Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Біз үшін қымбатсыздар, бәріңіз де!.. - АРҚА АЖАРЫ

Біз үшін қымбатсыздар, бәріңіз де!..

Саябақта келе жатып, бір топ қариялардың әңгіме-дүкен құрып отырғандығын көзім шалды. Жақындағанымда әңгіме қазіргі мерзімдік басылымдардың бұрынғы журналистері жайында екендігін түсіндім. Соның ішінде өзіме таныс есімдерді естігенде, көңілім жадырап сала берді. Аяққа тұсау түскелі жұртшылық алдына шыға бермейтін зейнеткер аға-әпкелерімізді оқырманы әлі күнге дейін ұмытпағанына шын қуандым. Иә, шынымен де олар қазір қайда екен?

Кешегі күні қоғамдық-саяси жаңалықтар мен сол кездегі әлеуметтік мәселелерді қаламының ұшымен ақ қағаздың бетіне түсіріп, газет беттерінде жариялап, түрлі мақалаларымен оқырманына ой салған, бүгінде отбасының арқа тұтар ақылшы қариясына айналып отырған бір топ зейнеткер журналистермен кездесудің сәті маған түсті. Бүгінде ортамызда жүріп, көзге көп көріне бермесе де, оқырмандарымыздың көңілінде жүрген журналист аға-әпкелеріміздің өздері бұрын қызмет еткен газеттерін әлі күнге балаларына алдыртып, оқып отырады. Әркімге өз туған топырағы ыстық демекші, аға-әпкелеріміз де өздері бір кездері журналист болып жұмыс істеген шақтарын, әріптестерін сағынады екен. Мұны естігенде, өзіміз де ертең редакцияда өткен күндерімізді сағынармыз деп ойладым. Әңгімелесіп, сұхбаттасу барысында олардың әрқайсысы «Әттең қарттық, әйтпесе әлі де бір талай мәселелерді қозғап, түрлі тақырыптарды жазар едім-ау» деп тұрғандай көрінді маған.
Бүгінде облыс пен Көкшетау қаласына тарайтын «Арқа ажары» мен «Көкшетау» газеттерінде жұмыс істеген зейнеткерлер қатары сиреп бара жатқаны анық. Кеңес үкіметінің сойқан, солақай саясаты дүркіреп тұрған кезеңдерде ел жайы мен халықтың хал-ахуалын газет беттерінде тебірене жазған қарияларымыздың ішінде жастары жетпіс-сексенді алқалап қалған, одан да асқан Баян Нұрпейісов, Рүстем Бермағанбетов,  Айдархан Кәріпханов, Ілияс Қарағозин, Рахия Әлібекова, Жұмабай Есекеев, Төлеген Қажыбаев, Кенжетай Ғазизов, Нағима Қойшыбай, бертіндері зейнет демалысына шыққан Бәдуан Имаш, Аманкелді Жұмабек, Сайлау Көшкенов, Дәуренбек Шөрентаев, Төлеген Қосшығұловтардың әрқайсысының өзіндік биігі мен бағындырған белесі бар. Кезінде студент бола жүріп, «Ерейментау» аудандық газетінде жауапты хатшы болып еңбек жолын бастаған Ілияс аға, кейін 1971 жылы «Арқа ажары» газетінің меншікті тілшісі болып жұмыс істепті. Содан бірнеше жылдан кейін редакциядан пәтер беріліп, кеңес құрылысы бөлімінің меңгерушісі, одан кейін он жылға жуық партия бөлімінің меңгерушісі, он бір жылдай жауапты хатшы қызметін абыроймен атқарыпты.
–  Ілекең «Арқа ажары» газетінің сол кездегі құрылыс, экономика, партия бөлімдерінде істегенде, өзіне тапсырылған тақырыптарды өте шебер жазатын. Қаламы ұшқыр журналист болды десем қателеспейтін шығармын. Оған қоса, өзінің ақындығы да бар еді. Хатшы болғанда да жұмысты өнімді істейтін, – деп еске алды Рахия Нысанқызы әңгіме барысында. Ілияс аға бүгінде Елордасы – әсем Астана қаласында өмірлік жарымен немерелерінен көрген екі шөбересінің қызығын қызықтап, өмір сүріп жатқан жайы бар. Былтырғы жылдары Ерейментау ауданы әкімдігінің қолдауымен Ілияс Қарағозиннің шығармалар жинағы кітап болып басылып шығыпты.
Бұрын қазақ журналистикасында қыздар аз болатын. Әйел затына қалам ұстаудан гөрі, мектепте мұғалім болып, ұрпақ тәрбиелеу керек, не болмаса дәрігер болған дұрыс деп кеңес беретін ата-апаларымыз. Ол кездегі батаның өзі «айналайын, мұғалім бол!» болатын. Бірақ, жүрек қалауымен қаламгерлік жолын таңдаған Рахия Әлібекова өзінің екі нәрседе жолы болғандығын зор қуанышпен айтады. Адам баласы өмірде екі нәрседен, яғни, мамандық және жар таңдаудан қателеспеуі тиіс. Өмірлік жан жары Октябрь Әлібеков екеуі жоғары оқу орнын тәмамдаған соң Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жолдамасымен Целиноградқа келіп, сол кездегі «Тың өлкесі», кейінгі «Коммунизм нұры», қазіргі «Арқа ажары» газетіне жұмысқа орналасыпты. Сол уақытта олар төртеу еді. Мәди Хасенов, Жұмамұрат Тұяқбаев, Октябрь және Рахия Әлібековтер. Газет басшысы ол кезде Уара Нұрсейітов жастарды қолдап, оларға бағыт-бағдар беріп отырыпты. Жұптары жарасқан ерлі-зайыпты екеуінің де журналист екендігін көрген қауым қызыға қарайтын деп еске алды Рахия апай. Бір қызығы, оның еңбек кітапшасында тек «Арқа ажарынан» басқа жұмыс орны жоқ. Біздер, бүгіндері жұмыс орны тұрмақ, мамандығымызды жиі ауыс-тырып жатқанда, ол өмір бойы бір жұмыс орнында істеп, сол жерден абыроймен алғыс арқалап, зейнет демалысына шыққан.
Он сегіз жыл газетті басқарған Октябрь Әлібековтің еңбегі ел есінде жүрсін деп былтыр ескерткіш тақта орнатқан. Ал, апай болса өзі қызмет еткен жылдары жазған очерктері, мақалалары мен театр, кино және кітаптарға жазған рецензияларын жинақтап, «Әйел әлемі» деген атпен кітап етіп шығарыпты. Қазір үш қызы мен ұлы Қанаттан сүйген тоғыз немересі мен бес шөбересінің ортасында ақылшы болып отыр. Ара-тұра Алматыдағы қыздарына барып дем алғанды жөн көреді екен. Газетімізді үнемі үзбей оқып тұрады.
– Біздің қазақта сыйластық деген ішіне адам атаулының бар жақсы қасиеттері сыйып кететін ұғым бар. Бұрын адамзатта осы сыйластық жоғары болатын. Кішілер өзінен үлкенге құрмет, үлкендер кішілерге ізет көрсетіп, жол беретін. Бүгінде адамдардың санасында мұндай адамгершілік қасиеттер азайып барады, шетелдің мәдениетіне еліктеудің салдарынан қазіргі адамдар тым таяз ойлайды. Газетте, не телеарнадан белгілі бір мекемеге, не тұлғаға қатысты сын мақала жария-ланатын болса, мемлекеттік органдар тарапынан арнайы тексерістер жүргізіліп, олқылықтар жо-йылатын. Сынға түскен адам жұмыстан босатылып немесе басқа жұмысқа ауыстырылатын. Қазір, сынға ешкім де мән беріп жатқан жоқ, тіпті тап солай болуы керек сияқты, – дейді кәріліктен үйінде жатып, әлі күнге газет-журналдарды оқып, телеарнаның күнделікті жаңалықтарын жібермей, қадағалап отыратын зейнеткер Баян Нұрпейісов. «Көкшетау правдасы» газетінде ұзақ жылдар бойы редактордың орынбасары, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Көкшетау облысы бойынша меншікті тілшісі  болып қызмет істеп, бүгінде еңбек демалысында жүрген қарияның бөлмесінің іші толы кітап, журнал. «Егемен Қазақстан», «Арқа ажары», «Көкшетау» газеттерінің бұрынғы және осы күнгі басылымдарына дейін жиналып тұр.
Жалпы, Баян аға туралы менің білетінім, ол кісі тәуелсіздік алған жылдары ашылып, Көкшетауда шығарылған алаш ардақтылары, Көкшенің зия-лылары, сол кезеңдегі саяси өткір мәселелерді ашық жазған «Оқжетпес» тәуелсіз газетінің негізін қалаған журналистердің бірі. Көкшетауда өткізілген жыр сүлейлері мен Абылай, Кенесары хандардың мерейтойларын атап өтуге де осы газет қызметкерлері белсене  атсалысып, басы-қасында қозғаушы болып жүрген. Қазіргі уақытта Ақмола мен солтүстік өңірлерге тарайтын «Бұқпа!» тәуелсіз газеті сол басылымның заңды жалғасы іспеттес. Алаштың ардақтыларын қалың оқырманға танытуға себепкер болған Баян ағамыздың  еңбегі қашанда еш кетпеген. Әсіресе, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің қолынан «Еңбек Қызыл Ту» орденін алғандығын ерекше мақтанышпен еске алады. Шіркін-ай, сол кездер, қайта оралса ғой дегендей, өзінің қызмет еткен жылдарын сағынатындай көрінді бізге. Жасы сексеннің алтауын алқымдап қалған ағамыздың құлағы сыр бергендігі болмаса, әлі де тың екендігіне қуандық. Үйінде жүгіріп жүрген кішкентай көз қуанышы шөбересінің тәтті қылықтарын қызықтап, маңдайынан иіскеп, еліміздің ертеңі осылар ғой деп, бізді қимастықпен шығарып салды.
Қазіргі «Көкшетау», бұрынғы «Көкшетау правдасы» газетінде  сонымен қатар, Рүстем Бермағанбетов, Жұмабай Есекеев, Кенжетай Ғазизов секілді журналист ағаларымыз да тынбай еңбек етті. Олар өнеркәсіп, экономика, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің кез келген мәселесін терең қозғап, талдап, тиісті органдармен етене жұмыс жасаған еді. Бүгінде бәрі зейнет демалысында. Рүстем ағамыз редакциядағы партия ұйымының хатшысы қызметін атқарғанда, тәртіпке мықты  болыпты. Қазіргі таңда еңбегінің зейнетін көріп, шаңырағының шаттығына бөленіп отыр. Табиғат аясында дем алғанды ұнататын ағамыз жаз жадырап, демалыс маусымы басталғаннан-ақ, Бурабайдағы үйіне отбасымен кетіп, бау-бақша өсіріп, немере-шөберелердің  ортасында уақытын мазмұнды өткізіп жүр.
Тағы бір мақтан тұтар Төлеген Қажыбаев ағамыз әлі де шығармашылық күш-қуаты кемел шағында. Тәуелсіз «Бұқпа!» газеті мен «Жер шоқтығы» журналының тізгінін бекем ұстап отыр.
Кезінде Рүстем ағайдан тәлім алып, журналистиканың қыр-сырын үйренген, өнеркәсіп және транспорт тақырыптарын меңгерген Кенжетай Ғазизов ағамыздың да еңбегіне тоқталмау ағаттық болар. Маңайына жиналғандардың көңілін көтеріп жүретін ағамыздың өзі бір той-думан. Бойында ақындық қасиеті бар ағамызды қаламыздың орталығындағы аллеяларда спорттық киімін киіп алып, жүгіріп жүргенін көргенде қуанып қалатынбыз. Ара-тұра редакцияға келіп, мақалаларын әкеліп, жас мамандармен танысып, ойнап-күліп жүретін еді. Осы «Арқа ажары» газетіне жұмысқа жаңа орналасып, аға-әпкелерімнен үйреніп жүрген кезімде Кенжетай ағам келіп, «журналистика деген ұшан-теңіз мұхит қой. Ал, сен журналист болғандықтан, айналаңа үнемі ой тастап, қоғамды ойландыруың керек. Сонда ғана сені оқырман мойындайды, сонда ғана сен журналист боласың. Жолың болсын, қызым» деп, батасын бергені әлі де есімде. Кәрілікке бой алдырмаймын дегендей, үнемі қозғалыс үстінде, шапшаң жүретін ағамызды соңғы уақыттарда жиі көруден қалдық. Денсаулығы сыр бере бастағанын естігенде, қарттық жеңді ме деп, көңілімізге қаяу түскендей болды. Дегенмен де, ағамыздың тезірек сауығып кетуіне тілектеспіз.
Сол сияқты, көз жанарының нұры тайып, осы жағынан көңілі алаң болып жүрген Жұмабай Есекеев ағамыз да нағыз шын тілеулесіміз. Үйі редакцияға жақын болғандықтан, осы арада сер-уендеп жүріп, хал-жағдайымызды жиі біліп, кетіп жүретін бұл кісі де бірер күн көзімізге көрінбей қалса, іздеп тұрамыз. Олай болса, бәріңіз де аман-есен жүріңіздерші, журналистиканың бір-бір мектебіне айналған абзал ағалар мен асыл апайлар.  Сіздерге қарап, өмір тәлімін ала берейікші!

 

Ырысалды ШАМШИЕВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар