Атбегілер ат қосты аламанға…

 Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр селосының  «Құлагер» ипподромында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және алдымыздағы Астана  күніне орай ат бәйгесі болып өтті. Жарыстың ашылу салтанатына  облыс әкімінің орынбасары Дулат Нұрмолдин мен Қазақстан Республикасының ат спорты федерациясының вице-президенті Мұстафа Рамазанұлы қатысты.

  Жарыс басталмас бұрын Краснояр мешітінің имамы Науан Мүтәлұлы сөз сөйлеп, бәйгеге қатысушыларға батасын берді. Шабандоздар имамның ақ батасынан кейін, жер танабын қуырған жүйріктеріне мініп, жарыс жолына шықты. Алғашқы жарыс – «Аламан» бәйге. Бірінен-бірі асқан жүйріктер. Бұл бәйгеде еліміздің шартарабынан келген дәмелі алуан жүйрік бағы мен бабын сынады. Сонау Оңтүстік, Солтүстік, Шығыс және Орталық Қазақстаннан, яғни, қазақ даласының төрт бұрышы түгел. Өзіміздікі де аз емес. Іргедегі  Қостанай облысы және Елордамыз Астанадан, өзіміздің Зеренді және Бурабай аудандарынан қатысушылар бар. «Аламан» бәйгенің шарты бойынша шабандоздар 20 мың метр қашықтыққа, яғни, 8 айналым шеңберден шауып өтуі тиіс. Бұл бәйгеде аттардың жасы есептелмейді. Барлығы он жеті үміткер өз тұлпарларын бәйге жолына шығарды.
Он жеті жүйрік белі бекем, құлашы қарымды шын жүйріктер ғана шыдай алатын аламанда ақ тер, көк тер болып күйіп тұрған күннің тап астында, айдау жолдың шаңын аспанға шығарды.  Біраз жерге жеткеннен кейін, топтан  озып, бір қылқұйрық қара үзді.  Алайда, құрық тастам жердегі жеті-сегіз шабандоздар да қалыспады.  Топқа ілесе алмай артта қалып қойғандар да бар. Бірнеше айналым өткеннен кейін, олар жарыстан біртіндеп шыға бастады. Қара үзіп, жосыла шапқан «Даухан» деген қарагер айғырға мінген Бурабай ауданының шабандозы Айдар Бексейітов алдыңғы қатарда. Дегенмен, қарагер айғыр бесінші айналымға жеткенде өзінің алғашқы қарқынынан жаңылды. Құйрық тістесе шауып келе жатқан шабандоздар жүйріктерінің тізгінін жіберіп, соңғы айналым қалғанда шындап өнер көрсетті.  Сонымен, қалың топты қақ жарып шығып, мәреге бірінші жетіп, лақап аты «Бүркіт» деген күрең айғырға мінген Алматы облысының шабандозы Шермамат Бөпекбай бас бәйгені ұтып алды. Екінші жүлделі орынды «Ұлытау» деген торы айғырымен Мақсат Түкенов алса, үшінші жүлделі орынды «Братишка» айғырымен Мұхтархан Серғазиев және төртінші орынды «Наурыз» тұлпарымен Ақтан Қамзат иеленді.
–Барлық аттар мықты екен. Жеңіске жету оңай болмады. Аттың тізгінін тежеу қиынға түсті. Бірақ, бәрібір соңғы айналымға дейін басын тартып ұстап, іркіп отырдым. Солай істегенім дұрыс болды. Осы жарысқа  үш ай дайындалып, атжараттым, –  дейді он екі жасар  жеңімпаз Шермамат
Бөпекбай.
Бәйге аяқталған соң бірінші орынға темір тұлпар берілсе, екінші орынға 200 мың, үшінші орынға 150 мың, төртінші орынға 75 мың теңге сыйақы берілді.
Одан әрі 1800 метрлік қашықтықта дөнен жылқылар арасындағы бәйгеде 6 шабандоздың арасынан бірінші орынды ақтөбелік «Мұғалжар» сәйгүлігімен Бахтияр Талайбекұлы иеленсе, жүлделі екінші орынды «Брейф Мун» сәйгүлігімен өзіміздің Красноярдан Румия Шарафуллина, үшінші орынды «Элькуш» сәйгүлігімен жерлесіміз Дима Ваеков иеленді.
Бұдан кейін 15 мың метр қашықтықтағы әртүрлі жас аралығындағы жылқылар арасында «Тоқ» бәйге өтті. Мұнда 1-ші орынға Солтүстік Қазақстан облысының шабандозы Анатолий Пипко («Сұлтан» жорғасымен), 2-ші орынға Шығыс Қазақстан облысының шабандозы Жарас Сүлейменов («Кодзура» сәйгүлігімен), 3-ші орынға Қостанай қаласының шабандозы Есентур («Гольегос» сәйгүлігімен) ие болды. Бұл бәйгеде бірінші орынға «Нива» көлігі берілсе, қалған жүлделі орындарға қомақты қаржы үлестірілді.
Жарыс 1200 метрлік қашықтықтағы тай жарысымен жалғасты. Топтан озғандарға екі орынға жүлде берілді. Бірінші орынға Шығыс Қазақстанның өкілі  Румия Шарафуллина, 2-ші орынға  Талғат Алиев ие болды.
Ал, соңғы қорытынды жарыс ұзақтығы 7 мың метр қашықтықта құнан жарыс өткізілді. Сөйтіп, лақап аты «Астана» деген күрең құнанды мінген  Алматы облысының шабандозы Шермамат Бөпекбай бірінші болып мәре сызығын қиды. Екінші орынды Алматы облысының шабандозы Мақсат Қуанышбеков («Кочевник» атты сәйгүлігімен), үшінші орынды алматылық Шалқар Мамырханов («Айсұңқар» атты торы құнанымен) ұтып алды. Бас жүлдеге «Lada Granta» көлігі берілсе, қалған жүлделі орындарға ақшалай сыйлық тағайындалды.
Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мен Астана күніне арналған ат жарыс осылайша өз мәресіне жетті. Аламанға ат қосқан алаш жұрты қыс бойы құрысқан денесін бір жазып, бір жасап қалды. Алпыс екі тамырында ыстық қаны атойлаған қазаққа бәйгеден қызық не бар?

 

Рамазан ТӨЛЕУБАЙ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар