің тілі қазақша шықса екен деп жарғақ құлағы жастыққа тимей, қолынан келгенінше септесіп келе жатқан тілекшісі. Облыстық ауруханада мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге, оның мәртебесі мен маңызын арттыруға өз үлесін қосты.
Енді бір ауыз сөз осынау ерен еңбегінің лайықты бағалануы хақында. Бұл жағынан келгенде өзінің де өкпесі жоқ шығар. Әр жыл сайын табаны тастан таймаған тарланбоздай туған елінің мәртебесін биіктетуге шынайы жанашыр перзенті ретінде ерен еңбегін сіңірген ардақты жанның атаусыз қалған кезі жоқ. Соның ішінде ең бастыларын ғана теріп-теріп айтайық. Денсаулық сақтау саласының үздігі. 1981 жылы КСРО Жоғарғы Кеңес президиумының қаулысымен «Халықтар Достығы» атты орденмен марапатталды. «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау саласының үздігі», Көкшетау қаласының Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері. Әрдайым жүзге бөлмей, ұлтқа бөлмей, кімге болсын дос құшағын айқара ашатын абзал азаматтың кеудесінде Қазақстан халқы Ассамблеясының алтын белгісі қадаулы тұр.
Көкшетау осындай ұлдарымен ардақты. Еліміз осындай өз елі үшін өзегі өртеніп, шаршамай-шалдықпай қызмет ететін перзенттерімен сұлу. Егемен еліміздің әр азаматы дәл Болат Сүлейменұлындай жарты ғасыр жұмыс істеп, туған елдің тұғырын биіктетуге үлес қосса, мерейіміз әрдайым асқақ болар еді. Ұзақ жыл үзеңгі жолдас болған көңілі үстіндегі ақ халатындай аппақ таза, пейілі кең, тілегі зор дәрігерге ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін. Ынтымағы болаттай берік өркенді елімнің өр тұлғалы азаматы ғой.

Өмірбек БӘЙКЕНОВ,
денсаулық сақтау саласының ардагері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар