«Көптің алғысы алға жетелейді»

дейді өз ісінің білгірі Раушан Меңбаева

Күндегі әдеті бойынша дәрігер әр палатаға кіріп, науқастардың хал-жағдайын сұрастырып білуде. Бірін алалап, бірін құлалау жоқ. Әрқайсысына жеткілікті көңіл аударады. Раушанның айтқан әрбір жылы сөзіне науқастар әп-сәтте жадырап, балаша қуанып қалады.
Ақкөл аудандық орталық ауруханасының терапевт дәрігері Раушан Меңбаева ғұмырының 22 жылын денсаулық сақтау саласына арнаған. Ауруханадағы жалғыз терапевт дәрігер де өзі. Қазіргі таңда ол аталмыш аурухананың терапия бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Осы мамандықты таңдағанына еш өкінбейді.  Өйткені, оның бала кезіндегі арманы дәрігер болу еді.  
–Бұл жұмыс маған қатты ұнайды. Көмекке зәру адамдарға қол ұшын беріп, адамдарды емдеп жазғанымда бойымда ерекше қуаныш сезімі пайда болады. Адамдардың ақ алғысы мені әрқашан алға жетелейді, – дейді білікті дәрігер.
Жалпы, дәрігер мамандығын жүректі  адамдар таңдайды. Ал, бұл мамандықты таңдаған адамда ең біріншіден жанашырлық қасиет болуы керек. Әрбір дәрігер алдына келген науқасты қабылдауға міндетті. Ал, бұл міндетті дәрігер Раушан Хамитқызы бұлжытпай орындайды. Ол білікті дәрігер ғана емес, психологиялық тұрғыдан да науқастарға көмек көрсетеді. Әр науқастың ішкі жан дүниесін түсініп, көңілін тауып, демеу болады.
Раушан Хамитқызы саланың ауыртпалығын бір адамдай көтеріп келеді. Кез-келген адамға қол ұшын соза біледі. Ол сырт келбеті келісті, жүзінен жылылық ескен сабырлы, кішіпейіл адам. Қарапайымдылығы тағы бар. Осы қасиеттердің барлығы ақ халатты абзал жандардың бойынан табылуы заңдылық. Егер осындай қасиеттер бойына дарымаса, дәрігер болуың екіталай.  Ал, антына адал жан Раушан  ең бастысы дәрігердің жүзінен мейірім шуақ төгіліп тұруы керек дейді. Дегенмен, қоғамда сала мамандарына қатысты айтылар сын да, тағылар мін де көп. Бірақ, қанша сын айтылса да, халық медицина саласының қызметкерлерін ерекше құрмет тұтатыны тағы ақиқат.
– Әр адам өз ісінің маманы болуы керек деп ойлаймын. Кез-келген мамандықтың қиындығы болады. Бірақ, мен қандай қиындық болса да, өзімнің мамандығымды сүйемін. Біз адамдардың денсаулығына жа-
уаптымыз. Сондықтан, өзіміздің жұмысы-мызға жеңіл-желпі қарай алмаймыз, – деді ол.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы өзекті мәселелердің біріне айналды. Аудан түгілі, облыстың өзінде дәрігер мамандардың тапшылығы анық байқалуда. Әйтсе де, уақыт өте келе бұл мәселе оң шешімін табатынына сенімдіміз.
Жалпы, Ақкөл аудандық орталық ауруханасында 16 дәрігер, 62 орта медицина қызметкері бар. Мекеменің материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілуі 61,75 пайызды құрайды. Тағы бір айта кетерлігі, ауданда 250 орынға арналған жаңадан емхана салынуда. Туу көрсеткіші 15,1-ді құраса, өлім-жітім көрсеткіші 11,7.
 Бүгінгі күні аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімшесінің бар жұмысын Раушан Меңбаева үйлестіреді. Ал, дәрігерлік қызметті Надежда Дудкина қоса атқарады. Науқастарға ем-дом тағайындалып, уақытылы сапалы медициналық көмек көрсетіледі. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл ауруханада да кадр тапшылығы бар. Қазіргі таңда психиатр, невропатолог, кардиолог мамандары жетіспейді.
«Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесі» мемлекеттік бағдарламасы аясында медициналық көмектің қолжетімдігін қамтамасыз ету және сапасын жоғары деңгейге жеткізу көзделген. Осы орайда, медициналық мекемелерде тәуліктік, емханалар мен амбулаторияларда күндізгі стационарлық көмек көрсету оң жолға қойылуда. Сондай-ақ, ауру түрі мен оның асқыну деңгейіне орай, оңтайландыру жұмыстары қарастырылған. Яғни, экономикалық тиімділікке орай, науқасқа күндізгі стационарлық ем тағайындалады. Бұл ретте,  терапевт дәрігер науқастар ауруханада жатып ем алғаннан  стационарлық ем қабылдағанды жөн көретінін  баса айтып өтті.
Раушан Хамитқызы күн сайын қым-қуат шаруадан бөлек, шалғай ауылдардағы әріптестерімен де үнемі байланыста. Өйткені, ол дәрігерлер бір-бірімен өзара тәжірибе алмасып, ақыл-кеңестерімен бөлісіп отырулары керек дейді.  Ол  мамандығына деген кіршіксіз таза махаббатының арқасында ұжымда зор құрмет пен беделге ие.  Оның жақындары да облысымызға, тіпті, елімізге танымал білікті дәрігерлер. Сондықтан, Меңбаевтар отбасы үшін дәрігер мамандығы жат емес.
Раушан уақытының көбін ауруханада өткізеді. Тіпті, бұл мекеме оның екінші үйіне айналып кеткендей. Әр науқасқа ерекше күтіммен қарайды. Өйткені, әр науқастың психологиясы да әртүрлі. Емделушілерге сапалы медициналық қызмет көрсетіп,  психологиялық көмек қолдау білдіру де  ұжымның негізгі міндеті болып саналады. Осы орайда, терапия бөлімшесінің меңгерушісі Раушан Хамитқызы бастаған ұжым өздеріне артылған жауапкершілікті жақсы түсінеді. Әрқашан абырой биігінен көрінуді басты мақсат тұтады.
Біздің кейіпкеріміз түрлі қоғамдық іс-шараларға да белсене қатысады. Жыл сайын өтетін облыстық, республикалық деңгейдегі біліктілікті арттыру курстарында шеберлігін шыңдап, білімін арттырады. Алматыдағы терапевтер съезіне қатысқанын да ерекше айтып өтуге болады.
Басқа мамандықтар сияқты медицина саласы да  даму, жетілу үстінде. Сондықтан, дәрігерлер де үнемі білімдерін жетілдіріп отырулары керек. Өйткені, заман ағымының да талабы сол. Раушан Меңбаева да медицина ғылымын зерттеп,  өзінің үлесін қосуда. Еткен еңбек пен төккен тер зая кеткен жоқ.  Ақ алғысқа бөленген бақытты дәрігер медицина ғылымдарының кандидаты атағын да қоса иемденген. Бақытын еңбегінен тапқан  парасат-пайымы мол, қолы шипалы Раушан Хамитқызының өнегелі өмір жолы жастарға үлгі. Білімі мен білігі толысқан дәрігер  әлі де талай биік белестерді бағындыратыны анық.

Ақкөл ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар