Мол егіннен үміттіміз

«Ақмола Медиа Орталығында» облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы  Мұрат Балпан  көктемгі егіс жұмыстарының қорытындысы бойынша баспасөз мәслихатын өткізді.

Ағымдағы жылы көктемгі егіс жұмыстарына ауа райының құбылмалығы қатты әсер етті. Мамыр айының өзінде жауын-шашынның мөлшері әдеттегіден көп болды. Облыс диқандары орын алған жайсыздыққа қарамастан, бар күш-жігерлерін жұмылдырып, науқанды абыроймен аяқтады. Жалпы алғанда облыс бойынша 4,2 миллион гектар жерге дәнді және бұршақты дақылдар себілді. Оның ішінде 240,9 мың гектар алқапқа майлы дақылдар егіліпті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен төмен. Себебі, майлы дақылдардың түсімі көзделген межеден аспайды. Ауыл шаруашылығы құрылымдары алдында алқап көлемін ұлғайтпай, астықты молынан алу міндеті тұр. Осы себепті,  майлы
дақылдар құнарлы жерлерге сіңірілді.
Ал,  мал азығы дақылдары 178,1 мың гектар, біржылдық шөп 129,1 мың гектар, көпжылдық шөп 40 мың гектар жерге егілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім алу үшін сапалы тұқымның алар орны ерекше. Өткен жылы топырақтың ылғалдылығы көп болып, өнім кеш піскен еді. Бұл тұқымның өңгіштігіне кері әсерін тигізді. Биыл облыста бірінші және екінші кластық тұқымдар 80,5 пайызды құрады. Оған қоса, сапасы жоғары  таңдаулы тұқымдар да бар. Соның есебінен бірқатар шаруашылықтарда тұқым тапшылығы орын алған жоқ. Бір бөлігі шекаралас облыстарға да жөнелтілді.
Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы құрылымдарына үлкен қолдау көрсетілді. Науқанға қажетті  жанармаймен қамтамасыз етілді. Жанармай көлемі 65 мың тоннаны құрады. Келісімшарттарды жасау, құнын төлеу және жеткізу үшін арнайы орталықтар жұмыс істеді. Мұрат Балпанның айтуынша, ауыл шаруашылығы басқармасы белгіленген операторларға жанармайды үлестіріп беріп,  әр айға бөлген. Айта кетерлігі, бір литр жанармайдың құны нарықтық бағадан бірсыдырғы арзан.
Ауыл шаруашылығы техникалары да жыл сайын жаңарып отырады. Жыл басынан бері 47 трактор, 13 егіс кешені мен 5 астық жинайтын комбайн сатылып алынды. Өткен төрт жыл ішінде машина-трактор паркі 9,3 пайызға толықтырылса, Ақкөл, Жақсы, Зеренді, Астрахан және Целиноград аудандарында бұл орайда көрсеткіш төмен.  «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға жеңілдік қарастырылған. Сондықтан, басқарма қызметкерлері машина-трактор паркін жаңа техникамен толықтыру қажеттігін түсіндіру мақсатында бірқатар шараларды іске асырып келеді. Облыс бойынша көктемгі егіс жұмыстарында 15  мың трактор, 17 мың сеялка және 1026 егіс кешені жұмылдырылған.
Ауыл шаруашылығындағы тағы бір маңызды мәселенің қатарына  минералды тыңайтқыштар жатады.  Ағымдағы жылы 23 мың тонна тыңайтқыш сатылып алынды. Мұны қаржыландыру мақсатында мемлекеттік бюджеттен 2 миллиард теңге қарастырылды. Оған қоса,  Мұрат Балпанның сөзіне жүгінсек, қазіргі ауа райы мол астық алуға кедергі келтірмейді екен. Әрі топырақта ылғалдың көп болуына байланысты егіннің сапасы да арта түспек.
Бүгінгі таңда  алқапты өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, шөп дайындау мәселесіне келер болсақ, бір жарым жылдық қорды дайындап алуға толық мүмкіндік бар. Мал азығын дайындау жұмысы  жақсы жолға қойылып,  ауыл шаруашылығы құрылымдары қыстың қамын жасауда.

 

Ырысгүл АШУОВА

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар