Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бәріміздің жүрегімізде - АРҚА АЖАРЫ

Бәріміздің жүрегімізде

Көк түрікке киелі де, қастерлі мекен болған сайын сахара азаттық алауын жағып, көк аспанында көк байрағын желбіретті. Күн шұғыласына малынып,  шырқау биікте қыран құс қанатын қомдайды. Еркін елміз, азат халықпыз деген осы бір ұлық сөздердің астарында асқақ сезімдер жүрек түкпірінен лықсып шығып  жатқандай.

 

Найзасына үкі тағып, аттың жалын тартып мінген бабалар арманы алашты жаудың қарымына бермей, тұғырын берік, жұлдызын жарық ету еді. Менің ойыма ұлы хан Абылайдың үш арманы оралып отыр. Сонда ол: «Көп қан төгілді, мен төкпесем, дұшпан менің қанымды төгетін еді. Халық жер емшегін еме алмады, қала кент сала алмадым. Елдің басы бірікпеді, тентегі-тебісі көп болды» деп еді-ау.

 

Бабалар аманатын мақсат-биігіне көтеріп, елінің етек-жеңін бүтіндеп, бір орталықтан басқарған мемлекетін құрып, өркениетке даңғыл жол салған асқақ тұлға – Елбасымыз, ұлтымыздың Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін барша әлем мойындады.

Елбасы өзінің бір айшықты сөзінде: «…Біз бабалар аманат еткен киелі жерімізге құрған мемлекетімізде ынтымағымызды сақтай білдік. Соның арқасында берекелі бірлігіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Есілдің бойына ел қондырып, еңселі Ордамызды орнаттық. Арқа төсіне әсем Астана салып, әлемге Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Қазіргі жасампаз Қазақстан іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан Тәуелсіз мемлекетке айналды»  деген еді.
Міне, Алатаудай асқар таудың баурайынан елдің жаңа ордасы Арқаның төріне өз іргесін салды. Құтты бір ғажайып мекен бе дерсің. Күн санап құлпырған әсем көркі көздің жауын алып, бойында бір міні жоқ киелі хан ордасындай жаныңды баурайды. Аспанмен тірескен биік те, еңселі үйлері иін тіресіп, ұлт боп ұйыған алаштың атын айшықтай түседі.
Бәйтерек тұр қазақтың тегі де, түбі де тереңде жатқанын паш етіп. Онда сақтың да, ғұнның да жер жаһанды аттарының ізімен басып өткен жолдары жатыр. Моңғол мен жоңғар шапқыншылығынан жапа шеккен қаймана елдің көз жасы да төгілген бұл бәйтерекке. Азат ел боламын деп елін соңына ерткен Керей мен Жәнібек хандардың рухы биік ерлік істері де бедерленеді.
Мен Елордамды, киелі Астанамды азат елдің асқақ екенін төрткүл дүниеге сыр ғып шашқан қастерлі бойтұмарым ретінде сүйемін, құрметтеймін, қастерлеймін. Әр барғанымда жүрегіме жылылықтың шуағын сеуіп, емірене қарсы алады. Өйткені, бұл менің Астанам! Менің қазағымның  қасиетті Елордасы! Өзім  жоғары оқу орнын Мәскеуде оқыдым. Кешегі кеңес өкіметінің  тегеуіріні жүріп тұрған тұс еді ол. Таңдана қарайтын едік біз Мәскеудің сұлу сымбатына. Әлеммен  сыр алысқан қала шынында таңсық көрінуші еді. Ал, тәуелсіз қазақ елінің Астанасы мен көрген Мәскеуден де асып түседі. Бұл әлемде дәл Астанадай сұлу да, көрікті жас қала жоқ та шығар. Бұл менің жалғыз пікірім де емес. Елорданы көзімен көрген шет елдіктер таңдайын қағып, тамсанғанын талай көріп, куәгері болдық. Менің мәскеулік бірге оқыған достарым Астанаға келгенде  осыны айтады. Ертегі сияқты, күн санап өзгерген жасампаз қаланы бүгін көрсең, ертең танымайсың дейді  мәскеулік достарым.
Қандай ғанибет, осындай жылы сөз есту. Төбең көкке бір елі жетпей қалады. Астананы салған Елбасының да көреген саясатына көз жеткізіп, осындай ұлы адамды қазақтың пешенесіне жазғанына Аллаға бір шүкір етесің. Біздің Елбасымыздың елім дегенде етегі жасқа толып, еміреніп, қайтсем қазақты өркениетке жеткіземін деген тілегіне  дүйім елдің қуанатыны да, марқаятыны да осыдан болса керек.
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мұсылман әлемі үшін қасиетті Қағбаға кіргенде ең алдымен елінің тілеуін тілеген екен. Өзінің бас амандығын емес, халқының амандығын ойлады ол. Ойлап та келеді, жарғақ құлағы жастыққа тимей. Елордасын салып, елін өрге көтерген Елбасымызға ризалық сезім елорда жайлы толғаныспен де астасып жатыр. Себебі, бұл екеуі егіз ұғымдар. Бір-бірінен ажырату еш мүмкін емес. Елбасы ауызға алынғанда еске Елорда түседі, Елорда жайлы сөз қозғағанда Елбасы  ойға оралады.
Біздің оқу орнымыз Көкшетау қаласында болғанмен, бәріміздің тілегіміз Елорда болмақ. Бұл күнделікті оқу процесінде де негізгі басты арналардың бірі саналады.  Студенттеріміз де жыл сайын Астанаға барып, Парламентте өздерінің практикаларынан өтеді. Мұндай бақыт біздің студенттерімізге бұйырғанын да мақтан етеміз. Олар елді қалай басқару керек, заңдар қалай шығарылады деген тұрғыда танымдарын жаңаша ойға толтырады. Өз елін сүюдің қасиетті екеніне қанығады.
Ал, Астанадан  белгілі тұлғалар Анатолий Башмаков,  Мұхтар Алтынбаев және Талғат Мұсабаевтардың әр келуі де  біздің оқу орны үшін үлкен айшықты оқиғаға айналады. Шәкірттеріміздің білім жағдайымен танысып, өздерінің ақыл-кеңестерін беретіні де тағылымға толы дер едім. Мысалы, ғарышкер Талғат Мұсабаевтың арнайы шәкіртақысы ең үздік оқитын студенттерге беріледі. Бұл марапатқа  әр шәкірт  қатысып, бақтарын сынайды. Жүзден жүйрік шыққандар ғана ғарышкер шәкіртақысын иеленеді.
Елорда жайлы менің ой-толғамым осылай өріледі. Елбасы мен Елорда – егіз ұғым дейтін сөздің де астарында қазақ үшін  мақтана алатын соқпағы да көп, сынағы да аз емес тарих жолы жатыр. Біз енді мәңгілік ел болу мақсатын биік меже етіп алдық. Бұл да оңай алынар асу емес. Кешегі күндері талай хандарымыз аттың жалында жүріп, қаймана елін қорғап еді. Сол асыл мұрат Елбасымыздың бейбіт жолмен өркениетке ұмтылған арманымен астасып жатыр. Енді біз сол асқақ биікке бірлігіміз берік, татулығымыз жарасым тапқан қалыпта жетуіміз керек. Елордамыз да бұған қол созып, Елбасымыз жол нұсқап тұр. Мұрат жолымыз асқақ та, биік болғай!
Сағынтай ЕЛУБАЕВ,
Абай Мырзахметов атындағы

Көкшетау университетінің президенті, облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан»  фракциясының жетекшісі, академик.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар