Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Калачи елді мекенінде болды - АРҚА АЖАРЫ

Калачи елді мекенінде болды

Өткен бейсенбі күні  Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Есіл және Жарқайың аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың құрылысымен таныс-ты. Сондай-ақ, «ұйқы ауруымен» аты шыққан Калачи ауылының тұрғындарымен кездесті. Вице-премьерді ресми іссапары кезінде облыс әкімі Сергей Кулагин бастап жүрді.

Сапар барысында  Есіл ауданындағы Калачи елді мекенінде болған вице-премьер «ұйқы аруының» жағдайын жергілікті халықтан естіп білді.  Калачи орта мектебінде өткен кездесу барысында әлеуеті төмен, келешегі жоқ елді мекеннің тұрғылықты халқын облыстың өзге өңірлеріне көшіру мәселесін талқылады.
– Бүгін мен Елбасының арнайы тапсырмасымен халықтың жағдайын білуге келіп отырмын. Қазіргі кезде ғалымдар дерттің нақты себебін анықтай алмай отыр. Бұл бағытта отандық ғалымдармен бірге Чехия мемлекетінен, Мәскеу қаласы және Орта Азиядан келген ғалымдар жұмыс істеуде. Алдағы уақытта дерттің себептері де анықталады деп сенемін. Бірақ, біз тосып отыра алмаймыз. Бізге адамдардың денсаулығы маңызды. Сол себепті аталған екі елді мекеннің тұрғындарын қауіпсіз жерлерге көшіре береміз. Осы мақсатқа жуырда Үкіметтен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жуырда  қалған жарты миллиард теңгесі  тағы бөлінеді, – деді өз сөзінде Бердібек Сапарбаев.
Бүгінгі күні Калачи мен Красногорск елді мекендерінен барлығы 65 отбасы өзге өңірлерге көшірілген екен. Олардың денін көпбалалы отбасылар құрайды. Осы орайда, облыс әкімі ең алдымен балалар мен Красногорск тұрғындарына басымдық беріліп отырғандығын алға тартты. Сондай-ақ, ешкімнің де күштеп көшірілмейтінін ескертті. Өз кезегінде вице-премьермен бетпе-бет кездесудің жиі бола бермейтінін түсінетін халық Бердібек Сапарбаевты және онымен бірге келген бірқатар министрлердің орынбасарларын сұрақтың астына алды. Халық көшкен кезде, жұмысқа орналасу және жаңа пәтерлерін жекешелендіру мәселесін сұрап білді.
Облыс әкімі Сергей Кулагиннің басшылығымен қолға алынған көшіру жұмыстарына оң бағасын берген  вице-премьер Красногорск және Калачи ауылдарынан көшірілген адамдардың барлығы жұмыспен қамтылатынын және олардың жағдайы одан әрі әкімдіктің, Үкіметтің бақылауында болатынын түсіндіріп берді. Ал, жекешелендіру мәселесін шешу үшін қазіргі қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу қажеттігін алға тартты.
–Тұрғындардың қойып отырған бұл сұрақтары орынды. Оны алдағы Үкімет отырысында қарайтын боламыз, – деді вице-премьер. Сонымен қатар, ол Есіл қаласында салынып жатқан 73 және 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы мен қалпына келтіріліп жатқан 40 пәтерлі тұрғын үйдегі күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Мұндағы 73 пәтерлі тұрғын үйдің құны жоба бойынша 400 миллион теңгеден асады. Бұл үйлерді қазан-қараша айларында тапсыру көзделген. Ал, Есіл агротехникалық колледжінде болғанында аталған білім ордасының оқу зертханалары, шеберханаларымен танысып, студенттердің ғылыми-техникалық жобаларының көрмесін аралап көрді.
Сапар соңында Премьер-Министрдің орынбасары Державинск қаласының «Молодежный» шағын ауданындағы 75 пәтерлі тұрғын үйдегі қалпына келтіру жұмыстары және  70 кереуетке арналған емхана мен аурухананың құрылысына назар аударды. Бұл әлеуметтік нысандардың құрылысын «Уральскстройинвест» серіктестігі қолға алған. Осы күні 3 қабатты емхананың екінші қабатының қабырғасы қалануда.
Сапарын қорытындылаған  вице-премьер қолға алынған барлық әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын ширатып, белгіленген мерзімінде аяқтау қажеттігін айтып өтті.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар