Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тұлға рухына тағзым - АРҚА АЖАРЫ

Тұлға рухына тағзым

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің туғанына 100 жыл толуына орай, Қарағанды облысы Нұра ауданының Изенді ауылында қайраткер тұлғаның рухына Құран бағышталып, ас берілді және түрлі мәдени шаралар өткізілді. 

Бес ауылдың жастарының арасында футболдан турнир өткізіліп, мемлекет қайраткерінің рухына арналған мәдени шараны  ұйымдастырып, оған қаржылай демеушілік жасаған Жұмабек Тәшеневке арнап шығарылған «Дәуір дарабозы» өлеңінің авторы, «Отқанжар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қанат Жариясұлы Отарбаев. Неге Қарағанды облысында аталып өтті деген заңды сұрақ кімнің тарапынан болсын туындауы әбден мүмкін. Өйткені, Жұмабек Ахметұлы Қарағанды облысының Нұра ауданында 1935 жылы, яғни, 20 жасында аудандық референт (хатшы) қызметін атқарумен өзінің алғашқы еңбек жолын бастаған еді. Сондықтан да, осы бір арқа төсіндегі өлкеде мәдени шара өткізіліп, ас берілуі өте орынды деп ойлаймыз.
Мәдени шара 2015 жылдың 11 маусым күні Изенді ауылының «Мәдениет үйінде» басталды. Оған Халықаралық «Алаш сыйлығының» лауреаты, ақын Серік Тұрғынбекұлы, жазушы, тәшеневтанушы Мейрам Байғазин, мемлекет тарихы институтының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов, жетекші ғылыми қызметкер, педагогика ғылымдарының кандидаты Жабай Қалиев, Қазақстан Республикасы Ұлттық мұражайының «Қазақстан тарихы» бөлімінің басшысы Жанар Бейісова және Жұмабек Ахметұлының келіні Фатима Сыдыққызы қатысып, ұлт жанашыры – Жұмабек Тәшенев туралы ой бөлісіп, оның өмірінің кейбір сәттеріне тоқталды. Сондай-ақ, іс-шарада айтыскер ақын Дидар Қамиев бастаған жас ақындар арнаулар айтып, термелер орындады және тағы бір топ жастар патриоттық рухтағы өлеңдер оқыды. Мәдени еске алу кеші соңында Жұмабек Ахметұлының 100 жылдық мерейтойына арнап шығарылған «Дәуір дарабозы» маршы орындалды.
Түстен кейін Нұра ауданының бес ауылының жастары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Сонымен бірге, Изенді ауылындағы «Ақ босаға» асханасында Жұмабек Ахметұлының рухына Құран бағышталып, ас берілді. Бұл өте сауапты іс деп айтуға болады. Себебі, тұлғаның халқына қалтқысыз қызмет етіп, көзі тірісінде аты аңызға айналғаны, еліне сіңірген еңбегі ерен еді.
Жалпы, қазақ халқы осы бір айтулы тұлғаға арнап  қандай мәдени шара өткізіп, ұйымдастырса да, еш артықтығы жоқ. Өйткені, 71 жылдық ғұмырында алаш арыстарының жалғасындай болған азамат халқының мұң-мұқтажын шын түсініп, қолынан келген көмегінің бәрін жасады. Ең үлкен ерлігі – Тың игеру жылдары еліміздің 5 облысын Ресейге қосқызбай, елі мен жерін аман алып қалды.
Қорытындылай келгенде, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында көрсетілген «Жаңа Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» үшін елдің рухын көтеріп, тарихи санасын нығайту үшін осындай игі шаралар өткізіліп, тарихи тұлғалар рухына тағзым етілуі қажет.

Қанат ЕҢСЕНОВ,
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрлігі
Ғылым комитеті  мемлекет тарихы
институтының аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар