Жағдайың қалай, теміржол ауруханасы?

 Бүгінгі таңда жаңадан медицина орталықтарын ашу, кадрлардың біліктілігін арттырып, денсаулық сақтау мекемелерін заманауи құралдармен жабдықтау  мақсатындағы жұмыс күшейтіле түсуде. Өйткені, заман талабы солай. Халықтың сапалы, қолжетімді  медициналық көмек алуы үшін ақ халатты абзал жандар да тынымсыз еңбек етіп келеді.

  Біз басымыз ауырып, балтырымыз сыздағанда ғана  ем іздеп ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеміз. Ал, әншейінде ауруханадан ат тонымызды ала қашатынымыз бар. Осы бір жолы мақалаға медицина саласы қызметкерлерінің өлшеусіз еңбегі арқау болып отыр. Еткен еңбек пен төккен тер атаусыз қалмайды.
Ерекше бір сезіммен ауруханаға кіріп, дәрігерлерді сөзге тартуға асықпын. Ішке өте бергенімізде алдымыздан самайын ақ шалған қарт дәрігер шықты. Жүзінен мейірім шуақ төгілген ақ халатты періштедей әйел-ана біздерге жылы шырай танытып, аман-саулық сұрасты. Құдды бір өзімнің ауылдағы әжемді көргендеймін.  Тілге тиек етіп отырған бұл мекеме «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» акционерлік қоғамы филиалының Көкшетау теміржол ауруханасы болатын. Теміржол
ауруханасы тұрғындарға күнделікті медициналық қызмет көрсететін азаматтық клиника жүйесі ретінде және төтенше жағдайларда апаттар медицинасының госпитальдары ретінде қызмет көрсетеді.
Әңгімені әріден бастайтын болсақ, бұл аурухана 1965 жылы салынған екен. 60 орындық мекемеде терапия, хирургия бөлімшелері бар. Ал, күндізгі стационар 20 орынға шақталған. Аурухананың жанындағы емханада 11700 адамға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Емхана бес участкеге бөлінген. 33 дәрігер мен 93 орта буын медицина қызметкері науқастарға медициналық көмек көрсетеді. Күніне шамамен 150-ге жуық адам қабылдаудан өтіп, жүздеген науқас қаралады екен. Тағы бір айта кетерлігі, скринингтік тексерулер жүргізіліп, аурудың алдын алу бойынша нақты жұмыс атқарылады. Өкінішке орай, ауруханада жас мамандар аз. Оның басты себебін Көкшетау теміржол ауруханасы қарайтын апаттар медицинасының теміржол госпитальдары акционерлік қоғамы филиалының директоры Сырымбек Әжіғалиев жастардың бір-екі жыл тәжірибеден өткен соң  Астанаға аттанумен түсіндірді. Әрі бұл мекеме акционерлік қоғам ретінде тіркелгендіктен жас мамандардың тұрғын үй кезегіне тұруға мүмкіндіктері жоқ. Сол себепті, көбі бюджеттік медициналық мекемеде жұмыс істегенді жөн көреді. Осы орайда, филиал директоры, білікті дәрігер Сырымбек Елтайұлы кардиолог, травматолог, онколог, терапевт, лор, уролог  мамандар қосалқы жұмыс істейтінін айтып, алдағы уақытта оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге дайын екендерін жеткізді. Ал, заманауи медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де біртіндеп шешіліп жатқанға ұқсайды.  Негізінен қажетті құрал-жабдықтар Астана қаласында орналасқан орталықтың бас штабының қаржыландыруымен сатылып алынады. Жалпы, Қазақстанда теміржол ауруханаларының саны 16-ны құрайды. Сондықтан, орталыққа барлық ауруханаларды заманауи медициналық құралдармен қамтамасыз ету оңайға түспейді. Дегенмен, оң нәтиже де жоқ емес. Филиалдың қаражаты есебінен наркоздық аппарат, ЭКГ аппараты, микроскоп сатылып алынып, стоматология кабинеті толықтай жабдықталғанын баса айтып өткеніміз жөн. Алдағы уақытта аурухананың зертханасын жаңарту жоспарлануда. Сонымен қатар, гематологиялық анализатор, несеп анализаторы, қосымша ЭКГ аппараты сатылып алынбақшы. Ал, аурухананың хирургия бөлімшесіне жаңадан жабдықтар келсе, емхананың күндізгі стационарына күрделі жөндеу жүргізілген. Күрделі жөндеу демекші, елу жылдық тарихы бар бұл мекеме ғимаратының жұтаң кейіпте болатыны айтпаса да түсінікті. Бірақ, жоқтан бар жасап отырған медициналық мекеме басшысы 2012 жылы аурухананың шатыры күрделі жөндеуден өткенін тілге тиек етті.  Сондай-ақ, бөлімшелер мен рентген кабинетіне де жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қазіргі уақытта терапия, хирургия бөлімшелерінің ақылы палаталары күрделі жөндеу үстінде. Жалпы, биылғы жөндеу жұмыстарының барлығына 3 миллионнан астам қаржы жұмасалған. Оның тек бір миллион теңгесі палаталарға бөлінген.
 Жоғарыда айтып өткеніміздей, аурухананың сырт келбеті жұтаң. Бірақ, 2016-2017 жылдары аурухананың сырт келбеті толықтай жаңартылмақшы. Қызметіне кіріскеніне көп уақыт бола қоймаса да Сырымбек Әжіғалиевтің алдына қойған мақсаты зор. Аурухананы жаңа дәрігерлік құраммен толықтыруды басты мақсат етіп отыр. Бірақ, мекемеде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан білікті де білімді, тәжірибесі мол мамандар бар. Олар аурухананың ғана емес, еліміздің мақтаныштары. Олай дейтін себебім, КСРО және Қазақ КСР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық саласының үздігі», Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері Нұржәмила Мүшкенова сынды білікті дәрігерлер еңбек етуде. Сонымен қатар, білікті дәрігерлер мен медбикелер Алтын Мырзахметова, Светлана Комендантова, Артур Фоленвайдер, жастардың ішінде Рамазан Абаев, Алина Семіспаева, Венера Исабекова, Мәржан Ысмайылова, Мәдина Омаровалар мен тағы басқалары денсаулық сақтау саласына өлшеусіз өз үлестерін қосуда.   
Жоғарыда біздің қарсы алдымызда кездескен дәрігер дәл осы Нұржәмила апай болатын. Қарағанды медициналық институтының 1964 жылғы түлегі Нұржәмила апайдың медицина саласында еңбек етіп келе жатқанына 51 жыл. Осы жылдар ішінде түрлі қызмет сатысына көтерілді. Терапевт, емхана меңгерушісі, терапия бөлімінің меңгерушісі болып ұзақ жылдар еңбек еткен. Еңбек те өлшеусіз қалмады. Бірнеше ордендер мен медальдарға қол жеткізіп, Елбасының Құрмет грамоталарымен марапатталған. Ұстаздан өнеге көріп, тәлім-тәрбие алған шәкірттері де бүгінде еліміздің түкпір-түкпірі мен шет елдерде дәрігер болып еңбек етуде. Бұл дәрігердің мерейі емес пе? Осындай білікті де білімді, мамандығына адал жандар аурухананың мақтанышы емей немене?
–Мен медициналық мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өйткені, маған адамдарды емдеу ұнайды. Осы ширек ғасырдан астам уақыт ішінде мамандығыма өкінген кездерім болған жоқ. Қиын кездерді басымыздан өткердік. Басқа қызметке шақырғандар да болды, бірақ мен өз мамандығымды сүйемін. Қандай қиыншылыққа тап болсақ та, дәрігер өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ал, мен үшін емделушілердің алғысын алудан асқан бақыт жоқ, – дейді жоғары санатты дәрігер Нұржәмила Рамазанқызы.
P.S. Үміт отын маздатып, ғұмырдың ұзақтығын сабақтастыратын осы ақ желеңді абзал жандар адам өмірінің сақшысы іспетті. Өйткені, байлықтың жиынтығы ақша емес, деніміздің саулығы ғой.  

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар