Халықтың еркін білдіру – әр депутаттың мерейлі міндеті

 Еліміздің Ата Заңында: «Жергілікті өкілді органдар- мәслихаттар тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністегі халықтың еркін білдіреді және жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыруға қажетті шараларды белгілейді, олардың жүзеге асырылуын бақылайды» делінеді.

  Халықтың еркін білдіру – әр депутатқа мерейлі міндет жүктеп, өзінің құзыры арқылы билікке араласуға мүмкіндік береді. Мәслихаттар жүйесінің алғаш құрылған күнінен бастап,  әкімшілік-аумақтық бірлікті басқаруда жергілікті басқару тетігінің құзыретін кеңейтуге атсалысып келеді. Бұл талаптар еліміздің жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнамасында көрініс тауып, әр азаматтың биліктің қайнар көзі бола алатындығы баса айтылады. Сондықтан, аталған заңнаманы қолдану тәжірибесі жергілікті өкілетті органдардың жұмысындағы жағымды жақтарын көрсетумен қатар, жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары қызметінің кемшін тұстарын да анықтап берді.
Мәслихат депутаттары жұмысының тиімділігін жоғарылату үшін жоғарыдағы заңнамаға бірнеше рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілгенін де білеміз. Онда жергілікті өкілетті органдардың құзыретін кеңейтуге барынша назар аударылды. Бұған анағұрлым дәрежеде жергілікті органдармен мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру үшін жедел шешімдер қабылдау арқылы еліміздің экономикалық даму қарқынының өсе түскені ықпал етті. Осы орайда, жергілікті өкілетті және атқарушы органдар арасында өте қысқа мерзім ішінде жергілікті  мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін өзара жедел қарым-қатынас пайда болғанын айта кеткен жөн.
Бүгінгі таңда біздің аудандық мәслихатта 13 депутат бар. Олардың дені  халық арасында беделді тұлғалар. Атап айтсам, кәсіпкерлер, аграрлық сектор, білім беру, медицина салаларының қызметкерлері халықтың өкілі болып өз үлестерін қосып жүр. Әсіресе,  жұртты толғандырған барлық мәселелерде өздерінің белсенді азаматтық ұстанымдарын көрсетеді. Өз сайлаушыларымен  кездесіп, оларға әртүрлі құқықтық көмектер көрсетіп, жергілікті атқарушы органдармен аталған мәселелерді шешуге ықпалдасады.
Мұндай қабылдаулар тек жұмыс орындарында ғана емес, сонымен қатар, бекітілген кесте бойынша «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының қоғамдық қабылдауында  да жүргізіледі. Қандай өтініш болсын, жерде қалмай, тіркеуге алынып, жауаптар беріледі. Сонымен бірге, ондай жандарға түрлі сипаттағы ақыл-кеңестер беріліп, құзыретті органдармен мәселені шешу тәртібі түсіндіріледі.
Біздің депутаттарымыз әкімдіктің  тұрғын үй, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген әлеуметтік сала мамандарына  материалдық көмек көрсету жөніндегі комиссиялар, үкіметтік емес ұйымдар, дін істері, жастар саясаты, отбасы-демографиялық саясаты жөніндегі кеңестер жұмыстарына да қатысады. Ең бастысы, халық қалаулылары ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, түрлі іс-шараларға үлестерін қосады.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа арнаған Жолдау-ларын жан-жақты түсіндіру  жұмыстарына да барынша атсалысып, арнайы үгіт-насихат топтарына кіріп,  белсенді жұмыс істейтінін де атап өтуге болады. Себебі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты қолдау тауып, әлемдік деңгейде де көптің көңілінен шығып отыр. Қазіргідей жаһандық қаржы дағдарысынан қиындықсыз шығудың қамын жасап жатқан Елбасымыздың қажыр-қайраты өз халқын өркениет биігіне көтеруге ұмтылған талпынысын көрсетсе керек.
 Мәслихат жұмысының негізгі нысаны – сессиялар болып табылады. Өткен жылы осындай он бес сессия өтті. Онда қарастырылған мәселелердің жиынтығы да әр алуан болды. Жергілікті бюджет, оны қабылдау және өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелеріне көбірек назар аударылды.
Біздегі тұрақты комиссиялар экономика және бюджет, әлеуметтік саясат, заң, құқықтық тәртіп және депутаттық этика мәселелері бойынша жұмыс істейді. Әр комиссия құрамында төрағаны есепке алғанда, алты депутаттан бар.
Ал, енді олардың жұмысына тоқталсақ, биылғы жылдың басында депутаттардың біріне қала тұрғынынан Ақкөл қаласында қаңғыбас иттерді аулау бойынша жұмыс ойдағыдай орындалмайтындығы туралы электронды шағым келіп түсті. Үш жұмыс күні ішінде жедел түрде әлеуметтік саясат, заң, құқықтық тәртіп және депутаттық этика мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өткізілді. Оған Ақкөл қаласы әкімдігінің өкілі, «Ақкөл Ветсервис» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекеме басшысы шақырылып, депутаттар алдында олардың аталған сауалға сәйкес хабарламалары тыңдалды.  Сөйтіп, бұл бағытта жұмысты  әлсіретіп алғаны сынға алынды.
Комиссия  бұл мәселені талқылай келіп,  жауапты тұлғаларға ескертулер  жасап, сәйкесінше қаулы қабылдады. Сөйтіп, өтініш білдірген қала тұрғынынан жағдайға жедел түрде шара қолданғаны үшін алғыс білдірген хат келіп түсті.
Тағы бір айта кететін жағдай, аталмыш комиссия ауылдық округтерге өзінің көшпелі отырыстарын өткізуді дәстүрге енгізді. Мұндай отырыстарды өткізудің мақсаты – жергілікті жердегі жағдаймен танысып, оған тиісінше шара қолдану болып табылады. Сайлаушылардың комиссия жұмысына араласып қатысуы, оның қызметінің тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Мысалы, мәслихат комиссиясы Новорыбинка селолық округінің әлеуметтік-мәдени нысандарымен, атап айтқанда, мәдениет үйінің, мектептің жағдайына жан-жақты қанықты.Тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың мұң-мұқтажына да құлақ түрді. Кездесу барысында селолық округ әкімі өзінің атқарып жатқан жұмысы туралы хабардар етті.
Осындай шара Қарасай ауылдық округінде де өткізілді. Онда округтің көкейтесті мәселелері қарастырылып, сайлаушылармен, округ басшылығымен пікір алмасылды. Барлық ескертулер мен ұсыныстар назарға алынып, оларға тиісінше шаралар жасалды.
Халық қалаулылары  «Үш бұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құс фабрикасында да болды. Аталған нысан, жалпы алғанда, аудан және Ақкөл қаласы тұрғындары үшін әлеуметтік-экономикалық маңызы зор кәсіпорын болып табылады. Депутаттар құс фабрикасының өндірістік және әкімшілік ғимараттарымен танысып,  өндіріс қуатын  арттыру жөнінде ұсыныстар айтты.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесі де ұдайы назарда ұсталады. Жұмыссыздықты азайтуға ықпал ететін бұл бағдарламаның өміршеңдігіне көңіл бөліп, бұл бағытта мақсатты жұмыстар істеу тетіктерін қарастырды.
Өткен жылы мәслихат депутаттары «20 қайырымды іс» жобасының аясында әлеуметтік аз қорғалатындар санатына жататын  азаматтарға, зейнеткерлерге азық-түлік, отын сатып алу, телефон орнату сияқты көмектер көрсетті. Ал, жыл сайын «Мектепке жол» акциясына белсене араласып, мұндай игі істен сырт қалмайды.  Осы жолы қаншама балалар қамқорлыққа кенелді.
Бюджет қаражатын тиімді пайдаланып, оны мақсатты істерге ұқсата білу аса маңызды екенін назарда ұстаймыз. Әсіресе, ақша үнемдеу негізінде бюджетті нақтылау өз кезегінде Елбасы қойып отырған міндеттерді жүзеге асыруға септігін тигізеді. Аудандық мәслихаттың депутаттары аймақ бюджетінің жобасын мұқият қарап, тиісті шешім қабылдауға өз үлестерін қосатын болады.
Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлттық жоспары жөніндегі реформалық бағдарламасына да біз назар аударатын боламыз. Әсіресе, мемлекеттік билік әлеуетін жақсарту жөніндегі міндеттері маңызды болып табылады. Біз өркениетті, дамыған елге айналуы үшін осындай келелі реформаны жүзеге асыру керек. Елбасының қойып отырған талабы да осыған саяды.
Жұлдызай САЛЫБЕКОВА,
Ақкөл аудандық мәслихатының хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар