Биігінен Бурабайдың ән өрбітіп…

Көрікті Бурабай баурайындағы «Зеленый бор» шипажайында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Бурабай шақырады!» атты бірінші қазақстандық өнерлі жас-тар фестивалі ұйымдасты-рылмақшы. Хан Абылайдың ордасы болған Бурабайда бұл күні киіз үйлер құрылып,  алтыбақандар тұрғызылады деп жоспарлануда.

Көкшелік айтыс сүйер қауым бұл күні алыс-жақыннан шақырылған жас ақындар айтысын тамашалайтын болады. Дәстүрлі әнді нәшіне келтіре орындап, тыңдарманын халықтың ұлттық мұраларымен сусындататын әншілер мен орындаушылар да өзара өнер додасына түспекші. Эстрада әншілері, вокалдық аспапты топтар мен ди-джейлер арасында да байқау ұйымдастырылып, үздіктер анықталады.
Ұлттық құндылықтарымызды, халқымыздың асыл мұраларын насихаттау үшін аталмыш бағдарламаны ұйымдастыру барысында көкшелік әнші Адам Хакімнің еңбегі зор.
–Мұндай фестивальді ұйымдастыру біраз жылдардан бері ойда жүрген болатын. 2010 жылы Көкшетау қаласында қазығы қағылып, іргетасы қаланып жатқан жаңа мешіттің құрылысына қажетті қаражатты толық жинап бермесек те, аз-маз қол ұшын беріп, тез бой көтеруіне өз үлесімізді қосу үшін «Ақ ниет» қайырымдылық концертін өткізуіміз де осы ойдың бастауы еді. Бүгінде бұл мешіттің құрылысы аяқталып та қалды. Содан бері бірнеше жыл қатарынан осындай халық игілігі үшін тағы қандай бағдарламалар ұйымдастырсақ деп жүрдік. Былтыр облыстағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен қарттар үйлеріне арнайы барып, концерттер беруді де қолға алған болатынбыз. Бірақ, демеушілер мен қолдаушыларымыз аз болып, жоспарымыз толық жүзеге асырылмай қалды. Биыл ел тарихындағы ең мерейлі дата – Қазақ хандығының  550 жылдығына орай, ұйымдастырылып жатқан бағдарламаға ел ағаларынан бастап, белгілі кәсіпкерлер қолдау білдірмекші ниетте. Олардың ішінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұратбек Оспанов, белгілі айтыс ақыны Құдайберлі Мырзабек, Ақмола облыстық филармониясының директоры Базарбай Кәкенов, өнер және әдебиет музейінің директоры Нұрбек Нұралин және «Зеленый бор» шипажайының басшысы Дүйсенбек Мәшһүрбекұлы бар, – дейді Адам Хакім, әлі де қолдау білдіремін деушілер болса, құп алатындығын жеткізіп.  
Сонымен қатар, фестиваль соңында жеңімпаздар анықталып, ұйымдастыру алқасының бағалы сыйлықтарымен марапатталады.
Аталмыш жастар фестивалі шілденің 17 жұлдызында сағат 14.00-де «Арқа әні шарықта» атты дәстүрлі әншілер концертімен басталады.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар