Ауданда іске қосылған, құрылыс материалдарының 30-ға жуық түрін шығаратын бұл шағын зауыт өніміне сұраныс мол.
Жаңадан ашылған «Рифей Удар» деп аталатын кәсіпорын басшысы Александр Маликовтың айтуынша, мұндағы өнімге құрылыс компаниялары тарапынан қазірдің өзінде тапсырыс түсе бастаған.
–Мен біздің өнімге сұраныс бұлай артады деп ойлаған жоқпын. Он мың блокты «ОралҚұрылысИнвест» серіктестігі сатып алды. Бұл компания ауданымызда жаңадан салынып жатқан емхана құрылысы мен 5 қабатты үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Осындай ірі компанияның біздің өнімге деген сұранысының жоғары болуы біз үшін үлкен қуаныш. Алдағы уақытта кәсіпорынды толықтай қуатына шығармақпыз. Қазірге дейін құрылыс материалдарының блок, шақпа тас, бедер тас сияқты 28 түрін шығарамыз. Өнім мемлекеттік стандарт талаптарына сай келеді.
Ал, жұмыс процесінің автоматтандырылуы 8 сағаттың ішінде 4 мың жартыблок, 2220 құрылыс тасы және 280 шаршы метр бедер тас өндіруге мүмкіндік беріп отыр,– дейді кәсіпорын басшысы.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
Жарқайың ауданы.