Қабылдауда айтылған өтініштердің дені баспана мен басқа да әлеуметтік мәселелерді қамтыды. Мәселен, Көкшетау қаласының тұрғыны, зейнеткер Татьяна Викулова мен «Алтын ғасыр» пәтер иелері кооперативінің төрайымы Заводхан Озиева Куйбышев көшесінің бойындағы №48 көпқабатты үй тұрғындары атынан тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша аталмыш үйді күрделі жөндеуден өткізудің қажеттілігі туындап отырғандығын айтты. Өз кезегінде өңір басшысы бұл мәселенің келер жылы өз шешімін табатындығын жеткізді.
Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің директоры Құралай Ыдырысова болса, осы оқу ордасына жапсарлас қосымша ғимарат салу қажеттігін алға тартты. Аймақ басшысы бұл мәселенің де орынды көтеріліп отырғандығын айта келе, ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын жалғастыру үшін облыс әкімдігі тарапынан екінші қайтара Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне республикалық бюджеттен қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру туралы хат жолданғандығын мәлімдеді.
Сондай-ақ, қабылдауға келгендер өздерін толғандырған тұрғын үй, мәдениет саласына қатысты мәселелерді де ортаға салды. Облыс әкімі азаматтарға олардың өтініштерінің жіті бақылауда болатындығын айтты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.