Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кінәлілер жазаланатын болды - АРҚА АЖАРЫ

Кінәлілер жазаланатын болды

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы  бойынша департаменті  басшысының орынбасары Қуаныш Жапақовтың төрағалығымен өткен Тәртіптік кеңес отырысында сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызып, Ар-намыс кодексінің талаптарын өрескел бұзған лауазымды басшыларға қатысты тәртіптік істер қаралды.

  Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Дмитрий Пятько мен  аталған басқарманың бөлім басшыларына қатысты  іс комиссия мүшелерінің қызу талқысына түсті.  Олар мемлекеттік сатып алу конкурстарын өткізу барысында  белгілі бір кәсіпкерлік субъектілеріне басымдық берді, сол арқылы өзге кәсіпкерлердің құқығын шектеді деп айыпталып отыр. Мәселенің мәнісіне келер болсақ, 863 миллион теңге бюджет қаражатына салынғалы жатқан Көкшетау қаласындағы Халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысын жүргізуге ниет білдірген 12 мердігердің ішінен құжаттарының жеткіліксіздігіне қарамастан, басқарма басшысы бастаған арнайы комиссия «Омис – строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін таңдап алған. Аталған ұйымның мойнында қарызы, аяқталмаған құрылыс нысандары барлардың тізімінде тұрғаны да ескерілмеген. Прокурорлар дәл сол конкурстан  жеңген фирмамен тең дәрежеде болған серіктестіктерден арыз-шағымдардың келіп түскендігін алға тартты. Жауапқа тартылған тарап барлығы заңды болды деген ұстанымнан танған жоқ. Жағдайға қаныққан Тәртіптік кеңес оларды жұмыстан босату жөнінде ұсыныс енгізді.
Ал, Бурабай аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Райымбек Махалиев жер телімдерін үлестірер комиссияға материалдарды жолдау кезінде жеке тұлғаларға заңсыз артықшылық көрсеткен. Осылайша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңның 12-бабы, 1-тармағының 4-тармақшасын бұзған ол  салынбаған құрылыс жөнінде актілерді қабылдап алғандығын мойындаған жоқ. Оның айтуынша, актінің шынайылығына жеке тұлғалардың өздері кепіл болады. Ал, бөлім тек құрылысты жүргізгеннен кейін тапсырған құжаттарды тіркеумен айналысады екен. Прокурорлар болса, айыпталушының жеке құрылысқа рұқсат етілмеген жерлерге бірнеше рұқсат қағаздарын бергендігін жеткізді. Құжаттардың жартысы қолдан жасалса керек. Кеңес  мүшелері оны қызметтен босату жөнінде ұсыныс енгізді.
Отырыс барысында сондай-ақ, Степногорск қаласы әкімі аппаратындағы тәртіптік комиссия төрайымы Елена Тарасоваға және аппараттағы бөлім басшылары Жанар Ізбасова мен Гүлзада Нұрғалиеваға қатысты іс те қаралды. Олар Тәртіптік кеңесте қаралуға тиіс сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерді өздері қарап, айыпты деп тапқан қызметкерлерге қатысты зерттеу жүргізіп,  тіпті, қатаң  сөгіс жариялап отырған. Кеңес мүшелері құзыретіне кірмейтін шаруаны өз бетінше жылы жауып қоюға тырысқандарға қатаң сөгіс жариялады. Қаралған басқа да тәртіптік істер бойынша нақты шешімдер қабылданды.

Перизат ӘБІЛҚАСЫМҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар