Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отандық өнім қашан көбейеді?!. - АРҚА АЖАРЫ

Отандық өнім қашан көбейеді?!.

Халықтың санасына импорт деген ұғым әбден сіңіп кеткелі қашан. Тіпті, адамдардың шеттен зат сатып алса, осыған кәдімгідей масаттанып  қоятыны да бар. Ал, отандық өнім деп ауыз толтырып айта бермейміз. Cондықтан, бүгінгі  жергілікті тауар өндірушілер өнімінің өрісі қандай, отандық өнімнің әлеуеті қай дәрежеде деген орынды сұрақ туындары сөзсіз.

Әлемді экономикалық дағдарыс жалмаған уақытта еліміздің ішкі нарығы үшін отандық өнімге деген сұранысты арттырудың маңызы зор. Бұл ел экономикасының тұғырын бекем етіп, азаматтарды сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуге зор мүмкіндік туғызады. Оған қоса, жергілікті тауар өндірушілердің кәсібін шалқытуға жебеу болатыны анық. Алайда, бір сөреде қатар тұратын отандық тауарға тұтынушылардың ықыласы төмен.
Еліміз тәуелсіздік алғалы тұралап қалған көптеген кәсіпорындар қалпына келтіріліп, жерлестеріміз іргелі өндірістердің тізгінін қолға ала бастады. Десе де, бәселестік тұрғысынан алғанда отандастарымызға түсер салмақ ауыр. Себебі, ғаламтор мен телеарналарда өзге елдің азық-түлік өнімдері мен тұтыну тауарлары жан-жақты жарнамаланып, ел санасын шырмауықтай шырмап алуда. Сөйтіп, шетелдің жұртшылыққа танылып қалған тауарлары бір демде сатылып кетеді. Тіпті,  шеттен әкелінген жеміс-жидек пен көкөніс сауда орындарында ұзақ жатпайды. Ал, елімізде мүлдем өндірілмейтін тұрмыстық техника тауарлары мен ұялы телефондарды еріксіз  сатып алуға мәжбүр боласыз. Бұл – үлкен мәселе.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі отандық өнім өндірушілерге қолдау көрсету мәселесін үнемі назарда ұстап келеді. Осы орайда, тұтынушылар назарын отандық өнімге бұру, азық-түлік өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында бірқатар бағдарламалар жүзеге асуда. Ағымдағы жылы «Қазақстан-2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері  бастаған «Қазақстанда жасалған»  республикалық акциясын ерекше атап өтуге болады. Бұл науқаннан облыстағы  барлық аудандар қалыс қалмай,  сөрелерге отандық өнімді ерекшелеп орналастырды. Сатып алушыларға тартымды болуы  үшін  «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар түрлі-түсті  арнайы тақтайшалар қойылды. Мәселен, Қорғалжын ауданында  алғашқы болып  шараға жауапкершілігі шектеулі «Астана Агропродукт»  серіктестігі, «Балтабай», «Юлия», «Еснұр» және «Бал мырза» сынды дүкендер қатысып, отандық өнімді танымал етуде белсенділік танытты. Осылайша, тұтынушылар жергілікті тауар өндірушілерді танып, экономикалық әлеуетімізді арттыра түсті.
Ал, облыс орталығындағы сауда орындарында бұл науқанның қалай іске асып жатқанын білу үшін көпшілікке танымал «Арбат» әмбебап дүкеніне бас сұқтық. Сауда сөрелерінде азық-түліктің түр-түрі  тізіліп тұр. Мұнда өнімнің жартысынан көбі отандық кәсіпорындарда өндірілгенін алыс-тан менмұндалап тұрған жапсырма қағаздардан аңғаруға болады. Асылы, тұтынушылар арасында жауапкершілігі шектеулі «Milk Progect», «Молоко Синегорья», «Ақсай нан Көкшетау», «Көкшетау нан зауыты» серіктестіктері шығаратын  өнімдер үлкен сұранысқа ие. Дүкеннің менеджері Айгүл Садуованың айтуынша, жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері сапасы жағынан шетелдік тауарлардан қалыспайды.
Әсіресе, сатып алушылардың назары жергілікті сүт өнімдеріне ауатыны көңіл көншітеді. Сол себепті,  дүкен қызметкерлері отандық азық-түлікті сөренің алдыңғы жағына орналастырады екен.
Тұтынушылар тағамның сапасы мен бағасы келісті болса, отандық тауар өндірушілерді қолдауға да-йын. Бұған дүкенге келген Қымбат Жүкенованы сөзге тартқанда көзіміз жетті. Тұтынушы жергілікті кәсіпорындардың өнімін сатып алуды әдетке айналдырыпты. Ол қай жағынан алсаң да отандық өнімнің артықшылығы мол екенін айтады. Ең бастысы,  азық-түліктің табиғи заттардан жасалынып, денсаулыққа пайдалы екенін ескереді. Себебі, әлемде тұтыну тауарларымен орын алып жатқан жан түршігерлік оқиғалар әркез сақ болуға үндейді. Осы ретте, «ауру – астан, дау – қарындастан» деген мақал өміршеңдігін жоймай отыр. Cапалы азық-түлік, сіз бен біздің денсаулығымыз екені айдан анық. Ендеше, ішіп-жеп отырған азық-түлігіміздің  құрамын бақылауда ұстау үшін отандық тағамды пайдаланғанымыз абзал. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, егер де азық-түліктің 25 пайыздан артық мөлшері сырттан алынатын болса, онда азық-түлік қауіпсіздігін бақылауда ұстау қиынға соғады. Әсіресе, аса көп мөлшерде пайдаланылатын ет пен сүттің қауіпсіздігі маңызды. Алайда, Ресей ақшасының құнсызданғанын пайдаланған алыпсатарлар көрші елден азық-түліктен бастап өзге тұтыну тауарларын толассыз тасуда. Сауда өкілі Марина Сивцованың пайымдауынша, азық-түлік дүкендері азаматтардың қалтасын қақпайтын өнімдерге тапсырыс береді. Көпшілігі сапа қумай, баға қуады. Әрине, бағасы мен сапасы қабысып тұрса сатып алары хақ. Кей жағдайда өзге елден әкелінген тауар отандық өнімнен сапасы жоғары, бағасы төмен болады. Осы жағдайда тұтынушының қай тағамды таңдайтыны айдан анық. Мұның өзі көптеген кәсіпорындарды тығырыққа тіреді. Облыста сапасымен көпшілікке танылмаған кәсіпорындар баршылық. Ол өнімнің жергілікті тұтынушысы жоқтың қасы. Мәселен, жауапкершілігі шектеулі «KazBeef LTD» серіктестігінде денсаулыққа пайдалы әрі  әлдеқайда тез пісетін еуропалық стандарттарға сай  ет өнімдері да-
йындалады.  Бірақ, мұндай айтулы тамақты кәсіпорын Астана, Алматы және көрші Ресей мемлекетіне тасымалдайды. Жергілікті тұтынушылар арасында пайдалы ет әлі де болса танымал емес.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы Александр Загребиннің   айтуына қарағанда, отандық өнімнің  сапасы Ресей, Белоруссия елдерінен әкелінетін тауарлардан кем түспейді. Жергілікті кәсіпорындар   сүт өнімдері, сусындар, ет өнімдері мен ұнды өндіреді. Алайда, кәсіпорындардың өндірістік қуаттылығы төмен, сондай-ақ, Астана қаласы маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру қажеттілігі болғандықтан ішкі нарықты отандық өніммен толық қамтамасыз ету мүмкін болмай отыр. Ашығын айту керек,  өңірде сүт өнімдерін өндейтін кәсіпорындар жеткілікті болғанымен шикізат көзі тапшы екен. Сондықтан, өндіріс көлемін арттыру, ішкі азық-түлік нарығын тұрақтандыру сияқты мәселелерге ерекше мән беруіміз қажет. Абзалында, отандық өнімді насихаттап, кәсіпкерлерді қолдаудың тетіктерін іздестірген жөн. Сөйтіп, отандық өнімге отандық мазмұн беру  кәсіпкерлердің ісіне жаңа дем беріп, экономикамыздың қуаттылығын арттыра түспек. Өзгенің экономикасын көтергенше, өз әлеуетіміздің асығын алшысынан түсірейік.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар