Жеңіл қарауға болмайтын жұмыс

Облыс әкімі Сергей Кулагиннің төрағалығымен  өткізілген облыс әкімі жанындағы  терроризмге қарсы күрес жөніндегі комиссияның отырысында  жастарды  діни теріс ағымдардан сақтандырудың  маңызы мен міндеттері пысықталды.

Күн тәртібіндегі басты мәселе бойынша облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Шахмардан Байманов баяндама жасады.  Ол елімізде қолға алынған 2013-2017 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы  іс-әрекет жасау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның басымдықтары жайлы айтып берді.
Шыны керек, бүгінде радикалды идеологияға бейім жастардың қатары өсіп барады. Оларды бұл қатерден қалай сақтандыруға болады? – деген сауал да өміршең болып отыр. Шахмардан Байманов ақпараттық-насихаттық топтардың  жұмысын жандандыру арқылы қоғамымызда төзімділік қағидаттарын қалыптастыруға болатынын атап көрсетті.
Мұндай насихат топтарына діни бірлестіктер, ұлттық орталықтар, жастар ұйымдары өкілдерін тарту  маңызды болып табылады. Қазірдің өзінде  облыстық дін істері басқармасы мен жергілікті әкімдіктер жанында құрамында 200-ден асатын мүшесі бар 24 ақпараттық-насихаттық топтар жұмыс істейді. Жыл басынан бергі бес айда ғана жастар арасында 10 мың адам қатысқан 313 шара өткізілді.
Ғаламтор желісі де теріс ағымдарға жетелеудің негізгі бір арнасына айналып отыр. Осыған байланысты барлық жоғары оқу орындарындағы  компьютерлік сыныптар рұқсат етілмеген ресурстарға кіруді шектейтін бағдарламамен қамтамасыз етілген.
Қоғамымызда рухани-ізгілік құндылықтарды насихаттау ісіне облыстың барлық өңірінде құрылған жастардың ресурстық орталықтары да мол үлес қосып отыр.
Әрине, жастарды жаман қылықтардан сақтандырудың бір жолы – оларды жұмыспен қамту. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалар аясында  әртүрлі жобалар жүзеге асырылуда. «Жасыл ел» бағдарламасының да берері мол. Өткен жылы облыста  жүзден аса жастардың еңбек отрядтары жұмыс істеді. Оған 2690 студент жұмылдырылды. Ал, «Жасыл ел» бойынша 700-ден аса студент еңбек етті.
Мемлекеттік бағдарламалардың аясында әлеуметтік қолдау көрсету шараларын іске асыру арқылы жастарды радикалды діни идеялардан қорғаудың шаралары туралы облыстық білім басқармасының басшысы Балым Ізбасарова да хабарлама жасады. Ол білім саласында бұл жұмыстардың қалай қолға алынғанына жан-жақты тоқталды. Дін таным сабақтарының мәселесі де ортаға салынды. Бала тәрбиесінде патриоттық жұмыстарды жүргізудің жайын да айтты. Әсіресе, көп оқу орындары бейне қадағалау қондырғыларымен қамтамасыз етілгенін де жеткізді.
Әрине, бұл бағытта жұмыстар жасалып жатқаны анық. Бірақ, әлгіндей бейне қадағалаумен жастарды теріс діни ағымдардан арашалап қала аламыз ба?! Бар мәселе де осында. Жастарды мектеп жасынан діни тағаттылық пен төзімділікке тәрбиелеу мәселесіне көбірек көңіл бөлінгені абзал болар еді.
Бұдан әрі Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің бастығы Дәулет Қысталасов, облыстық ішкі істер департаменті басшысының орынбасары, полиция полковнигі Ризахмет Жанбеков, облыстық мамандандырылған күзет қызметі басқармасының басшысы Батырбек Бабаев,облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы полковник Арман Әбдіхалықов және облыстық денсаулық басқармасының басшысы Гүлнәр Құлышева өз салалары бойынша атқарылған жұмыстар жайлы есеп берді. Жастарды теріс діни ағымдардан қорғаудың жолдары жайлы оң пікірлер білдірді.
Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Сергей Кулагин жастармен рухани тұрғыдағы жұмыстарды жүргізу үшін теолог мамандарды да көбірек тарту керек деді. Бүгіні таңда Алматыдағы «Нұр-Мүбәрәк» ислам мәдениеті университетінде біздің облыстан отызға тарта студент білім алуда. Оның үшеуі облыс әкімінің грант иегерлері болып табылады. Өңір басшысы бұл гранттың санын көбейтуге тапсырма берді.
– Жастармен жұмысты ертеңге қалдыруға болмайды, біз онымен айналыспасақ, басқалар олардың санасын жаулап алады, – деді ол. Жастар басқаның ықпалында кетпесін десеңіздер, жұмыла жұмыс істеуге тура келеді. Бұдан ешкім сырт қалмауы тиіс екенін осыған мүдделі барлық мекеме басшыларына қатаң ескертті.

 

Аслан ОСПАНОВ

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар