Атасының зиратын іздеп тапты

 

Алай-дүлей жел көтеріліп тұр. Екіленіп, қаһарына мініп көз аштырар емес. Әп-сәтте бұйда-бұйда бұлттар қоюланып, аспан әлемі түнеріп кетті. Бірақ, Смағұлды ауа райының құбылмалығы  имендірген жоқ. Аңыздағы жұмысын жалғастырып жүре берді.

 

Смағұл Асанбаев еңбекке ерте араласты. Ол шамамен 1908 жылы Еңбекшілдер ауданындағы Қаратал ауылында дүниеге келіпті. Жастайынан жарғақ құлағы жастыққа тимей, сарыла еңбек етті. Көктемде жер жыртып, тұқым сеуіп, жазда шөп шауып, оны жинап, күзде егін орып, бидайын бастырып, қоймаға тасып, қыста бидайды аудан орталығына шанамен жеткізетін. 1942 жылы Степняк қаласының әскери комиссариатынан шақыру келеді. Әрдайым  өжет, тәуекелшіл мінезімен танылған Смағұл  майданға аттанды. Онымен бірге туған бауырлары Жұмаш пен Жұмәлі де бірге кетіпті. Cол кеткеннен елге қайта оралмаған. Тіпті, соғыс  жылдары отбасына ешбір хабар-ошар да келмеген екен.
Соғысқа аттанған жауынгердің артында әйелі Қадиша мен Қазыбек, Мәриям атты балалары қалады. Мәриям 4 айлық сәби еді. Ауылдағы барлық жұмысқа білек сыбана кірісіп, балаларды асыраудың амалын іздеген ана азаматтың нар жүгін арқалады. Әсіресе, 1943 жылы артиллерия командирінен  «қара қағаз»  келгенде ет-жүрегі езіліп,  үміті тас-талқан болып үгілді де қалды.
Сөйтіп, айлар, жылдар өтті. Кеңес  әскерлері фашистік Германияны жеңіп, болашақтың  бұлыңғыр бұлты сейіле бас-тады. Қадиша апайдың елге оралған  жауынгерлермен қатар жары да оралар деген ойы ақталмады. Тек соғыстан елге қайтқан ауылдасының естелігі көп жәйттің бетін ашты. Оның майдандағы өмірі жайлы хабардар болды. Қаруласының ай-туынша, Смағұл соғыста оқ-дәрі таситын тракторшы болған екен. Күндердің бір күнінде   трактордың үстінен бомба түсіп жанып кеткен. Тек есіктің ашық болғаны ғана жанындағы адамның өмірін сақтап қалыпты.
Ал, оның  қай жерде жерленгені белгісіз еді. Соғыс кезіндегі құпия құжаттарды ақтаруға рұқсат болмады. Бәрі қатаң қадағаланып, мұрағатқа бас сұқтырмайтын. Бұл жәйт немересі Қайраттың  жанын жай таптырмай жиі мазалаған екен. Ол ағымдағы жылдың наурыз айында ғаламторда көздің қарашығындай сақталған мәліметтерді көріп, атасының соғысқан жерін тауып алды. Сөйтіп, сәтін салып көрші Ресейдің Курск, Белгород, Орлов облыстарының мұражайларына барады. Мұражай қызметкерлері бағыт-бағдар беріп, Понырев тарихи мемориалдық мұражайын нұсқайды. Немересі аталған мұражайдың мұрағатында бір парақ қағазға кезігіп, атасына қай жердің топырағы бұйырғаны туралы білді. Онда Смағұл Асанбаев  Гаубичтік гвардиялық артиллерия бригадасының екінші құрамында болып, ерлікпен қаза тапқандығы көрсетілген. Қайрат атасының бейітіне туған жердің топырағын апарып, Құран бағыштап қайтады.
Міне, 70 жылдан астам уақыт өткен соң ғана жауынгердің ұрпағы оның жерленген жерін біліп отыр. Ел басына күн туғанда от кешкен батырдың ұрпағы өсіп-өніп, алып бәйтерекке айналды. Қазір одан тараған немерелер мен шөберелер  өмірден өз орындарын тапқан азаматтар.

Еңбекшілдер ауданы.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар