«Сенің таңдауың – сенің өмірің»

 Есірткіге қарсы күрес күніне орай Ақмола облыстық ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасының ұйымдастыруымен «Сенің таңдауың – сенің өмірің» атты баспасөз мәслихаты болып өтті.

  2014 жылы есірткі бизнесімен күресуге арналған «Қолма-қол сатып алу» әдісі бойынша 46 іс-шара өткізіліп, есірткі қылмыстарына қатысты 105 қылмыс ашылды. Оның ішінде 88 іс есірткіні заңсыз түрде сату болса, жетеуі есірткі заттарын аса көп мөлшерде сақтау бойынша әшкереленді. Оған қоса заңды түрде сатылатын есірткіні заңсыз сатқаны үшін екі қылмыскер құрықталды. Сонымен қатар, құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді өсіру мен айналысатындардың үстінен үш қылмыстық іс қозғалды.
– Бүгінгі күнде нарықта героиннің қымбаттауынан және бұл қылмысқа қатысты жазаның ауырлауы себебінен, есірткіні өз қолдарымен жасап, қабылдай бастаған нашақорлар жиі кездесіп жүр. Олар «экстракциялық апиын» дайындайды. Ол денсаулыққа зор зиян келтіреді. Қолдан жасалған есірткінің құны героиннан екі есе арзан. Бірақ, оны қолданған адам бір-екі жыл ішінде көз жұмады, –
деді жиын барысында ішкі істер департаменті есірткі бизнесімен күрес басқармасының басшысы Бауыржан Дәукенов. Бұдан кейін облыстық наркологиялық оңалту орталығының бас дәрігері Сәкен Кәкпенов сөз сөйлеп, бұл мәселені шешудің ең тиімді жолы отбасындағы тәрбие екендігін айтып өтті.
Баспасөз мәслихатынан кейін есірткімен күрес мәселесіне қатысты облыстық наркологиялық оңалту орталығында дөңгелек үстел ұйымдастырылып, оған әртүрлі мүдделі органдар мен мекеме басшылары және студенттер, есірткіге тәуелді адамдар қатысты. Есірткіге тәуелділер өздерінің осы жолға түскеннен кейінгі қиын да ауыр тағдырлары, есірткінің зияны туралы студенттерге ашық айтып берді.
Кешке есірткіге қарсы күрес күніне орай тәуелсіздік алаңында әртүрлі спорттық ойындар өткізілді. Онда отбасылық ойындар да ұйымдастырылды. Шара соңында жеңімпаздар марапатталды.
Рамазан Төлеубай.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар