Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Байқалдың биігі - АРҚА АЖАРЫ

Байқалдың биігі

Қуанып жүрмін! Байқалдың осы бір кітабы шыққаннан, оны қолыма ұстағаннан-ақ, баспадан өз кітабым жарық көргендей қуанып жүрмін.  Өйткені, әбден жолы, реті бар кітап еді  бұл! Не жазса да төгілдіріп, керек жерінде егілдіріп, мөлдіретіп, тереңдетіп, ерендетіп жазатын Байқалдың,  тез жазатын,  жо-жоқ, компьютердің алдында әріден көсіліп, маржан сөзді түйдек-түйдек ақтарып салып отыратын, онысын әрі екі қарамайтын Байқалдың  алғашқы «өзімдікі» деген кітабының енді ғана қолымызға тиіп жатқанының өзі  біртүрлі көңілге қонымсыз сияқты. Егер соңына түсіп, кітап қамымен ғана жүрсе, бүгінге дейін  оның талайы шығуға тиіс еді.

  Қалай айтқанда да, Байқалдың қарымымен, Байқалдың дарынымен осы жасында бұл кітап жалғыз болмауы керек-ті. Бірақ,  Байқал  елуінің екеуіне дейін кітап қумапты, сой жүріп, ой қуыпты, қалғаны бір жөні болар дегендей, қазақтың қара сөзінен сұлу өрнек сала беріпті. Сондықтан, таланты тарлық етпесе де, көргенді азаматтың «әдебиет арым» дегенге саятын мына кеңқолтықтығы біздей кітапшыл пенделеріңізге де ой салмай қоймайтындай.
 «Көрмейін десем, көзім бар…»  Байқалдың біз табысып отырған бұл тұңғыш кітабы осылай аталып, санаңызға бәрімізге белгілі жайды бірден лып  еткізеді. Алайда, біздің көріс өзіміздің көрісіміз де,  Байқалдың  өз кейіпкерін, өз айналасын өзінше көруі, өзінше сыр өріп, өзінше салмақтауы бар. Өз басымызды мәселен, көп дүниелерін табиғаттың екінің бірі дәл солай аңғара бермес нәзік сипаты, мизам сәтімен немесе жайшылықта әркімнің бірдей ой-өресі шығандай бермейтін философиялық сәтті түйін, орамдармен бастап кететіні  қызықтырады.
Осыны  ойлап отырдым да, өз-өзімнен кітаптың саусақтарым барып қалған кез-келген бетін аңдаусыз ашып қалдым. «Қарағайдың қарсы біткен бұтағы»  деген тартымды көп дүниесінің бірі  екен. «Сүттей ұйыған ай нұрының шет-шеті бозамықтанып, іріп, Жетіқарақшы шөміштене бастаған. Ұшар бастарына ақ ұлпа қардан сәукеле таққан қалың қарағайлы орман іші жым-жырт, құлаққа ұрған танадай. Сәл ғана ескен жел қарсы біткен бұтақтарды жұлмалап ойнайды».  Әдемі суреттің әсіресе, мына бір соңғы тұсы, «жұлмалап ойнайды» деген тауып кеткен оқшау теңеуі қалай қаратып алады көңілді! Одан әрі осы бір тап-таза, кіршіксіз түнгі көріністен  кейіпкердің өзінің оңашадағы жан рахаты – сергек ойымен өрілген іс-әрекеті, болмыс-бітімі  кетеді.
Егер жіті көз, сергек сезім болса, полотнодағы айтары мол, әдемі суретке кім қызықпайды. Байқалдың  осы кітаптағы әңгіме, очерктері, суреттеме, ой-толғамдары да солай. Қара сөздің өзінен әсерлі сурет салып, оймақтай ойдан үлкен жағдаяттарды аңғартып, тосын басталып, кең көсілуімен, соңы да солай, жан сарайыңызды самаладай ашып барып, мейіріңізді қандыра түйінделуімен  елітіп әкетеді, сергітеді, қызықтырады, тоқ етері, тамсантып, мо-йындатады! Тіл ұшында, көңіл көгінде алып-ұшып,  «қалай-қалай жазады!» деген  алғаусыз, ақ адал риза бір пейіл тұрады.
Бұл әрі өз ішімізде ғана қалып көрген пікір емес. Талай Байқалдың өзіне көптің көзінше білдіре түскен ризашылығымыз, беріп жүрген бағамыз. Сөзіміз жалаң болмауы үшін осы кітаптың тағы бір бұйырған бетіне жаңағыдай тұщына бас қоюымызға тура келеді. «Туған жері Жылытау болғанымен, оң-солын танып, ат жалын тартып мінген жанына ерекше ыстық өлкесі Марқакөл. Марқакөл де Көкшетау тәрізді Жаратқан Ием бар жақсылығын үйіп-төгіп толайым бере салған құнарлы өңір. Жалғыз-ақ ерекшелігі, іргедегі Бурабай, Зеренді әйтпесе, Айыртау мен Шалқар тәрізді келімді-кетімді кісінің аяғынан  тозған жер емес. Өйткені, бұл шекаралық аймақ…»
Осы ә деп бастауынан-ақ көзіміз көрмесе де, көңіліміз толып сала берген Марқакөл деген пейішіңізге сүйсінбей көріңіз енді. Бір жағынан сүйсіндіріп тұрған әрине, Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ музыкалық- драма театрының белді актері, әрі сазгер Құмарбек Қалқатаевтың бойындағы  өнердің алтын арқау өзегін туған жерінің  табиғи тазалығы, тұма қалпымен әдемі байланыстыра білген Байқал қаламының қуаты. Осы бір жолдардың әсері сондай, неге біздің жер ол сияқты сонылау кейпінде емес, неге тозып, жүдеу тартқан деген өкініштілеу мұң санаңызды селт еткізіп өте ме! Сөз жоқ, өтеді! Қаламгердің тақырып игеру барысындағы ұтымды қолдана білетін осындай  салыстыру, теңеулерінің өзі  шығармаларын әрлі де нәрлі етіп, шебер қолдан құйылғандай мінсіз  шығаратыны бар.  
Ал, кітапта молынан орын алған осы Ақмола, Көкше елінің игі жақсылары дегенде,  Байқалдың сол ағаларымызға деген ақ адал, риясыз құрметі, алтын көмбедей шешендік мол сөз қоры, көптен керегін ала білер  сұңғыла талғампаздығы тіпті, кең тыныспен ашылып сала береді. Оқырманына Байқал арқылы жеткен, Байқал арқылы таныла түскен сол үлкендеріміздің қай-қайсысы болсын, бұл жағынан бақытты ғой деп ойлаймыз. Өйткені, бір-бір өмір ғибраттарын өздері күткендегіден де асырып, жеріне жеткізе баяндап беру Байқал бауырымыздың осы ағалары алдындағы бұл жасында молынан өтелген інілік бір парызы болып көрінеді бізге.
Кітап ондай-ондай жақсы дүниелерге шым тұнып тұр. Социалистік Еңбек Ерлері  Тұрлыбек Әбілпейісов, Сартай Жұмағалиев сияқты ағаларының маңдай термен  өткен көгілдір көктем, алтын күздеріндегі бақ-талайын қара сөзбен өзінше жырлаған талантты қаламгер олардың  аңыз басындағы жарық жұлдыздарын осылайша одан сайын жарқырата түскен.  «Сүмбіленің желіні жер сызған буаз бұлттары игелі бесінші күн. Жуантөбенің боз топырақты бауыры түгіл  етектегі шымның өзін сәбидің еңбегіндей былқылдатып, езіп жіберген». Очеркті былай қойып, керексе,  одан үлкен шығарманың да шырайын келтіріп жіберетін мұндай көркем тіл Байқалға тегін бітпесе керек. Арғы тегінде де бар болуы әбден мүмкін.  Әйтеуір, әр жазғанын таразылай келгенде, көкірегінен сыршыл сурет құйылып тұрған шын жүйрік демей көріңіз оны.  
Бізді және бір қуантатыны, кітапқа арқау болған осы дүниелерінің бәрі дерлік «Арқа ажары» газетінде қызмет істеп жүрген аз ғана жылдардың  аралығындағы шалқар шабыт, шығармашылық ізденісінің жемісі. Автор кітабын  қалай толтырамын деп бұрынғы жазғандарына іздеу салып, әуре болмағаны көрініп тұр. Мұны Байқал арқылы «Арқа ажарының»,  ал, 98 жылдық тарихы бар осы бір байырғы басылым арқылы Байқалдың өзінің де  бағының жанғаны дер едік. Ол үшін тақырыптың ірісі мен кішісі жоқ. Бәрі бірдей. Бәріне лыпып тұр.
Тап осы кезге дейін сырт беріп, сырғақтауды еш білген емес. Білетіні тек «қазір жазып тастайын» ғана. Әрі онысы көлемдісі болса көлемдісі, шағыны болса шағыны,  уақытынан  кешігіп көрген кезі және жоқ.  Журналистік ұшқырлығы мен осы жолдағы өзіндік даралығы «Арқа ажарының» да қолайына дөп келіп, оқырманына таудай  олжа салып тұрғандығы, содан!  
Сөйткен Байқалды суырып салма ақындықтың да хас шебері деп білеміз. Бұл жағынан кешегі от ауызды, орақ тілді бабаларымыздың тап бір бүгінге үкілеп қалдырып кеткен мирасқоры ма дерсіз.  Кез келген қаламгердің  қоғамдағы алатын орны оның  туған халқының қамын жеп, өз ұлты, өз елінің жанашыр, тірегі болуымен де айқындала түседі десек, бұл жағынан да  Байқал тұлғасының оқшау биікте тұрғанын оқырман өзі-ақ осы кітаптағы  небір  толғақты да  мөлтек бір айтарларынан жақсы пайымдай түсері айқын.                        
 Сөз соңында көңіл хошын келтірер келісті дүниелерімен қазақ баспасөзіне кәтепті қара нардай шын еңбегін сіңіріп келе жатқан талантты замандасымыз Байқал Байәділовтің осы бір көзкөрім шығармаларының тек газет тігінділерінде ғана қалып қоймай, одан әрі де кітапқа айналып, ойлы да, орнықты оқырманының қолына жетуіне басы бүтін көмек-қолдау көрсете білген «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым  Мәдешұлы Бекмағамбетов ағамызға Байқалдың өз ризашылығына қоса, тұтастай «Арқа ажары» газеті ұжымының да зор алғысын білдіріп қойсақ, әбден орынды екені  түсінікті. Ендігі арада партия тарапынан тағы бір ақын ініміз, осы газеттің бұрынғы белді
қызметкері, марқұм Бердіхан Орындықұлының соңында қалған азды-көпті  әдеби мұрасының да жеке жинақ болып шығуына осындай бір түсіністік пен жанашырлық танытылып жатса, одан бетер риза болмайтын көңіл, кәне! Ал, «Көрмейін десем көзім бар, соған сай өз сөзім бар» дегенді меңзеп тұрған, әрі мына толайым туындыларымен осы нақылдың астарлы тұстарын дәл ашып берген, кемел суреткерліктің, шынайы қаламгерлік қабілеттің  айғағы бола аларлық Байқал бауырымыздың бұл кітабының ғұмыры ұзақ болатыны әлден-ақ белгілі.  Өйткені, бұл нағыз қаламы жүйрік  талантқа тән еңбек. Осыған қуанған біз бұйырса, алғашқы  кітабы ойындағы басқа да тың дүниелеріне қозғау салар қадірлі әріптесіміздің жаңа шығармашылық  табыс-тарына алда да дәл осылай қуана береріміз сөзсіз!        
P.S. Бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында осы кітаптың тұсаукесері. Онда әсіресе, белгілі жазушы, сенатор Жабал Ерғалиевтің алғысөзінде кеңінен қамтылған автордың азаматтық биік тұлғасы, шығармашылығының басқа да құнды тұстары молынан еленіп, екшеленетіні тағы бір мерей

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар