Аруақтарға тағзым

Саяси қуғын-сүргін мен зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандарды еске алу, аруақтарға тағзым ету – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. Сол бір қиын-қыстау күндері азап шеккен адамдардың рухына құран бағыштау үшін біздер жыл сайын  Көкшетау қаласының солтүстігіндегі ескі мұсылмандар зиратына жерленген дін ұстазы, білікті қайраткер Науан Хазіретке арналып қойылған белгі тасқа барып тағзым етеміз.

Науан атамыздың ұстаз, асқан діни біліктілігі соншалық осы төңіректегі қажылыққа барамын деп ұйғарған жұрт ол кісіден рұқсат сұрап, батасын алады екен. Сонда Науекең алдына келген адамды жан-жақты тексеріп, сұрақтың астына алатын көрінеді.
Мәселен, біздің Батыр қажы деген бір атамыз ұстазға келіпті дейді. Амандық-саулықтан кейін Науан Хазірет:
– Болыс болдың ба? – деп сұрапты.
– Жоқ, – деп жауап береді келген кісі.
Егер алдына келген адам болыс болса, онда үш жылға дейін қажылыққа баруға тыйым салынады екен. Неге десеңіз, болыс болып, ел басқарған кісінің біреуге болмаса біреуге тізесі батып, не алым алып, Алла алдында күнәһар болуы ғажап емес екен. Сол күнәсін үш жыл ішінде ақтап қана қажылыққа сапар шегуге болатын көрінеді  ол заманда. Ал, қазіргі біздің заманымызда қалтасында ақшасы бардың бәрі қажылыққа барып, ойына не келсе соны істеп жүр емес пе?
Ана заманда небір тексерістен өтіп қана қажы атанатынын қазіргілердің есіне салмай да болмайды. Мәселен, ұстаз қажылыққа ниет еткен адамның есіміне дейін сұрайтын көрінеді. Жоғарыда айтқан атамызға да қойылады әлгі сұрақ.
– Есімің, ныспың кім? –  делінеді.
– Қазақ ат таңдаған ба? Баласы тұрмаған соң қандай ат болса, сондай атты қоя салған ғой.
– Атым Иткүшік, – дейді әлгі кісі.
– Бір басыңда бір емес, екі бірдей иттің аты бар екен. Ит қажыға бармайды. Сенің атыңды өзгерту керек. Өзіңді тентек, содыр, шардуар деп естуші едім. Қажылық жол – ауыр жол. Біреуді боқтауға, балағаттауға, не болмаса қол жұмсап, соқтығуға болмайды. Атыңды өзгертіп басқаша қойып берейін, – деп Батыр қажы, – деп өзгертіпті.
Содан Батыр атамыз неше түрлі азапқа түсіп, қажылыққа сапар шегеді ғой. Жолшыбай теңіздерден өткенде бәдәуйлер кездесіп, қайта-қайта  тиын-тебен сұрай беріпті.
Батыр бір береді, екі береді.  Бәдәуйлер де келуін тоқтатпайды. Әбден ызасы келген Батыр сонда:
– Қап, мына патшағарлардың хлопоттың үйде қалғанында кездескенін қарашы, – деп іштен тынған екен.
Міне, Науан Хазіреттің айтқан ақылының, оны есіне сақтағанының арқасында ол осылайша түрлі соқтықпалы, соқпақты жерлерден өтіп, Батыр қажы атанған екен. Батыр қажы атамыздың ұрпақтары күні бүгінге дейін өмір сүріп жатыр.
Зеренді ауданының Еңбекбірлік (Ескенежал) ауылында Дүйсенбі қажы деген кісі болғанын үлкендер айтып отырушы еді. Сол Дүйсекең де бірде Науан Хазіреттен рұқсат сұрап, батасын алуға келеді. Оның да азан шақырып  қойған есімі айтуға лайықсыздау екен. Хазірет ойланып, ойланып оның да атын қайтадан азан шақырып, Дүйсенбі қажы, – деп өзгерткен екен. Дүйсекеңнің де ұрпақтары қазір сол Ескенежал ауылында өмір сүруде.
Міне, осындай адамдарды қалай құрметтемейсің? Қалайша аруағына тағзым етпейсің? Ол кісілердің алдында баршамыз тағзым етуге тиіспіз.
Мәлік аға музейінің қызметкерлері жылда Науан Хазірет тасына гүл шоғын қойып, өзінің атындағы мешіттің имамы Қанат Ахинов аруағына құран бағыштатуды ғибрат еткен еді. Осы зиратта қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын-жазушы, Кеңестік КСР саясаттың негізінде нақақтан марқұм болған Сәкен Сейфуллин ағамыздың ұлы Аян да жатыр. Дүние есігін ашар-ашпастан ол да қуғын-сүргіннің зардабын шегіп, о дүниелік болып кеткен. Өкінішті ме? Өкінішті болғанда қандай?!. Күш қазандай қайнайды, күресерге дәрмен жоқтың кері. Амалсыздан бармағыңды шайнауға тура келеді.  
Бұл зиратта кімдер жоқ деген сұрақ ой мазалайды. Әрі қарай бара берсең тарихтың ақтаңдақ беттері парақтап ашыла береді, ашыла береді.
Отан отқа оранып, шаңырағы қақыраған кезде, атой салып, сұм жауға қаймықпай қарсы шапқан, талай жекпе-жекте темір құрсалған танкілерін гранаталармен қирата өрттеп, жендеттерін қан құстырған Батыр ағамыз Мәлік Ғабдуллиннің анасы Әлия Елемес келіні 1932 жылғы аштықтың құрбаны болған.
Сәбит Мұқанов кезінде оқу-тоқуы мол үлкен молла болған кісі екен. Сол кісінің айтуы бойынша анасының жатқан жерінен бір уыс топырақ алып, әкесі Ғабдолланың жанына жерлеп, екеуі лайықты бір белгі қоямын, – деп жүргенде Мәлік ағаның өзі де бұл дүниемен қоштасып жүре берді емес пе. Ағаның бұл арманын бұдан бірнеше жыл бұрын біздер, яғни, музейде қызмет істеп жүрген кезімізде белгітас қоюды жүзеге асырдық. Қолдан келген ісіміз осы болды. Содан бастап, жыл сайын 31 мамыр күні Әлия апамыздың зиратына гүл шоғын қойып, құран бағыштату біздердің дәстүрімізге айналған еді. Алла жар болсын дейміз де!

Жанатай БЕКЕНОВ,
Зеренді ауданының Құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар