Үлкен орталардан танылуда

Ортақ орта мектебінде талантты оқушылар баршылық. Олар оқу жылының өн бойы облыс, аудан көлемінде өтетін түрлі байқаулар мен пән олимпиадаларына қатысып, мектебіміздің мерейін үстем етіп жатады. Осы шәкірттеріміздің республика бойынша өткен ірі шараларда да бақ сынап, топ жарып жүргені біздер, ұстаздар қауымы мен ауыл тұрғындары үшін тіпті, мерей.

Айталық, биылғы қаңтар айының 26-30 жұлдызында төрт күн бойы қатарынан Алматы қаласында қазақ поэзиясының хан тәңірі Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Жырлайды жүрек»  VІІ республикалық балалар ән-би байқауы болып өтті. Бұл байқауды ұйымдастырғандар – М.Мақатаев атындағы халықаралық қор мен «Ғұмырдария» халықаралық балалар байқауы және «Болат» продюсерлік орталығы.
Осы байқауға қатысу құрметіне ие болған біздің мектептің 9 сынып оқушысы Нарғыз Есболатова,
5 және 3 сынып оқушылары Ерназар Еренғайып пен Тұрсынай Жолдасбаева еліміздің түкпір-түкпірінен әсем ән мен жалынды жырды сүйетін 700-ге жуық  жеткіншек жиналған аламан додада намысты қолдан бермеуге бар қабілеттерін салды.
Талапкерлер байқау шарты бойынша «Көркемсөз» аталымында  Мұқағали Мақатаевтың екі өлеңін мәнерлеп жатқа оқулары керек болса, «Эстрадалық вокал» аталымында да ұлы ақынның сөзіне жазылған бір ән мен оған қоса, бір еркін тақырыптағы әнді мүдірмей орындап шығулары тиіс болатын. 6-9 жас, 10-13 және 14-16 жас аралығындағы үш топ бойынша сынға түскен балалардың арасынан үздік шыққандарды одан әрі байқаудың ақтық кезеңі күтіп тұрған еді.
Міне, бұрын-соңды мұндай үлкен ән-жыр додасына қатысып көрмеген ортақтық ұландардың әдебиетіміздің қара шаңырағы болып саналатын Қазақстан Жазушылар одағы мәжіліс залының киелі сахнасында бақтары жанып, елге үлкен қуанышпен оралды. Атап айтқанда, қаншама үміткерлердің арасынан Нарғыз «Эстрадалық вокал» аталымы бойынша 3 орыннан көрінсе, Ерназар мен Тұрсынай «Көркемсөз» аталымы бойынша 1 және 3 орындарды жеңіп алды. Бұл – оларға білім беріп, осы байқауға дайындаған ұстаздары үшін үлкен жетістік. Қазылар алқасының төрағасы, профессор Шаяхмет Имашұлы да байқаудың салтанатты жабылуында: «Сахнаға шыққан бұл балалар – жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар. Сендерді Мұқағали аталарыңның аруағы әрдайым қолдап жүрсін!» деп текке айтпаса керек.
Одан бері де шәкірттеріміздің жемісті жолы жалғасып келеді. Жуырда өткен облыстық Махамбет оқуларында Ерназар Еренғайып оқушылардың «Өз шығармашылығы» аталымы бойынша жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.
Ауылымыз бен мектебіміздің мақтанышына айналған осы шәкірттерімізге қадамдарың құтты болып, талаптарыңа нұр жаусын дегіміз келеді.
Жұлдыз ТАҢАТҚАН,
Ортақ орта мектебінің мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар