Бюджет қаржысы тиімді жұмсалсын

Биылғы жылдың бес айында Ақмола облысы бойынша қаржы бақылау инспекциясы 143 тексеру шарасын өткізді. Оның нәтижесінде 10,9 миллиард теңгенің заң бұзушылығы анықталды.

Алдымен, өткен жылдың қорытындысына тоқтала кетсек, былтыр 315 тексеру шарасы өткізіліп, 35,5 миллиард теңгенің заң бұзушылығы анықталған болатын. Бұған жүргізілген зерттеу бюджеттік өтінім беретін бюджеттік бағдарламалар әкімшіліктері жергілікті бюджеттерді жоспарлау, құру және нақтылау кезінде заң бұзушылыққа жол беретінін көрсетті. Соның салдарынан бюджеттік қаржы сапасыз жоспарланып, тиімсіз жұмсалады. Заң бұзған 36 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 4,5 миллион теңге айыппұл салынса, 303-і тәртіпке шақырылды.
Мәселен, Шортанды мен Целиноград аудандарының жер қатынастары бөлімшелері Астана қаласының айналасында жасыл аймақ құруға бөлінген 418 миллион теңгені сапасыз жоспарлап, тиімсіз жұмсаған. Сондай-ақ, білім саласында еңбекақы төлеуде өрескел заң бұзушылық фактілері анықталды. Мәселен, заң бұзған Көкшетау қаласындағы №15 мектептің директоры мен бухгалтерлері жазаларын өтеуде. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнаманы бұзып, конкурс нәтижесін бұрмалаған. Заң бұзуға жол берген конкурс комиссиясының 4 мүшесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі таңда да мемлекеттік сатып алу жөніндегі Қазақстан Республикасы Заңнамасы талаптарын бұзу толастар емес. Оны бұзатын мемлекеттік органдар нормаларды біле тұра, елемейді. Мұндай факт облыстық денсаулық сақтау басқармасын тексеру барысында анықталды. Бурабай аудандық емханасының ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мердігер іріктеу кезінде заңнама талаптары бұзылған. Конкурс комиссиясы жеткізушінің өтінімдегі тиімді ұсынысы мен жұмыс тәжірибесіне мән бермепті. Сөйтіп, олар заңнамада белгіленген нормаларды өрескел бұзып, сыбайлас жемқорлыққа жол берген. Инспекцияның ұсынысы негізінде аталмыш емхана ғимаратының жөндеу жұмыстары бо-йынша электрондық конкурс күшін жо-йып, заң бұзушылықтарды жою шаралары жүргізілуде. Тексеру материалдары облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне берілді.
Еңбекақы төлеу бойынша заң бұзу сыбайлас жемқорлық ретінде қаралады. Тексеріс барысында Есіл ауданының Курск селолық әкімдігінде штаттан тыс күзетшіге заңсыз еңбекақы төлеу фактісі анықталды. Күзетшілікке аудандық психологиялық-педагогикалық коррекция кабинетінің бас бухгалтері орналасқан. Ал, жергілікті әкімдіктің балансында тұрған ғимарат Есіл қаласынан әжептәуір алыс. Тексеріс барысында селолық әкімдік барлық жұмыс күнін қойып отырғаны белгілі болды. Күзетшінің күндіз жұмыс істейтінін ескерсек, бухгалтерлік қызметті қай уақытта атқарған? Заңсыз есептелген еңбекақының шығыны 860,2 мың теңгені құрады. Шығынның орны толтырылуы тиіс. Тексеру материалы облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне берілді.
Заңнама бұзушылық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында да жетерлік. Тексеріс барысында Есіл аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар транспорты және автомобиль жолдары бөлімінде 195 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы заңсыз жұмсалғаны анықталды. Бюджет бағдарламасының әкімшісі болып табылатын бөлім «Жылу Сервис» коммуналдық кәсіпорнына отын сатып алуға, электр қуатының қарызын жабуға және кәсіпорын жұмысшыларының еңбекақысын төлеуге қаржы бөлген. Ал, бұл шығындарды кәсіпорын өз кірісі есебінен жабуға тиіс еді. Сөйтіп, әкімшілік 5 миллион теңге бюджет қаржысын тиімсіз жұмсаған. Тұрғын үйлерді жылуға қосу үшін «Жылу Сервис» кәсіпорнына бөлінген қаржы да мақсатсыз пайдаланып, тұтынған электр қуатының қарызын жабуға жұмсалыпты. Тексеру материалдары облыстық мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде қаралуда.
Нұрлан БЕКЕНОВ,
Ақмола облысы бойынша қаржы
бақылау инспекциясының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар