Астрахан ауданы әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбековтің қатысуымен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Қаржы және бюджет бойынша комитетінің агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру мәселесі жөніндегі көшпелі отырысы болып өтті.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, «Қазақстан фермерлер одағы» қоғамдық бірлестігі, облыстық кәсіпкерлер палатасы мен қаржы институттарының өкілдері, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері мен құрылымдарының басшылары қатысқан жиналыста Қазақстан Республикасы Мәжілісі Қаржы және бюджет бойынша комитетінің хатшысы Татьяна Яковлева атқарған жұмыстары жөнінде айтып, өзі бастап келген делегация мүшелерімен таныс-тырды. Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары Дәурен Әділбеков облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің дамуы жөнінде баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, өткен жылы өңірдің ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдау көлемі 14 миллиард теңгені, биылғы жылы 16 миллиард теңгені құраған. Қаржы егіншілік, мал шаруашылықтары мен өңдеуші кәсіпорындарға бөлінді. Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемі 238,8 миллиард теңге болса, биылғы жылдың бес айында 29,2 миллиард теңгені құрапты.
Субсидия мен несие барлық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілеріне бөлінеді. Жыл сайын екі мыңға жуық шаруа қожалығы, фермер мен бес жүзге жуық ауыл шаруашылығы кәсіпорны субсидия алады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа технологиялар енгізіліп, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі артуда. 2014 жылы экономикалық ынталандыру мақсатында мал азығы мен майлы дақылдарға субсидия мөлшері көбейді. Нәтижесінде мал азығы мен майлы дақылдар егу алқаптары ұлғайтылды. Мал шаруашылығын дамытуға да мемлекет субсидиялау арқылы қолдау көрсетуде. Былтыр ет, сүт және жұмыртқа өндіретін 64 ауыл шаруашылығы құрылымы мемлекеттік қолдауға ие болды. Бұл салада құс пен мал басы көбейіп, өнім өндірісі артып келеді. Облыс астана рыногына ауыл шаруашылығы өнімдерін негізгі жеткізуші болып табылады. Жыл басынан бері 24,5 мың тонна сүт өнімдері, 5,6 мың тонна ет өнімдері, 79,5 миллион дана жұмыртқа жеткізілді. «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, әр жыл сайын бұл саланы қаржылай қолдау көлемі артады.
Астрахан ауданындағы жауапкершілігі шектеулі «Камышенка» серіктестігінің бас директоры Бисембай Ілгібаев сөз сөйлеп, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қаржылай қолдаудың мәселелеріне тоқталды. Оның айтуынша, лизингке техника алу, тұқым сатып алу сияқты қаржыға тірелетін жұмыстар барысында көптеген құжат жинау мәселесі туындайды. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша тек қана ірі шаруашылықтар дотация алатын көрінеді. Субсидия бөлу мәселесін де қайтадан қарау қажеттігі жөнінде ұсыныс айтты. Бұл ұсынысты Астрахан ауданындағы жауапкершілігі шектеулі «Шілікті», «Пельцер» серіктестіктерінің басшылары да қолдады. Парламент Мәжілісінің депутаты Тұрсынбек Өмірзақов агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру тәртібі жөнінде жіліктеп айтып берді. Отырыста көтерілген келелі мәселелер хаттамаға жазылып, тиісті министрліктерге жеткізілетін болды.
Рамазан ТІЛЕУОВ