Ұлы Отан соғысының басталғанына 74 жыл толуына байланысты, қан майданда қаза тапқан боздақтарды еске алу мақсатында «Зерде шырағы» акциясы өткізілді.
Осыдан жетпіс төрт жыл бұрын қасіретті Ұлы Отан соғысы басталған еді. Отан қорғау жолында қаншама адам қыршынынан қиылды десеңізші. Отан үшін от кешкен жауынгерлердің ерліктерін кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру баршамызға парыз болып саналады.
Облыстық ішкі саясат басқармасы ұйымдастырған акцияда майдан даласында құрбан болғандар еске алынды. Шарада сөз сөйлеген Ұлы Отан соғысының ардагері Владлен Лесничий бұдан былай ешқашан соғыс болмауын тілесе, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің басшысы Жанат Ережепов, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Оксана Салахова бүгінгі бейбіт күніміз үшін ардагерлерге шексіз ризашылықтарын жеткізді.
Таңсәріден бастап кешке дейін әскери әндер шырқалып, шараға қатысушыларға жалаулар мен қалампыр гүлдері таратылды. Қолдарына шырақ алған жастардың «74» санын бейнелеуі боздақтарға деген құрмет белгісі іспетті. Онан әрі кездесуге келген ардагерлерге естелік сыйлықтар табыс етіліп, шара «Мәңгілік алау» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен өз мәресіне жетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.