Бірігіп істеген жұмыс берекелі

 

Облыс әкімі Сергей Кулагин өткен аптаның бейсенбі, жұма күндері кезекті жұмыс сапарымен Зеренді, Сандықтау және Бұланды, Ақкөл аудандарында болып, егістік алқаптарын аралап көрді. Аудандардағы әлеуметтік нысандардың жұмыс барысымен танысты.

 

Зеренді. Егіннің бітік шығуы аса маңызды. Облыс басшысы неміс аграрлық орталығы мен жауапкершілігі шектеулі «Колос 2014» серіктестігінің егіс алқаптарын қарап шықты. Неміс аграрлық орталығы жүйелі түрде алқап күндерін ұйымдастырып, ауыл шаруашылығында қолданатын қазіргі заманғы тәсілдерді іс жүзінде көрсетеді. Әрі ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің біліктілігін арттыру және оқытумен айналысады.  Аталған орталықтың басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Александр Тевстың сөзіне жүгінсек, олар бұл мақсатта «КазАгроҚаржы» акционерлік қоғамымен қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Ал, «Колос 2014» серіктестігі  ағымдағы жылы 8430  гектар жерге тұқым сіңірді. Оның ішінде,  бидай 2000 гектар, зығыр 5853 гектарды құрады. Дәнді және бұршақты дақылдарды егу мен жинауға дейінгі аралықтағы арнайы техникамен толық жарақталған серіктестік жұмысына облыс әкімі оң баға берді.
Бұдан кейін Сергей Кулагин  аудандағы «Химик» серіктестігінің өсіп келе жатқан дәнді дақылдардың сапасына және шөп науқанына назар аударды. Биыл серіктестік 1248 гектарға дәнді дақылдар тұқымын септі. Оның 765 гектары бидай. Зеренді ауданында туризм саласы қарқынды дамып келе жатыр. Жыл сайын көптеген демалыс орындары бой көтеріп, туристерге сапалы қызмет көрсетуде.
Соның бірі – «Avrora Garden» демалыс орны ашылғанына бір ай болмаса да, мұнда демалуға келетін жұрттың қарамы көп.Тіпті, мереке және демалыс күндеріне туристер  бөлмеге алдын ала тапсырыс беріп қояды екен. Әрі  келушілердің тегін тамақтануы демалушылар тарапынан үлкен сұраныс тудыруда. Оған қоса, осындағы спорттық алаңдар мен желкенді кемелер бос уақытты  қызықты өткізудің негізгі тетігі. Жекеменшік иесі Дәурен Шораевтың айтуынша, таяу келешекте ағаш үстіндегі екі үйге қоса тағы да сегіз үй салынбақ. Әрі бассейн салуды көздеп отыр.
Одан соң облыс басшысы бір ауысымда 250 адам қабылдайтын емхананың құрылыс жұмыстарына назар аударды. Аталған әлеуметтік нысанның жобалық-сметалық құжаттамасы 2013 жылы да-йындалып, мақұлданған. Ағымдағы жылы  құрылысқа республикалық бюджеттен  қыруар қаржы бөлінген. Бүгінде қаржының 45 пайызы игерілді. Мұнда үшінші қабаттың кірпіші қаланып болып, электр желісі тартылуда. Сергей Кулагин мердігерлік ұжымға құрылыс жұмыстарын тиянақты әрі сапалы орындауды шегелеп тапсырды.
Зеренділіктердің  бір қуанышы пайдалануға берілген 21 пәтерлік тұрғын үй. Баспана тұрғындарға қолжетімді болу үшін арнайы пандустар орнатылып, барлық пәтерге газ тартылды. Осындай қуанышқа кенелген бір бөлмелі пәтердің иесі Роман Норватов Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушісі. Қазір Көкшетау медициналық колледжінде лаборант мамандығы бойынша білім алуда. Жас жігіт алдағы уақытта пәтеріне балалар үйіндегі інілерін де алып келіп, қамқорлығына алмақшы.
Ал, іргесі сонау 1968 жылы қаланған Викторовка орта мектебінде жеңіл-желпі жөндеу жұмыстары ғана жүргізіліп келген.  Сергей Кулагин ғимараттың  сыртқы келбетін сынға алып, әлеуметтік нысанды қалыпқа келтіру қажеттігін қадап айтты. Ол мемлекет пен жеке кәсіпкерлер бірлесе жұмыс істеп, оларды жомарт қамқоршы болуға шақырды. Сол кезде мемлекет те шаруақор жандарға кәсіптерін дөңгелету үшін көмек көрсететінін атап өтті.
Сандықтау.  Ауданда облыс басшысы  жауапкершілігі шектеулі «Сандықтау Агро» серіктестігінде болып, егіннің шығымына назар аударды. Өткен жылы шаруашылық «Джон дир» егіс кешенін сатып алып, көктемгі егіс жұмыстары бірсыдырғы жеңілдетіліпті. Техникаға арнайы тұрақ та салынған.
Содан соң  дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Бұл нысанда футбол, волейбол алаңдарын салу көзделіп отыр.  Құрылысты жауапкершілігі шектеулі «Жалдама-2030» серіктестігі қолға алыпты. Серіктестіктің басшысы Әділби Мұханбетжановтың сөзіне жүгінсек, жобаның жалпы құны 261 миллион теңгені құрайды. Қазіргі уақытқа дейін 38 миллионы игеріліп, ғимараттың іргетасы құйылған.

 

Оған қоса, Қуйбышев көшесінің жолдары жөнделіп, бұл мақсатқа 50 миллион теңге қаржы бөлінген, Көше асфальтпен көмкеріліп, жан-жағын абаттандыру жұмыстары іске асуда.
Селоның қырық бес пайызын жылумен қамтамасыз етіп отырған орталық қазандық көптеген тұрғын үйлер мен әкімшіліктерге жылу жүйесін тартпақшы. Осылайша,  өзінің қуаттылығын арттыруды межелеуде.
– Қыстың қамын қазірден бастап ойлауы-
мыз қажет. Қойманы көмірге толтырып, қысқы суыққа сақадай-сай болу басты міндет. Әрі қазандықтың құрылысына жұмсалған қаржыны толықтай ақтап шығу үшін бірқатар тұрғын үйлерге жылу желісін тарту жұмысын қолға алған жөн,–деді облыс әкімі.
Облыс әкімі Сергей Кулагин жұмыс сапарымен Бұланды және Ақкөл аудандарында болып, бірқатар құрылыс нысандарын аралады, қысқа дайындық мәселесін қарады. Егістік алқаптарындағы астықтың шығысын байқады.
Бұланды ауданында өңір басшысы алдымен,  аудан орталығында  салынып жатқан 420 орындық орта мектептің құрылысымен танысты. Жалпы сметалық құны 1 миллиард 55 миллион теңгеге бағаланған құрылысты «Темір 2001» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатыр. Серіктестік басшысы Қанат Темірбековтың айтуынша, бүгінде нысан 70 пайыз дайын. Басшы жаңа оқу жылында бұландылық балалар жаңа мектептің табалдырығын аттайды деп сендіріп отыр. Осы орайда, 175 адамның құрылысқа жұмылдырылғандығын атап өткен жөн. Өңір басшысы ғимараттың ішіндегі жылу батареяларының тым қысқалығына қатысты сын айтты. Қысқа болған соң аязды күндері  сыныптарды жылытуға толық қауқары жетпеуі мүмкін. Сондықтан, ол жергілікті билік пен мердігерлерге осы мәселеге назар аударуды тапсырды.
Ал, коммуналдық салада Макинск каласының Степгеология кентіндегі ескі жылу қазандықтарының орнына жаңасы орнатылатын болады. Ол қаланың 60 пайызын жылумен қамтуға мүмкіндік береді. Аймақ басшысы өңір тұрғындарынан үйлеріндегі жылудың төмендігіне байланысты шағымның көп түсетіндігін айтып, жаңа қазандықтардың бұл мәселені толығымен шешуге тиістігін еске салды. Жалпы, қысқа дайындыққа аудан орталығына 60 миллион теңге бөлініп отыр. Коммуналдық мекеме басшысы Қайырбек Рамазанов өз сөзінде қаланы толықтай жылумен қамту үшін  тағы бір жылу қазандығын орнату керектігін алға тартты.  
Бұдан кейін облыс әкімі Ақкөл ауданындағы «Хлебороб» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқаптарын аралады. Ал, аудандағы балалар үйінде болған өңір басшысы нысандағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Жөндеуге 715 миллион теңге бюджет қаражаты бөлінген. Сергей Кулагин  балалар үйі тек олардың тұратын жері ғана болуы керектігін, ал, сабақтар қатардағы орта мектептерде жүргізілуі қажеттігін қадап айтты. Ғимарат алдағы жылдың тамыз айына дейін соған лайықталып салынуы тиіс.
 Бүгінде бұл әлеуметтік мекемеде 101 бала тәрбиеленуде. Жөндеуден кейін тағы қосымша орындар пайда болады.
Әкім аудан орталығында 140 орынға шақталып салынып жатқан балабақшаның жобасына көңілінің толмайтындығына, айтылған  барлық сын-ескертпелердің құрылыс барысында назарда ұсталуға тиістігіне тоқталды. Нысан сол олқылықтар орнына келтірілгенде ғана қабылданады. Құрылыстың талапқа сай еместігі өз алдына, мердігер нысанды мерзімінен кешіктіруде. Дәл осы ғимаратты салып жатқан  Марат Айтымбетовке аудандық емхананы да тамыз айынан қалдырмай тапсыруды жүктеді. Қай нысан болмасын, «Бізге жарай береді» деген немқұрайлылықпен емес,
шынайы жанашырлықпен, әрі жоғары эстетикалық талғаммен
жасалуы керек.
«Восточная» жылу қазандығының жай-күйін байқаған өңір басшысына мұндағылар қысқы маусымға толық дайын екендіктерін жеткізді. «Ақкөл – Горкомхоз» коммуналдық мекемесінің  басшысы Мырзабек Бекішев 5 миллион теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін, алдағы уақытта  тағы бір тұрғын үй аумағын орталықтандырылған жылу көзіне қосу жоспарланып отырғандығын айтты.
Бұдан кейін облыс басшысы биыл 1200 гектарға дәнді дақылдар сепкен «Радж»  серіктестігінің егістік алқабында аудандағы шаруашылық саласындағы серіктестік директорларымен кездесіп, мол өнім алу үшін алқаптарда қажетті шаралардың барлығын жүргізуді тапсырды.

 

Ырысгүл АШУОВА,
Перизат БӨЛЕКОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар