Жеті жыл бойы көш басында

Аудандық  көркемөнерпаздар ұжымдары кейінгі жылдары  облыстық  «Ақмола жұлдыздары»  байқауында үнемі алдыңғы саптан көрініп жүр. Оған дәлел ретінде 2008 жылдан бері әрдайым бас жүлде немесе бірінші-екінші орынды иемденіп жүргендігін айтуға болады. Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл кейінгі жеті жылдағы көрсеткіш.
Сәл шегініс жасасақ, аудан 2005 жылға дейін облыстық байқауларда бір рет те сегізінші орыннан жоғары көтеріле алмаған екен. Оның әрине түрлі себептері болған шығар. Дегенмен, ел ішінде талантты, өнерлі жастар қай кезде де аз болмаған. Яғни, бар мәселе – қолда барды дұрыс пайдалана алмаумен, дұрыс ұйымдастыра білмеуде болған-ау.
 –Бір кездері концерттік бағдарлама дайындағанда қазақша ән айтатын бір-екі адамды зорға табушы едік, – деп еске алады Аршалы мәдениет үйінің басшысы Тазагүл Тналина. – Ол уақытта ауданымызда өзге ұлт өкілдері басым тұрды. Сондай-ақ, өз бауырларымыздың да ана тіліне деген ынталары шамалы еді. Ал, бүгінгі жағдай мүлдем басқаша. Енді біз «орыс тілінде бір-екі ән қосайық» дейтін жағдайға келдік. Әрине, бұдан ауданда «бәрі қазақша болып кетті» деген ой туындамаса керек. Біздегі өзге ұлт өкілдерінен тұратын В.Н.Зеленый атындағы және «Задоринка» ансамбльдері халық ансамблі атағын алған ұжымдар. Сондай-ақ, «Мираж» халықтық би ұжымы, «Алмагүл» халықтық отбасылық ансамблі, Шырынгүл Ұзақбаева жетекшілік ететін «Әжелер ансамблі» ауданымыздың мақтанышы.
Шынында да, бір ауданда төрт ұжымның «халық ансамблі» атағын алуы мұнда мәдениетке, оның ішінде өнерге баса назар аударылатындығын айғақтаса керек. Ауданда жезтаңдай әншілер мен мың бұралған бишілер өте көп. Міне, солардың басын қосып, тамаша концерттік бағдарламалар дайындайтын мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбектерін атап өткен абзал. Сондай-ақ, өнер ұжымдарының киімдеріне 1 миллион 700 мың теңге қаржы бөліп, басқа да жағдай туғызу өз нәтижесін беріп отыр.
Мәселен, жоғарыда айтып өткеніміздей, 2005 жылы алғаш рет облыстық байқауда төртінші орыннан көрініп, өз мүмкіндіктерінің мол екендігін байқатқан аршалылық өнерпаздар 2008 жылы бас жүлдені жеңіп алып, жүлдеге автокөлік иеленсе, содан бері үнемі бірінші-екінші орынды ешкімге бермей келеді. Нақтырақ айтсақ,  содан бері басқа бағалы сыйлықтарды айтпағанда, жүлдеге төрт автокөлік алған екен. Енді осыған ауданда төрт халықтық ансамбль бар екендігін қоссақ, мұнда өнерге, жалпы мәдениетке деген көзқарастың қаншалықты жоғары деңгейде екендігін пайымдауға болады.
Ауданда мәдениет саласындағы жас мамандарға деген қамқорлық та мақтауға тұрарлық. Мәселен, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан Қорғанбек Ержан пайызсыз несиеге екі бөлмелі пәтер алса, 2012 жылы мәдениет үйінің қызметкері Ернұр Сәрсекеев те аталмыш бағдарлама аясында тұрғын үйге ие болды. Ал, өткен жылы Астанадағы Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі қобызшы Рабиға Стыбаева жұмысқа қабылданыпты. Міне, бұл жас мамандардың алдағы уақытта ауданда мәдениеттің, өнердің одан әрі өркендеуіне өз үлестерін қосатындықтары сөзсіз.
Бір назар аударарлығы, облыста жүлделі орындарды бермей келе жатқан Аршалы ауданында заман талабына сай мәдениет үйі жоқ. Нақтырақ айтсақ, бұрынғы кинотеатрдың ғимараты пайдаланылуда. Аудандағы хор және вокал, халықтық аспаптар оркестрі, драмалық, вокалды аспаптар ансамблі, хореографиялық, отбасылық ансамбльдер мен фольклорлық ұжымдар дайындықты кезекпен өткізуге мәжбүр. Бұл енді аудан басшылары қолға алуға тиіс мәселе.
Дегенмен, бұл тұрғыда да  атап өтуге тұрарлық жұмыстар бар. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айында ауданда «Жастар орталығы» ашылды. Бұрынғы әмбебап дүкен қайта жөндеуден өткізіліп, жаңадан жабдықталған орталықта түрлі шаралар өткізуге мүмкіндік мол. Сондай-ақ, мұнда кітапхана, спорт клубы орналасқан екен. Орталық меңгерушісі Анна Тілеукенованың айтуынша, жастар орталығы қазірдің өзінде тұрғындардың жиі жиналатын орнына айналған. Әсіресе, мұндағы фитнес клубына жастар көп келеді. Ал, ең бас-тысы, кітапхана да, фитнес клубы да заман талаптарына сай қондырғылармен жабдықталған екен.
Орталықтағы фитнес клубының жаттықтырушысы Наталья Косарева, кітапхана әдіскері Светлана Пурлис, кітапханашы Роза Әлібекова Жастар орталығы жұмысының жандана түсуіне өз үлестерін қосып жүр.
Міне, Аршалы ауданындағы мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстар жағдайы осындай. Әрине, мақтауға тұрарлық мәселелер аз емес. Ол туралы жоғарыда айтып өттік. Алайда, шешімі табыла қоймаған жайлар да жоқ емес. Мәселен, Тазагүл Темірғалиқызы Тналина атап өткендей,  мәдениет ошақтарына, әсіресе, ауылдардағы клубтарға назар аудару қажет. Сайып келгенде, мәдениетті өркендетуге ауыл жастарының қосар үлесі қомақты екендігі белгілі. Ауылдық клубтардағы қызметкерлерге бір мәдениет қызметкерінің жалақысының жартысын төлеу дегенді кім ойлап шығарды екен?.. Бұдан ауыл мәдениетіне ешкім мойын бұрмай отыр деген ой туындайды. Мүмкін бір арнайы қор құру керек шығар. Сондай-ақ, түрлі Үкіметтік емес ұйымдарға беріліп жататын арнайы гранттардан ауыл мәдениетіне бірдеңе бұйыратын болса, іс алға басар еді. Әзірге бұл арман ғана.
Бірақ, осындай кемшін түсіп жатқан жайларға қарамастан, ауданда мәдениет саласы бірқалыпты дамып келеді деуге болады. Соңғы жылдардағы  қол жеткен табыстар соның айғағы.
     Талғат ҚАСЕН
  Аршалы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар