Диссертация

Әзіл-шыны аралас

Көп жылдар бойы, анығын айтсам, үйленгеннен бері диссертация жазып жүрмін. Бұл туралы алдын ала жариялап, ешкімге айтқым да келмеп еді. Диссертациялық еңбегімнің тақырыбы: «Сильный пол мен слабый пол». Яғни, ер мен әйелдер мәртебесі хақында болмақ.
Біріншіден, аталмыш тақырыптың түп-тамыр тарихына үңілсек, ең алғаш бұл мәселені ХІХ ғасырда Францияда Клара Цеткина деген революционер әйел көтеріпті. Ежелден алты алашқа аян «жеті қазына» қағидасының бірі – сұлу әйел болса, европалықтар сегіз санынан бір-ақ шығыпты. Сөйтіп, әр жылдың 8 Наурыз күнін «Халықаралық әйелдер күні» деп белгілепті.
Бәрекелді, хош делік. 8 Наурыз мерекесіне қарсы емеспін. Жалпы, әйелдер жөнінде жүргізіліп отырған гендерлік саясатты да қолдаймын. Айтпағым, оннан артық бала туып, оларды тәрбиелеп өсірген Батыр аналарды, бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен бүкіл әлемді тербетіп отырған отбасыңның ұйытқысы ардақты апалар мен аяулы әжелерді қалайша «слабый пол» қатарына жатқызуға болады? Немесе кешегі Ұлы Отан соғысында тайсалмай жаумен бетпе-бет келген Кеңес Одағының Батырлары Әлия мен Мәншүкті кім осал, әлсіз демек?
Әрине, бұл жаңсақ ұғым, қате пікір деп ойлаймын. Әдетте, біз  осы күнгі спорт сайысындағы жеңімпаздар жөнінде әңгіме қозғағанда, алғаш аузымызға Илья Ильин түседі. Ал, сол Лондонда әлем чемпионы атанып, қазақ елінің көк байрағын көкке бірнеше рет желбіреткен ауыр атлетшілер Мая Манеза, Зульфия Чиншанло, Светлана Подобедованы «слабый полдың» өкілдері деп айта аласыз ба?
Сондай-ақ, Оңтүстік Кореяда өткен әлем біріншілігінде өз салмағында әлем чемпионы атанған боксшы Назым Қызайбайды қалайша әлсіздер санатына жатқызбақпыз?
Негізі нәзіктік әлсіздіктің белгісі емес. Кезінде Роза Бағланова, бүгінде Бибігүл Төлегенова сексен жастан асса да, үлкен сахналардан керемет өнерлерімен барша тыңдармандарын тамсандырып жүр. Өнер жолы ауыр дейді. Әйтсе де, әнші апаларымыздың ішкі дүниесі мен тылсым күштері зор, ерекше ме деп қаласың.
Міне, осындай қуатты да қайратты, ер азаматтардан кем емес, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген апа-қарындастарымыздың есімдерін көптеп атауға болады. Тек олардың бәрін «слабый полдың» өкілдері деп қателеспейік. Жасыратыны жоқ, өздеріңіз көріп жүргендей, кейбір отбасында кәдімгі матриархат заманындағыдай, әйел үстемдігі толық жүріп тұр ғой.
Ендеше, құрметті оқырман, менің әйелдер хақында түйген пайымдауым жөн екен деп қолдасаңыздар, аталмыш тақырыпта ғылым кандидаты атағын емес, докторлық диссертация қорғауға дайынмын.

 

 

Күйеу бала

 

Жиырма жасымда аты әлемге әйгілі дүниежүзілік «ЮНЕСКО» ұйымының қызыл кітабына жазылған мемлекеттік қорығы бар бай өңірде отау тіктім. Қалап қосылған қосағым осындай әдемі қоқи қазы, сұлу аққуы бар жанатты жердің төл тумасы болғандықтан, аталмыш елге күйеу бала атандым.
Мәңгі ұмытылмас керемет көрініс сол, төркіндеп ауылға келгенімізде жағалай жайнап өскен алқызыл-сары гүлдер, теңізден соққан самал жел бойыңа жаңа бір тылсым күш құйғандай сезінетін едік. Әсіресе, көл маңындағы у-шу, сан алуан құстардың қиқулаған дауыстары, көкте қалықтап ұшқан ақ шағалалар да еріксіз ерекше әсер қалдыратын. Осынау табиғи таза, ертегідей ғажап дүниеге жалықпай тамашалаудан басқа амалың жоқ-ты.
Жалпы, күйеу бала болу әрбір ер азаматтың міндеті ғой. «Бала» дегені болмаса, күйеу атану үлкен жауапкершілігімен қатар, құрметті де сыйлы дәрежеге жеткенмен бірдей. Мәселен, жолың түсіп қайын жұртқа бара қалсаң «Е, біздің күйеу бала келді» деп қуана қарсы алады. Өзіңнен үлкен ағалар «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деп төрінен орын береді. Сөйтіп, сен тек әкеңнің ғана емес, барша елдің баласы, көпшіліктің қалаулысы боласың. Ал, балдыздарың «жездекем» деп шөп-шөп бетіңнен сүйіп, ене-апаларың: «Күйеужан сыбағаңды жеп кетсейші» деп қойдың ең майлы әрі тәтті мүшесі – төсін аузыңа тосса қалай риза болып қуанбасқа?!
Шіркін, қазағымның баға жетпес ата-салт дәстүрі-ай! Сөз жоқ, тұнып тұрған тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге ғой. Кәдімгі өскелең өмірге сай жоғары адами философия дерсің. Міне, осы аталған жол-жөн, терең таным, тәрбиелік мәні зор екіжақты сыйластық, жалғаса берсе, нұр үстіне нұр болар еді. Әсіресе, бүгінгі жас отбасы үшін тұрмыстағы осындай жарасымды қарым-қатынастар қажет-ақ.      
Асылы, жастар «үйлену оңай, үй болу қиын» деген халық даналығын терең түсініп, ұмытпағаны абзал. «Отбасы – шағын мемлекет» деген сөз де бекер айтылмаса керек. Сондықтан, күнделікті өмірде озық салт-дәстүрімізді сақтап,  құқықтық қағидаларға жете көңіл бөліп отырсақ, жесірлерді жылатпай, жетімдерді жүдетпес едік деп ойлаймын. Олай болса, ер жігіттер, жақсы күйеу  бала болуға асығайық!
Бименде ҚАЗАНҚАП.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар