Басқалар өздері сұранатын партия мектебінде оқудан

 бас тартқан Нағима Тасқызы өмірінің 34 жылын журналистика саласына арнады

  Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдары еңбек жолын  мамандығы бойынша мұғалім болып бастап, кейіннен мектеп директоры болған Нағима Тасқызы Қойшыбаеваның өзінің айтуы бойынша журналист болу «үш ұйықтаса түсіне кірмеген» екен.

– Сол кездегі үрдіс бойынша ептеп көзге түсе бастаған жас маман ретінде мені коммунистік партияға мүшелікке қабылдады, – деп еске алады Нағима Тасқызы. –Кейіннен тіпті, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, қазақтың ардақты ұлдарының бірі – Әділхан Кенжебайұлы Шабатов мені Мәскеуге жоғары партия мектебіне оқуға жібергісі келді. Сол кезде партия мектебіне кетсем, өмір жолым қазіргіден басқаша болар ма еді, қайдам, бірақ мен  ұсыныстан бас тарттым. Сондағы айтқан уәжімді еске түсірсем, өзім әлі ұяламын.
Жастықтың әсері шығар, ол кезде қазіргідей «он ойланып, мың толғану» дегенді білмеймін ғой. Әйтеуір, бірінші хатшыға: «Аға мен оқуға бара алмаймын, отбасындағы он баланың бірімін» деп бастап, «бір оқуды бітірдім, енді күйеуге тиюім керек» деппін ғой. Айтпақшы, қайта-қайта үгіттей берген соң «Үкіметтің қатыны болғым келмейді, одан да тұрмыс құрғаным артық» дегенді айта жаздап, абырой болғанда «тілімді тістеп» қалдым.
Сөйтіп, Нықаңның ойы жүзеге асып, 1972 жылы тұрмысқа шықты. Нағима Тасқызының мамандығын өзгертіп, ұстаздықтан журналистика саласына бет бұруы да осы сәттен басталды. Жолдасы жұмыс бабымен Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына ауысқан соң Нағима да мамандығы бойынша қызметке орналасу үшін облыстық білім басқармасына барған кезде облыстық газеттің бас редакторы Мырзатай Кеңпейіловке жолығып қалып, бұл кездесу оның журналистикаға ауысуына себепкер болды.
Ол кезде Торғай облыстық газетінде қызмет істейтін елімізге аты мәшһүр Сейіт Кенжеахметов, белгілі ақын Қонысбай Әбілов және басқа да журналистика майталмандарымен әріптес болу кейін қарымды қаламгер болуына ықпал еткен болар.
Сейіт Кенжеахметов қазақтың қыздарына тән ұяңдығынан батылдығы басым, ойындағысын бүкпесіз айтуға бейім, ал ең бастысы, алғашқы күндерден-ақ өзінің ойын нақты айта білетін, оларды қағазға түсіргенде де айтарын жүйелі түрде жеткізе алатын қабілеті бар Нағиманы байқаған болу керек, бас редакторға: «Мына қыздан бірдеңе шығады» деген бағасын берген екен.
Қатардағы тілші, бөлім бастығы қызметтерін абыроймен атқара білген Нағима Тасқызы көп ұзамай редакцияның жауапты хатшысы қызметіне жоғарылатылады. Редакция қызметкерлері жазған мақалалардың бәрі де осы жауапты хатшының алдынан өтеді. Редакцияға тән барлық қым-қуат тірлік те осы арадан бастау алатындығын журналистикаға қатысы бар адамдар біледі. Газеттің безендірілуі, қандай мақала қай бетке орналастырылады, қай мақала бірінші кезекте жарияланады деген сынды күнделікті күйбең тірліктің бәрі  жауапты хатшының мойнында.
– Бірде бас редактордың өзі тапсырған бір мақаланың аннотациясын салуды ұмытып кетіппін. Содан түн ортасында әлгі қателігім есіме түсіп, күйеуімді ертіп алып «түзете қояйын» деп  жанталаса редакцияға жүгірмеймін бе. Барсам бәрі тарап кеткен, газет баспаханаға жіберілген.
Содан таңертең жұмыстан кеш шыққанымды сылтаулатып (бір сойқан болатынын ішім сезеді ғой),   лездеме өтіп кетті-ау дегенде бармаймын ба? Редакцияның табалдырығын аттауым мұң екен, «Редактор іздеп жатыр» деген «суық хабар» келді. Қайтемін, басым салбырап бардым.
– Нағима шырағым, өз қолыммен тапсырған шаруаны неге орындамадың? – деген бастығымның сұрағын естігенде қандай сезімде болғанымды білсең ғой. «Сасқан үйрек артымен сүңгиді» дегендей:  –Ағай ұмытып кетіппін, кейін түн ортасында есіме түскен соң жүгіріп келіп едім, үлгермедім, – деп міңгірлегенім есімде.
– Неге сенің есіңе уақытында емес, түн ортасында түседі, – деген бастығыма, не түлен түрткенін білмеймін: –Ағай жақсы ойдың бәрі еске түнде түседі ғой, – деппін. Редактордың парасаттылығы ғой: «Аңдамай сөйлеп, ауырмай өлгелі» тұрған маған: – Сөгіс жариялайын деп тұр едім, тауып кеттің, бара бер, – дегені. Айта берсек, мұндай жайлар жиі кездесетін. Әрине, қазір оның бәрі күлкілі болып көрінеді, бірақ, сол сәттерде менің күлуге шамам жоқ болатын.
Менің Нағима Тасқызымен таныстығым 1995 жылы басталды. Мен облыстық «Арқа ажары» газетіне ауысып келгенімде Нықаң редакцияда жауапты хатшының орынбасары екен. Шынымды айтайын, Нағима Тасқызы маған бір көргенде өзін жоғары ұстайтын, жүріс-тұрысынан паңдықтың исі шығып тұратын, тәкаппар келіншек болып көрінді. Менің де «қой аузынан шөп алмайтындығым шамалы», көп жағдайда арамызда іліс-шалыс болып тұратын. Әсіресе, Нықаң: «Неғып жүрсіңдер, хабар қайда, бірінші мен төртінші бетте іліп алар ештеңе жоқ» деп төбемізге «әңгіртаяқ орната» бастағанда, тіпті шамданушы едік. Жасыратын не бар, арасында «дипломатияға онша келе қоймайтындай» сөз тіркестері де кетіп жататын. «Жылқы кісінескенше…» деген рас екен, кейіннен жұмыста да түсінісіп, кейде түскі шайды да бірге ішетіндей жағдайға келдік. Газет бетінде оқырмандар үшін шағын хабарлар көбірек жарық көрсін деген ниет-пен «Тіршілік тынысы», «Қысқа.Нұсқа» деген айдарлардың да пайда болғандығы сол кездері еді.
  Ол кезде редакцияда бас редакторымыз болмысынан зиялылықтың исі аңқып тұратын Жомарт Әбдіхалықов болса, Жылқыбай Жағыпаров бас редактордың бірінші орынбасары, Бәдуан Имаш жауапты хатшы еді. Сондай-ақ, Төлеген Ілдебаев, Аманкелді Жұмабек, Амантай Есілбаев, журналистиканың «майын ішкен» Ілияс Қарағозин, арамызға кейіннен қосылған Дәулет Асауов сынды журналистер жарыса мақала жазғанда газетке сыймай жатушы еді. Әрине, әркім арнайы іссапарға аудандарға барып келген соң мақалаларының тезірек жарық көргенін қалайды. Бірақ, оның бәрі уақытында бетке сыймайды. Сосын бәріміз жауапты хатшыны жағалаймыз ғой. Нықаң болса саспайды. Оған көлемді мақаладан гөрі шағын хабарлар керек сияқты көрінеді. Сол кезде ғой, әзілдеп, мақалаң тезірек шықсын десең «Нықаңа бара бер немесе пара бер» дейтініміз.
Кейіннен еліміздегі әкімшілік-аймақтық өзгерістерге орай облыс орталығы Астанадан Көкшетауға ауысқан соң «Арқа ажары» да қоныс аударатын болды. Бүгінде Парламент Сенатының депутаты, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев бізге бас редактор болып тағайындалды.  Өзінің кәсіби шеберлігі, жұмысқа деген үлкен жауапкершілігінің арқасында Нағима Тасқызы бас редактормен де, редакцияның құрамы түгелге жуық қайта жасақталған соң өзімен қызметтес болған журналистермен де, редакцияның басқа қызметкерлерімен де тез тіл табысты.
Жабал Ерғалиевтің Нықаңа «Көкшетауға көшіп келіңіз, жауапты хатшы болып істей бересіз» дегенінің де куәсі болдық. Тек ол кезде Нықаңның зейнеткерлікке шығар сәті таяп қалған еді.
Бүгінде құрметті демалыста жүрген Нағима Тасқызының журналистикадағы өмір жолы осындай. Рас, қазақта «қыздың жасын сұрамайды» деген сөз бар. Дегенмен, Нағима Тасқызы ұзатылар қыз жасынан әлдеқашан асып кеткен, балаларының анасы, немерелерінің сүйікті әжесі болып отырған үлкен бір отбасының ұйытқысы. Яғни, 70 жастың биігіне көтеріліп отырған Нағима Тасқызын мерейлі тойымен және журналистер қауымының мерекесі – Байланыс және ақпарат қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтай отырып, баянды бақыт, зор денсаулық тілейміз. Сіз үшін «Арқа ажарының» есігі әрдайым ашық, Нықа!

 

Талғат ҚАСЕН

 Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар