Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бесаспап маман - АРҚА АЖАРЫ

Бесаспап маман

 Тау бауырында өскен кісі болса, Жуантөбеге көз тоқтатып қарамау да мүмкін. Тойған қозыдай томпайып, момақан кейіпте жатқан бір белес. Бауырындағы ел өздерінше еркелетіп, сәл-пәл көтеріңкіреп, перзенттік пейілмен сәл-пәл асқақтатып тау деп атайды.

  Әне көз ұшынан Жуантөбенің тайпақтау біткен төбесі көзге шалынды. Құтты төрт сайлап тіккен қазақы бөрік тәрізді. Апта аралатып, туған топырағын табанымен баспаса көңілі көншімейтін Раушанның Жуантөбенің ұшар басын көрген сәтінде-ақ ет жүрегі елжіреп кетеді. Әнебір созыла  біткен еңістен  шаңғымен сырғанар еді. Мына бір тұста шана сүйретіп жүретін, ал жазды күндері қолат қойнауынан жидек теретін. Ауылда, туған-топырақта қас-қағым сәт аунап-қунап дем алып, есік алдына шыға қалса, сағындырған Жуантөбесі қол созым жерде тұрар еді. Жуантөбе бұл үшін жер бетіндегі ең биік, ең асқақ тау іспеттес еді. Әлемдегі шыңдарын мәңгі мұз басқан асқар тауларға айырбастамас еді. Өйткені, бұл өзінің туған жері, туған топырағы.
Ауылға бара жатып, түнде ғана  шығарған газет жайын ойлаған. Әлдебір мақаладағы сөйлемнің құрылымы көңілінен шықпай қойды. Әдетте қашан газеттің жаңа саны қолға тиіп, оқылып, ойдағыдай шыққанына көзі жеткеннен кейін ғана көңілі тоғаятын.
Ертеректе қалыптасқан сөз тіркесі бар еді. Қазір жиі қолданыла қоймайды. «Қара қазанда қайнап» делінетін. Үйдегі қазан емес, жұмыстағы қым-қуыт шаруасы бастан асып жататын, бұрқ-сарқ қайнайтын, асып-төгілетін газеттің қара қазаны. Осы жерде қайнап, пісіп жетілген адам ғана газет шаруасының оңай оспақ іс емес екендігін бойына тоқыр еді. Әйтпесе, былайғы оқырман дайын газетті қарап шыққанда, оның қолына қаншалықты еңбекпен тиіп жатқандығын аңғара бермейтін шығар. Баспасөз саласында 30 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Раушан Жылқыбайқызы еңбек әліппесін бір кездегі облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде бастаған. Әуелі корректор болды. Газеттің оқырманға сауатты жетуі осы корректор еңбегінің жемісі. Ал, қате дегеніңіздің  кей кезде жасырынып, көзге ілінбей тұратыны бар. Жазатайым кетіп қалса, көз майын тауысып әлденеше оқып, салыстырып, салғастырып, зерделеген еңбегінің бәрі зая кетті дей беріңіз. Сондықтан да, газеттің кезекті нөмірі дайындалып жатқанда корректорлар қыл көпірдің үстінен жаяу жүріп өткендей алабұртып еңбек етеді. Оқиды, түпнұсқамен тексереді. Әйтеуір, қалай болғанда да қатесіз шыққаны жөн.
Раушан Жылқыбайқызы сол баяғы «Көкшетау правдасы» газетіндегі корректорлық қызметінен бері бірнеше басылымның отына күйіп, суығына тонып қызмет етіп келеді. Енді міне, Қараөткел мен Көкшетаудың қоғадай қалың оқырманы жақсы жаңалығына сүйсініп, рухани нәр алып отырған облыстық «Арқа ажары» газетінің мынау деген қызметкері. Күнделікті  жұмыс барысында өз ісіне шынайы берілген адам ғана өзіне міндеттеліп берілген жұмыс ауқымынан тыс мәселелерге араласар еді. Әйтпесе, бөгденің жүгін мойнына артып несі бар. Ал, сабақталуы сәтсіз сөйлем, оралымсыз ой, тартымсыз тақырып көрсе, қашан түзегенше дегбірі кетеді. Өйткені, газет оның бар ғұмырын арнаған бойындағы білімі мен білігін сарқа жұмсаған сүйікті ісі.
Әдетте, қоғам адамды ортақ іске сіңірген еңбегіне қарай бағаласа керек. Әрі ортақ істі апырып-жапырып істейтін әріптестер арасындағы шынайы адамгершілік бет-бейнең, пайым-парасатың таразы басын тартып жататыны бар. Осы тұрғыдан келгенде, ұжымның  сүттей ұйыған бірлігінің ұйытқысы бола білетін тұлғалар болады. Біздің кәсіби шеберлігін сарқа айтпағанымызбен сыздықтата сыр етіп отырған Раушан Жылқыбайқызы шығармашылық ұжымның  күнделікті әрқилы тыныс-тіршілігінде ақылшысына айналып отырған парасат иесі.
Төл мерекемізбен сабақтаса келген мерейтой иесінің жасын нақтылап айта алмадық. Ойлы оқырман отыз жылдық еңбек жолы дегеннен-ақ өздері есептеп алар.
Газет бетінде алуан-алуан мамандық иелері еткен еңбегі, сіңірген қызметіне орай жалпақ жұртқа жария етіліп, жылы сөзге ие болып жатады. Біз де бір ауыз жылы сөзден жан семіретінін ескере отырып, әріптесімізге ақ пейілімізді арнадық. Оған қоса келешектің көкжиегінде де күнің күліп, таңың жарқырап ата берсін деп түйіндедік сөзімізді.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар